Баспаналы болуға 151,8 млрд теңге бөлінген

Баспаналы болуға 151,8 млрд теңге бөлінген

Баспаналы болуға 151,8 млрд теңге бөлінген
ашық дереккөзі
Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Қазақстан Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағаты барысында ағымдағы экономикалық жағдай туралы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың іске асырылуы туралы баяндады. Министрліктің деректері бойынша, тұрғын үйдің барлық түрлерін, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында жаппай құрылыс салу аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу көзделген. «Бұл мақсаттарға 2015-2016 жылдары 151,8 млрд. теңге бөлінді. 2016-2017 жылдары біз Жеке тұрғын үй құрылысына арналған 100,9 мың учаскені қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеміз. Инфрақұрылым бүгінгі күні берілген 57,4 мың жер учаскесіне және жаңа 43,5 мың учаскеге жүргізілетін болады. 2017 жылы қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 84 млрд. теңге жұмсау жоспарлануда» деп мәлімдеді Бишімбаев. Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған, Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың іске асырылуы туралы баяндама жасай отырып, министр әлеуметтік-экономикалық саясаттың басты міндеттерінің бірі халықты өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және өзін өзі жұмыспен қамту проблемасын шешу болып табылатынын атап көрсетті. «Біздің міндетіміз – өзін өзі жұмыспен қамтығандарды өнімді жұмыспен қамтуға көптеп тарту және олардың табысын ұлғайту» - деді министр. 2017 жылдан бастап «Жалпыға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске қосылатын болады. Одан басқа, микрокредиттеуді дамыту жолымен жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру көзделген. Министр «Қалаларда біз банк секторы инфрақұрылымын тартуды, ауылдық жерлерде – микрокредиттеу жөніндегі бірыңғай оператор құруды жоспарлап отырмыз» - деп атап өтті. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында инфляция деңгейін төмендету және баға тұрақтылығын одан әрі қамтамасыз ету болжанып отыр. Орта мерзімді перспективада Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты инфляцияны 3–4%-ға дейін төмендетуге бағытталады. Сондай-ақ мемлекеттік борыштың өсуіне жол бермеу шаралары да қабылданатын болады. «2017–2019 жылдары мемлекеттік борышты қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін республикалық бюджет тапшылығын 2019 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 1,0 %-ға дейін кейіннен төмендете отырып, 2017 жылы ЖІӨ-ге қатысты 1,2 %-ға азайту жоспарланып отыр» - деп атап айтты Бишімьаев. Ол мұнай бағасының төмен деңгейде сақталуы жағдайында келешек ұрпақ үшін Ұлттық қордың сақталуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап көрсетті. «Ұлттық қордан қосымша қаражат тартылмайтын болады. Біз экономиканың жеке инвестициялар мен кәсіпкерлікті дамытуға негізделген ішкі мүмкіндіктерін пайдаланамыз» - деді Бишімбаев. Ол «Нұрлы жол», Индустрияландыру бағдарламаларын, Агроөнеркәсіптік кешенді, жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Мемлекет басшысы атаған жаңа бағыттарды, банктік сектордың инвестициялық белсенділігін қалпына келтіруді, жеке инвестициялар тартуды, салық жүйесін реформалауды тиімді іске асыру жыл сайын орта мерзімді перспективада экономиканың 3,5-4% деңгейінде өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» – деп мәлімдеді.