Мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарының кірісін арттыру мәселесін көтерді
Мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарының кірісін арттыру мәселесін көтерді
Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров, Елнұр Бейсенбаев және Юрий Жулин ауыл тұрғындарының кәсібін қаржыландыру бойынша Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына сауал жолдады.
«Халықтың кедейлігі ұлттық қауіпсіздікке тікелей кері әсер ететін басты проблема! Аса өзекті мәселе - ауылдағы кедейлік. «Nur Otan» партиясы «әлеуметтік мұқтаж адамдар мәселесін экономикалық тұрғыда шешу маңызды» деп есептейді. Бұл мәселені шешудің оңтайлы әдісі әл-ауқаты төмен азаматтарды микрокредитпен қамтамасыз ете отырып, адамдардың бизнес-сауатын арттыру. Президент Касым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Үкіметке берген тапсырмасында микрокредит проблемасына баса назар аударды. Енді мәселені Үкімет қалай шешеді деген сұрақ туады», - делінген депуттаттық сауалда.
Халық қалаулыларының айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының несиелендіру бағыты бойынша 2020 жылы ауыл тұрғындарына 43,3 млрд теңгеге 11 294 несие берілді. Осы бағдарлама аясындағы биылдың бюджеті 20 млрд теңгені ғана құрап отыр. Яғни, биыл шағын несие алушылардың саны 5200-ге азаяды.
«Пандемия кезінде, Ұлттық экономика және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің кері позициясы бізге түсініксіз», - дейді депутаттар.
Олардың пайымынша, микрокредиттеудегі басты проблема - кепілзат мәселесі. Бұл проблеманы несиеге кепілдік беру механизмін енгізу арқылы нақты шешетін уақыт жетті.
«Биыл Атамекен және жергілікті әкімдіктердің қатысуымен шағын несие ұйымдарын ашу жоспарланып отыр. Ниет дұрыс, бірақ өзінің тиімділігін көрсете білген, оңтайлы жұмыс істеп тұрған, 10 жыл шағын несие беру тәжірибесі бар ауыл шарушалығын қаржылай қолдау қоры не себепті жабылмақ? Мемлекет, қарапайым халық мүддесі тұрғысынан қорды сақтау қажет! Өйткені, өздері қиналып отырған ауылдағы ұсақ шаруалар мен зәру адамдар қаржы көзінен мүлдемге қағылу қаупі басым. Ауылда микро-бизнесті дамытудың басты аспектісі тұтыну және қызмет көрсету кооперативтерін құру. Халықаралық тәжірибеде бұл кооперативтер өнімді өңдеу, өткізуге көмектесу, ветеринария, мал азығын дайындау, озық білім таратумен айналысады. Осындай кооперативтерді, әсіресе, шалғай елді мекендерде құру өте өзекті.
Бұл жөнінде де Президент Тоқаев «бірнеше аймақтарда «егістіктен сөреге дейін» кооперациялық тізбек» жасау жөнінде нақты тапсырма берген. Осы бастама бойынша 2 млн ауыл тұрғынының кірісін өсіру қарастырылған. Бүгінде бұл тапсырма формальды орындалды, қаржы көзі зәру адамдарға жетпеді деген пікір бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бастама бойынша қанша зәру адамға нақты көмек көрсетілді деген есеп бергені абзал», - дейді халық қалаулылары.