Үш адам көз жұмды: Гвинеяда Эбола эпидемиясы басталды

Гвинеяның оңтүстік-шығысындағы Нзерекоре префектурасы мен Гуеке ауданында Эбола эпидемиясы басталды.

ҚазАқпараттың Euronews агенттігіне сілтеме жасап жазуынша, Гвинеяның Денсаулық сақтау министрлігі безгектің таралуымен күресу үшін бірқатар іс-шара қабылдады. Онда сырқаттарды анықтап, олармен байланыста болғандардың барлығын оқшаулау керегі айтылды.

Санитария қауіпсіздігі агенттігінің басшысы Сакоба Кейттің айтуынша, Эбола вирусын жұқтырған жеті оқиға тіркелді. Олар – 4 ер адам мен 3 әйел. Үш адам қайтыс болды, үшеуі оқшауланды: бір науқас Канакриде, екеуі Нзерекореде жатыр.

Гвинеяның санитария өкілдері Эбола безгегі алғаш Гуеке қаласында медбикеден анықталғанын мәлімдеді, ол 28 қаңтар күні қайтыс болды. Әйел бірінші ақпанда жерленді.

«Қоштасу рәсімінен кейін бірнеше күн өткен соң бірнеше адамда сырқаттың белгілері байқалған, яғни, іш өту, құсу, қан кету және ыстығы көтерілу. Вирустың бар-жоғын анықтауға тапсырылған тест нәтижесі алғаш 12 ақпанда расталды», – деді Сакоба Кейт.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Гвинеяға көмек көрсету үшін бар күш жұмылдыратынын мәлімдеді.

2014-2016 жылдары Гвинея Батыс Африкадағы Эбола вирусының таралу ошағына айналды. Сол кезде бұл өңірде індетке 28 мың адам шалдығып, 11 мың адам қайтыс болған еді.

Back to top button