Алматылық кәсіпкерлер балаларға арналған ойын орталықтарының ашылуын талап етті

Алматылық кәсіпкерлер балаларға арналған ойын орталықтарының ашылуын талап етті

Алматылық кәсіпкерлер балаларға арналған ойын орталықтарының ашылуын талап етті
ашық дереккөзі
Алматыда балаларға арналған ойын-сауық орталықтарының иелері қызметіне рұқсат беруді талап етті. Коронавирус кесірінен былтыр наурызда олардың қызметіне тыйым салынған. Салдарынан бизнесмендер осы кәсіпті ашу үшін алған миллиондаған несиесін төлей алмай тығырыққа тірелген, деп хабарлайды "КТК" арнасы. Сауда ойын-сауық орталығында орналасқан балалар алаңқайларының жұмысы тоқтап қалғанына бір жылдай уақыт болды. Ойын аппараттарын шаң басып тұр. Себебі олардың қызметіне былтыр 13 наурызда тыйым салынған. Бұл кәсіпті ашуға бизнесмендер миллиондап несие алған. Енді соны қалай төлерін білмей дал. "Біз ай сайын банкке миллион теңге несие төлеуіміз керек. Қарызға кіріп жатырмыз. Оның үстіне айыппұл, пеня дегендер жүріп жатыр. Жалға беруші мекеме жалға беруді тоқтатты. Бірақ коммуналдық төлем мен пайдалану шығыны жүріп жатыр. Оларға қазір, ай сайын жұмыс істемей отырып, 300 мың теңге төлеп жатырмыз", - дейді ойын-сауық орталығының директоры Дәурен Бегалы. Карантинге дейін ойын-сауық орталығында 50 қызметкерден жұмыс істеген. Кәсіпкерлер олардың бәрін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болған. Жұмысшылардың бірі балалар орталығының ашылуын әлі күтіп жүрсе, енді бірі басқа жұмыс тауып алған. "Өзіміз былтыр қаңтарда ашылып едік. Бар-жоғы үш ай жұмыс істеп, карантинге байланысты жабылып қалдық. Қазір тек ас үйіміз жеткізу қызметімен жұмыс істеуде. Сол үшін нысанды жалға алу ақысының жартысын төлеп отырмыз. Қаржылық жағдайымыз қиындап кетті", - дейді ойын-сауық орталығының директоры Бақтияр Жушнов. Ойын-сауық орталығының тағы бір өкілі барлық санитарлық талапты қатаң сақтауға дайын екендерін тек жұмыс істеугер рұқсат берсе болғаны дейді. "Автобустар жүреді, сауна мен фитнес орталықтар жұмыс істейді. Ал балаларға арналған ойын-сауық орталықтарының қызметіне тыйым салынған. Біз де санитарлық талапты қатаң сақтауға дайынбыз. Керек болса, ойын аппараттарын сағат сайын залалсыздандырамыз. Тек ашылуымызға рұқсат берсе екен", - дейді ойын-сауық орталығының өкілі Елена Линд. Шығынға батқан кәсіпкерлер санитарлық дәрігерлерге де, кәсіпкерлер палатасына да талай жүгінгенін айтуда. Алайда одан еш нәтиже шықпапты. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіндегілер балаларға арналған орталықтардың әзір ашылмайтынын кесіп айтты. Себебі – өте қауіпті. "Балалар мен жасөспірімдер – вирус тасымалдаушылар. Бұл отбасының өзге мүшелері мен айналадағы адамдарға қауіп төндіруі мүмкін. Ойын-сауық орталықтарында балалардың әлеуметтік арақашықтықты және бетперде режимін қаншалықты сақтайтынын қадағалау өте қиын. Өйткені бұл талаптар 5 жасқа дейінгі балаларға міндетті емес. Сондықтан қазір сауда-ойын орталықтарының ішіндегі балалар ойнайтын орталықтарды ашу мәселесі қарастырылмайды", - дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтана. Дегенмен кәсіпкерлер "жақын арада жұмысқа қайта кіріспесек, жабылуға тура келеді, жанайқайымызға жауаптылар құлақ асса екен" деген тілегін жеткізді.