Жаңалықтар

Президент Бас прокуратураның басшылық құрамымен кеңес өткізді

ашық дереккөзі

Президент Бас прокуратураның басшылық құрамымен кеңес өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураның, облыстардағы және республикалық маңызы бар қалалардағы прокуратуралар басшыларының қатысуымен бейне байланыс режимінде кеңес өткізді, – деп хабарлады Ақорда. Жиын алдында Мемлекет басшысына «Электронды қылмыстық іс», «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай реестрі», «Субъектілер мен объектілерді тексерудің бірыңғай реестрі», «Электронды арыз-шағымдар» және «Аналитикалық орталық» сияқты цифрлық жобалар ұсынылды. Президентке прокурорлардың сотқа дейінгі тергеу амалдары бойынша кейбір органдардың шешімдерімен онлайн-режимде келісу үдерісі таныстырылды. Аталған зияткерлік шешімдер Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында қабылданды. – Дұрыс бағыттағы ауқымды жұмыс атқарылғанын ерекше қуанышпен айтқым келеді. Бұл жұмыстарды кеңейтіп, жалғастыра беру керек. Өйткені цифрландырудың баламасы жоқ, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесте сөйлеген сөзінде прокуратураның заң үстемдігін қамтамасыз етуде және қылмыспен күресте айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бақылаушы орган өкілдерінің алдына бірқатар міндет қойды. Президент азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын мүлтіксіз қорғауды бірінші міндет ретінде атады. Өткен 10 жыл ішінде мемлекеттің бизнесті қолдау жөнінде жүргізген жұмыстарының арқасында кәсіпкерлерді тексеру 3 есеге азайды. Мемлекет басшысының айтуынша, енгізген мораторий өз тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде шағын бизнестің субъектілерін тексеру былтырдың өзінде 5 есеге қысқарды. Бірақ заңсыз тексерулер әлі де жалғасуда. – Соңғы 3 ай ішінде бизнесті қолдау жөніндегі мобильді топқа осындай деректер бойынша кәсіпкерлерден 500-ден аса шағым түскен. Бақылаушы органдардың болмашы себептің соңын нағыз репрессияға айналдырып жіберетін жағдайлары жиі кездеседі. Құжаттар тартып алынады. Ал оны кәсіпкерлер айлап қайтарып ала алмай жүреді. Жұмыс істеудің орнына бүкіл қызметкер тергеуде болады. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Прокурорлар кәсіпкерлер мен барлық құқық қорғау органдарының арасындағы қатынастарда заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге міндетті, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің бизнеске заңсыз араласып, оның жұмысына кедергі келтіруі ауыр қылмыс ретінде қарастырылуға тиіс екенін тағы бір мәрте елдің есіне салды. Президент мұны құр даңғаза сөз емес, нақты іске шақыру деп санайды. Прокуратура органдары осыны есте ұстауы керек. Оның үстіне бұл мәселе заңнамалық тұрғыдан рәсімделеді. Бұл экономикалық өсімнің қарқыны төмендеген кезде өте өзекті мәселеге айналып отыр. Президент үшінші міндет ретінде құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіруді атап өтті. Бұл ретте құқық қорғау жүйесі аясында ғана емес, сонымен қатар, басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың барлық әлеуетін тиімді пайдалану қажет екеніне назар аударды. – Мысал ретінде, көптеген азаматтарымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болуда. Тек бір ғана қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам жәбірленуші бар. Мұндай қылмыстық істерді жүзеге асыру үшін алаяқтар бірыңғай транзакцияларды бірнеше рет өткізіп барып, жоқ болады. Күмән тудыратын осындай белсенділікті уақытылы анықтаған жағдайда көптеген адамдарды шалыс басудан сақтап, алаяқтарды жазалауға болар еді. Қайта құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі де бұл істен қалыс қалмауы керек. Бұл жерде қаржы мониторингінің ақпараттық ресурстарын пайдалануға болады. Сондықтан осы саладағы қылмыстың алдын алу үшін олармен толыққанды ынтымақтастық орнатқан жөн. Жалпы, прокуратура мұндай мәселелерде барынша белсенді, бастамашы болуы тиіс, – деді Президент. Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдарының іс-қимылдар үйлестіруді жолға қоюды тапсырды. – Өкілеттіліктерді бір-бірінен алу, әркімнің көрпені өзіне тартуы – үлкен қателік. Ешкімнің өз құзыретінен айрылғысы келмейтіні түсінікті. Бірақ мәселенің төркінінде жеке амбициялар мен мекеменің мүдделері емес, барша қоғам мен мемлекеттің мүддесі тұруы тиіс. Осыған байланысты Үйлестіру кеңесінің қызметін қайта жасақтау қажет. Оның міндеті ішкі істер органдарындағы, қаржы мониторингі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегі реформаларды үйлестіру, барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін жақсартудың жаңа тәсілдерін іздестіру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.