Жаңалықтар

Жол картасы: Ақтөбе тұрғындарын алаңдатқан мәселелер түгел қамтылды

ашық дереккөзі

Жол картасы: Ақтөбе тұрғындарын алаңдатқан мәселелер түгел қамтылды

Ақтөбеде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасы талқыланды.

Облыстық, қалалық және 12 аудандық Жол картасы жобасына 96 іс-шара енгізіліп, 70 нысаналы индикатор белгіленген. Әрбір жылға нақты көрсеткіштері бар тиісті жол картасын нұротандық депутаттар облыстық мәслихаттағы фракция отырысында талқылап, пысықтады.

Фракция отырысын жүргізген партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Оңдасын Оразалин партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы жобасында тұрғындарды алаңдатқан мәселелер түгел қамтылғанын атап өтті.

Осы және басқа да нақты жоспарларды фракция мүшелеріне партияның облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Ербол Данағұлов мәлімдеді.

«Халық пен билікті байланыстыратын буын ретінде халықтың сенімі мен ақ-адал аманатына арқаладық. Сондықтан да сайлауалды бағдарламаларымызды жүзеге асыру үшін еліміздің, өңіріміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жоспарларымызды ашық  түрде қарауға ұсындық. Ендігі кезекте, алдағы 5 жылда Сайлауалды бағдарламамызды жүзеге асыру жөніндегі Жол картасын толық әрі сапалы орындап, халыққа қызмет ету міндеті тұр. Облыстық жол картасы 165 пункттен құралып, фракцияның барлық 26 мүшесіне орындалуын ұйымдастыру бекітілді», – деді ол.

Оның айтуынша, сайлауалды бағдарлама халықпен, оның ішінде шалғай елдімекен тұрғындарымен жан-жақты талқылау нәтижесінде қалыптасты. Праймериз барысында ғана тұрғындардан 1,1 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Бұдан бөлек үгіт-насихат кездесулері кезеңінде тағы да қосымша аманаттар түсті. Олардың 82 пайыздан астамы аймақтық сайлауалды бағдарламаларды бекіту кезінде ескеріліп, нақты жоспар ретінде Жол картасына еніп отыр.

Нұротандық депутаттар талқылау барысында ұсыныстары мен тілектерін білдірді.

«Праймериз және үгіт-насихатпен шалғай ауылдарға дейін барып, халықтың ұсыныс-тілектерін естіп, жинап қайттық. Соның барлығы сайлауалды бағдарламада қамтылды. Енді міне,  олардың жол картасына енгізілгенін көріп отырмын.  Қоршаған ортаға қауіпті мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін «ЭкоТехПрогресс» зауытын, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін салу жоспарланған. Бұл халық тілегінің ескерілгенінің бір мысалы», – деді фракция мүшесі Евгений Лазарчук.