Жаңалықтар

Президент сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

ашық дереккөзі

Президент сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін атап өтті, – деп хабарлады Ақорда. Мұндай шаралар, ең алдымен, қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін жасалып отыр. Сонымен қатар соттар мен сот рәсімдері қазіргі заман талабына сай болуға және азаматтарымыздың, бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауға тиіс. Президент мемлекеттің індетке қарамастан, сот жүйесін жаңғыртуды жалғастыра беретінін атап өтті. Енді осы жаңа нормалардың нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, сот қызметіндегі бюрократияны түбегейлі жою қажет. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды. Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды. – Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ, аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті. Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент соттың құзыреттілігін аумақпен шектемеу қағидатын енгізуге қатысты Жоғарғы соттың ұсынысы туралы ойымен бөлісті. Бұл жердегі ойдың мәні мынада, егер қаралып жатқан іс көп болса, онда соттың аумақтық орналасуына қарамастан оны арнайы IT бағдарлама арқылы жүргізуге болады. Яғни, талапкер мен жауапкер бір аймақта, ал соттың басқа аумақта болуына мүмкіндік бар. Бірақ бұл үшін тараптардың келісімі болуы керек. – Бұл ұсыныс сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді құралға айналып, бүкіл еліміздегі соттардың жүктемесін біркелкі бөлуге ықпал ететіні анық. Идея аяқ астынан пайда болған жоқ. Пандемия кезінде соттардың істерді қашықтан қарауы белгілі бір дәрежеде оның артықшылығын көрсетті. Бұл сот ісін қарау барысында уақыт пен ресурстарды айтарлықтай үнемдеу деген сөз. Жалпы соттарды аумақпен шектемеу туралы ұсыныс өте өзекті мәселе. Бірақ оны жан-жақты зерттеу қажет. Барлық мәліметті есептеп, ықтимал қатерді ескеру керек, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соттар заманауи технологиялардың барлық жетістіктерін пайдалануға міндетті. Бұл орайда консервативті тәсілдерге орын жоқ. Мемлекет басшысы жасанды интеллект элементтерінен тұратын сот жүйесінің жаңа ақпараттық қызметін егжей-тегжейлі зерттеп барып әзірлеуді тапсырды. Оған енгізілетін көптеген сот актілері негізінде ол істің ықтимал нәтижесін болжай алады. Бірақ дұрыс қабылданбаған шешімдердің кесірінен қателік туындау қаупі де бар. – Шын мәнінде, сот жүйесі тиімді болса, қоғамда заң үстемдігі берік орнығады. Реформалар да табысты жүзеге асырылады. Түптеп келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Сондықтан сот жүйесін жаңғырту ісі жалғасын табады. Алдағы кезеңде реформаға қатысты маңызды міндеттерді шешуіміз керек. Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағымды өзгерістер күтіп отыр. Осы сенімді ақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар кеңесте Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов сөз сөйледі. Жиын алдында Президентке Жоғарғы соттың өз жұмысында пайдалана бастаған ақпараттық жүйелері мен көрсететін жаңа қызметтері таныстырылды.