Жаңалықтар

Жүрсін мен Бақытжамал

ашық дереккөзі

Жүрсін мен Бақытжамал

Қазақтың кәдімгі Жүрсіні мен Бақытжамалы жақында 70 жасқа толмақшы. Ақылды қалтаға сала тұрып, жүректің әмірін орындап, он жетісінде ерлі-зайыпты атанған ғашық жандардың қосылғанына 50 жыл толыпты. Шақыру қағазындағы суреттеріне көз тоқтатып қарап отырып, «ұры уақыт-ай!» деп дауыстап жіберіппін. – Ағаның махаббаты қандай, ә? Қол­ды иыққа салып, құшақтап тұр! – деп әсерленген Дәлелдің зәресі ұшып: – Не дейсің? – деді. – Уақытты айтам, уақыт – ұры!.. Аға жасынан егделеу көрінсе, ерте жас­тан ел жүгін, ер жүгін көтергеннен, ал тә­темнің денсаулығы сыр беріп жүргендей ме, қалай?!.. Баласы бар қазақтың бәрі алдыртып оқитындай көріп, ай сайын шығатын «Ай­гөлек» журналының құлақкесті құлына ай­налғаным соншалық, тырп еткізбейді. Емізулі сәбиі бар анадай ебіл-себіл болам да жүремін. Көкейдегі көп дүние іште өле­ді. Осындай қобалжулардан соң, жинап тас­тауға болмайтын шашылған қағаз­дар­ды ары ысырып, жүрегімнің жаз дегенін жазуға отырдым. Арнайы оқытылмаса да, әр қазақтың са­насында қазақтану деген сабақ жүруі тиіс. Сонда тұғырлы тұлғалар саған ай­қын жол көрсетіп тұрады. Сол са­баққа қатысы барлардың Жүр­сін Ерманды білмейтіндері кем­де-кем. Біреуге бар болмысымен, біреуге ақындығымен, біреуге айтысымен, біреуге көсемсө­зімен ұнайтын аса танымал тұлға туралы жазу әрі оңай, әрі қиын. Бірақ жазбау да – күнә. Сөз жоқ, мақта­ғың келеді, жақынды­ғың­ды айтып мақтан­ғың келеді. Пайғамбары­мыз­дың (с.а.с.) бір ха­ди­сінде: «Біреуді мақ­та­ған адам – не көр­шісі, не са­пар­­ласы, не сау­да жасасқан кі­сісі болса, дұ­ры­сы сол» делін­ген. Тынысым кеңейіп қалды. Жүрген ізі қара жолға ай­нал­­ған дара жол иесінің қа­сын­да аз жүрме­ге­нім, ағаны ғана емес, Бақытжамал тә­тені де көптен бері жақыннан біле­ті­нім ойымдағы сапы­ры­лысқан сан естелік­тер­ді алдыма әкеп, үйіп-төге салды. Ал елеп-екшеп, тө­гіп-шашпай, өтірікке бас­пай жазып көр! 1983 жыл. Сол кездегі жалғыз қа­зақ телевизиясының Жастар және әдеби дра­ма хабарлар редакциясы ұйым­дас­тыратын кездесулерге КазГУ-дің фи­ло­логия, журналистика факультеттерінен өз ойы бар, белсенді студенттерді ша­қы­ра­тын. Келеміз. Кездесу қонағына сұрақ қоя­мыз, кейде пікірталас жасаймыз. Бір жолы студияға Жүрсін аға кіріп кел­ді. Мен өз көзіме өзім сенбедім. Жан-жа­ғыма кезек бұрылып: «Біздің Жезқазған об­лысының мықтысы ғой, анау Ба­қыт­жамал Ерманова деген сұлу диктордың жол­дасы» деп жүрегімдегі атқақтаған қуа­нышты жасыра алмай есім шықты. Бірақ аға­лап қасына жетіп бара алмадым. Бас ре­дактор болғасын ба, отыздан жаңа ас­қан асау тұлпарлығы ма, түсі де, үні де қат­қылдау көрінді. Әйтеуір, сондағы аға ре­дакторлар: «Үлкен басшылар – Камал Смай­лов, Сағат Әшімбаев, Рафаэл Жұ­м­а­баевтың қалауы солай», – деп санаулы студенттерді, тіпті жиірек шақыратын бол­ды. Жүрсін ағамен солай таныс боп кет­тік. Сол жылдары айтысты қолға ала бас­таған кезі екен, біз шаршауды біл­мей­тін қолғанаты болдық. Дәрістен шыға са­лып, жол-жөнекей алған ас-суымызды талғажау етіп, көше кезіп, қас қарайғанша ал­дағы болатын айтысқа көрермен іздей­тін­біз. «Осторожно! Здесь злая собака» деген жазулардан да сескенбей, көрінген есік­ті қағатынбыз. Қазақ көрінсе, жа­ны­мыз қалмай елпілдеп: «Айтысқа келіңіз, қан­ша адам ертіп келе аласыз? Бәріңізді кү­тіп аламыз, телевизордан көрсетеміз. Сұ­мдық айтыс болады, айтыскерлер көңіл­деріңізден шығады. Арасында тамаша ән­шілер ән салады» деп келмесіне қой­май­мыз. Көбіне орекеңдердің қақпасын қа­ғып, уақытымыз текке кеткенде қатты қа­паланатынбыз. Ал, жетесіне жеткізген соң икемге келген қара көздердің аты-жө­нін, үй телефонын қойын дәптерге жан­таласа жазып алып, мәз болатынбыз. Ті­зі­міміз көбейген кезде ағаға келіп, сүйін­ші сұрайтынбыз. Аға соның бәрін тәтеге айтса керек, бір күні мені көгілдір экран жұлдызы қонаққа шақырды. Үйлері Көктөбе жақта екен. Тап-тұй­нақтай, қыздың жиған жүгіндей, кірсе шыққысыз жылылығы көзімде қалыпты. Өзі де, балалары да әп-әдемі. Аға үйде жоқ. Тәте бар жұмысын әндете жүріп істей­тін­дей көрінді. Екі сөзінің бірі – Жүрсін.  Жүрсін деген сайын әуезді үні, кө­зінің нұры, томпия қалатын ерні көп қырлы гауһар тастардың жарыса жарық шаш­қанындай әсерлі болар ма?! Сол жолы Бақытжамал тәте мені баласынбай, Ар­қадан бар төркіні көшіп келгендей күт­ке­нін қалай ұмытайын?! Дастарқанды жай­натып жіберді. Қайтарда қолының «ұзын­дығын» байқатып, дүкенде сатыла бермейтін оны-мұныларымен жарылқап тас­тады. Сосын тоқтатып тұрып, аса бір жа­нашырлықпен: – Биыл соңғы жылың ғой, аспирантураны қайтесің, телевизия деген күшті! Сен туралы басшылардың пікірі де жақсы көрінеді, сонда қал, жаман болмайсың, – деді. Алдағыны Алла ғана біледі. Универ­си­теттегі әкемдей қамқор ұстазым, про­фес­сор Тұрсынбек Кәкішев: «Телевизиядан ен­ді ғылымға қайта алмайсың ғой» десе, дип­лом жетекшім, академик Зейнолла Қаб­долов: «Сені мына біздегі ауыз әде­бие­тін жаңартатын маман болады деп жүр­сем...» деп кейістік білдірген. Ақыры келесі жы­лы арнайы шақырумен телевизияға кеттім. Бірақ екі жылдан соң, Желтоқсан кө­терілісіне кезекші болып барып, тап­сыр­маны орындамай, алаңға шыққандарға қо­сылып кеткенім үшін басшылықты дүрліктіріп, соңында жұмыстан кеткеннен басқа амал қалмады. Абырой болғанда, ол кезде Жүрсін аға ше­телде-тін. Әйтпесе, тура жүрекке қада­лар бір «оқты» гүрс еткізері даусыз еді. Он­сыз да, алдында ғана елде тұратын ерен жүй­рік жас ақындарды телехабарға ша­қырғанда өзі бұл тізімге ілікпеген, есебі мық­ты бір жігіт солардың ортасында ме­нің тағдырлы, мұғалім ағамның барын жет­кізіп, қауіп туғызып, арамыздан қара мы­сық жүгіріп өткен кез-ді. «Құланның асуы­на мылтықтың басуы» деген осы!.. Айтпақшы, Сәкеннің 100 жылдығында (1994 ж.) мүшәйраның бас бәйгесі Ерма­новқа бұйырғанда, «Ақындық емес, жур­налистік танымалдық жеңді» деп күңі­ренген сол шайыр, кейіннен ағаның жан­торсығына айналып, біраз бедел жи­нағанын да көз көрді. Бұл – хадистегі күнде көретін көр­ш­і­мен тең, әріптестік жақындықтан туған бұл­тақсыз сөз. Енді арамызда саудаласу сы­нағы болмағандықтан, ұзақ жолға бірге шыққан сапарлас күндерге келейін. Ра­сын­да да, кімнің-кім екенін танытатын ең әділ таразы – сапарлас болу. Қазақтың рухани әлемінің басына қара бұлт үйірілген 1999 жылы Жүрсін аға Пар­ламент депутаттығына кандидат ре­тінде Қарағанды облысының қазақы қай­мағы бұзылмаған аймақтарындағы халық атынан туған елдің аманатын арқалауға жон арқасын тосып, сайлауға түсетін бол­ды. Бізді отбасымызбен дәмге шақырып алып, аға: «Қанша жүретініміз белгісіз, сен­дер Қымбатсыз өлмей тұра аласыңдар ма?» – деп Дәлел мен Мерейге қарады. Екеуі де «өлмейміз» деп келіскенімен, екін­ші сыныпта ғана оқитын ұлымды Аллаға бір, маңайыма екі тапсырып, ертеңіне Ал­матыдан Ермановтардың жеке көлігі­мен Жезқазғанға тарттық. Қайран уақыт-ай!.. Одан бері де 22 жыл өтіпті. Ол бір «мен не көрмедім, кімді көр­медім?» деп жыр қып естелік айтса жа­расар ертегідей күндер еді-ау... Кейбіреулер Жүрсін ағаны дара шың Ма­хамбетке, асқар тау Асанәліге ұқсатып жа­тады. Бекер! Ол – кім-кімге де күнде кө­зімен көріп, биігіне қиналмай жетіп, са­малдайтын қоңыр төбе, дара жаратылыс, Алла Тағаланың жеке туындысы. Ол – сойы бөлек, батыр Қобыландының тұқы­мы, ұлылық дарыған Ұлытау ұлы. Бүкіл жа­ратылысы: түр-тұлғасы, қасқайып қа­рауы, үніндегі құдірет, сөзіндегі семсерлік, өлеңіндегі көркемдік, аяқты алшаң басуы, ыңғайға ыңғайланбауы асыл тегінен ал­ғаны. Меніңше, Ермановты жалпы жұрт­тың жабыла жақсы көруінің негізгі сыры осында ма деймін. Жүрсін ағаны қолдау үшін Алматы мен Астанадан, облыстардан ел таныр есім­дердің арнайы барғаны елі сүйген ерді де, сондай ерді туған елді де бір көтеріп тастағаны ақиқат. «Бәрін айт та, бірін айт» бір Қасым ата Қайсеновтің Шығыстағы са­парынан арнайы бұрылып келуінің өзі аза­мат ақын мерейінің үстемдігін таныт­ты. – Алтын басты, ер тұрпатты, елдің қа­мын жеп жүрген өз ұлдарың, мына Жүр­сінді қолдап келіп тұрмын. Адаспай, адал дауыс беріңдер! Сайлаңдар да, жұмсаңдар! Сөзі өтеді ғой, – деп елге жалынғандай бол­ған қаһарман Қайсенов те, толғай да толғай тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­нін түйсігі барға түйіп жеткізген Камал Смайлов та, ақ берен ақын Ғабиден Құлах­ме­тов те, Жаңаарқаның кіреберіс жолы­нан ақ боз үй тігіп, ақ боз бие сойып, са­ба-саба қымызымен алдымыздан аңқылдап шық­қан мектеп директоры, менің жиен ағам Төкен Құдікенов те, екі бөлме толы қо­нақты екі күн алақанына салғандай ая­лап күткен, ақын Дүйсенбай Жұмасейітов те, асығыстыққа қарамай сары қымызын сапырып, ақ қаймақ, бал қаймаққа бауыр­сағын батыртып, еттің пісісін де, шикісін де, дәу қарын майын да «бөліп алыңыздар» деп жолымызға адал асын салып берген анам Қаламқас та, «Жүрсін батыр, Баты­раш-Қотыраштар үшін басыңды түсіруші бол­ма», – деп, көзіне жас алып қоштасқан әкем Түлкібай да бүгінде мәңгілікке, кел­местің ауылына көшіп кеткен. Оларға қан­шама жақсылар мен жайсаңдарды да қос­са болады... Иә, халық біріксе, күш екен. Олар би­ліктің зәре-құтын қашырып, табандап оты­рып Ермановты екінші айналымға алып шыққанда, қолдап барған біздер ағаға естіртпей, «өтпесе де бақытты» деп жайраңдасқанымыздың несін жасырайын. Ағайынға аға мен тәтенің қадір-сыйы да кісі қызыққандай екен. Абысындардың ауызбірлігінде мін жоқ. Ым-ишарамен бірі қайтып, бірі қосылып жатқан талғамдары әртүрлі, әр жастағы қонақтардың ай бойы күтімін табу – айтуға ғана оңай. Бұл тек­тінің ұрпақтары өздері аз болса да, жар таң­дауда маңдайларының бағы бес елі ме деп қалдым. Бірінен-бірі өткен пысық, ыспадияр әйелдер мұнтаздай тазалықты сақ­таумен қоса, күйеулерін қабағынан ұға­тыны таңғалдырды. Әлде өздеріне та­ныс мінездерін сыртқы адам білмесін дей ме, әйтеуір бір жүйеге түскен, темірдей тәр­тіпке тәнті боласың. Шал Құлекеұлының: «Әйел алсаң, таңдап ал ақылдысын, Сол сенің ақыреттік жақын кісің», – де­­генін іске асырған осындай аға-бауыр­лар жасасын! Әрине, Бақытжамал тәтемнің жөні бө­лек. Ол өзінің бағасын білмейді емес, біле­ді. Жасандылықсыз, жалықтырмайтын жан мен тән сұлулығын да, табиғи та­лан­тын да біледі. Біле тұра, бәрі-бәрін құлын кү­­нінде қосылған Жүрсінінің махаб­ба­ты­нан жоғары қоймады. Өз ақылымен, бесік көргендігімен, бүкіл Қазақстанды бетіне қа­ратқан жұлдызды шағын, шығар биігін арда азаматының, сүйген жарының бабын жасау бақытына құрбандық етті. Ноқтаға басы сия бермейтін, от ауыз, орақ тілді, сыр­ты дүрдигенмен жүрегі жараланғыш, ба­тырдай аңғал, бірде бала, бірде дана ақын жанын жабырқатпаймын деп шешті. Өзін ғана емес, анасын, баласын, қонағын, немересін күтті. Бірді айтып, бірге кету деген осы. Ба­с­қа­сын былай қойғанда, сайлау сапарынан кейін де, Жүрсін ағаның Қарағанды қала­сында өткен 50 жылдық мерейтойына бір­ге барғанымызды айтпасқа болмас. Құдайым-ау, ол сапарлар туралы жаза­тын естеліктерде қисап болсайшы. Рахат­та­нып, екі иығың селкілдеп күлетін де, сан сәт­терді сағынып, егіліп жылағың келетін де оқиғаларда шек жоқ. Алла сәтін салып жа­зыла қалса, ол оқыған пендеге ойтүрткі бо­лары сөзсіз. Кейде: «Әй, қара қыз! Сен менің қасыма жақын отыршы» дейтін қай­таланбас Қайсеновті, кейде күндізгі қы­зық­тарды айтпағанда, бір күн жүріп, бір купеде талай қылықтарын көрген Қадыр аға мен Тұманбай ағаны түсімде көрем. Көп сөздері жадымда жаңғырып тұрады. Со­ның бәріне куә болу – Жүрсін ағаның ар­қасы. Сол жолы Қарағандыдағы кезекті бір қонақасыда Қадыр аға: «Жүрсін қай жер­де тууды біледі!» – деп елдікке ес­керт­кіш орнатып кеткені де естен шықпайды. Біз аға, тәте үшеуіміз бір көлікте талай жол жүрдік. Сонда көзі кіртиіп, шаршап-шал­дығып келе жатса да, рөлдегі ағаны жал­ғызсыратпау үшін тәтенің сызылтып ән салып отыруы, қайырмасында екеуінің қо­сыла шырқауы не деген жарасымды де­сеңізші! Ара-арасында көңіл сергітер әң­гімелер бастап, тура теледидардан айтатын ер­тегісіндей еркелей сөйлегенде жаның ел­жірейді. Астанаға да бірге барып, Дәулет Тұр­лыхановтың кең сарайдай үйінде өзі­міз би, өзіміз қожа болған керемет сәттер де ұмытылмақ емес. Сонда тәтемнің таңғы астан бұрын лып етіп шығып кетіп, дүңгір­шектер іздеп, бір құшақ жаңа газет-журнал әкеп, ағаның алдына қоятын дағ­дысына әбден риза болдым. Алматыда да сөйтетінін талай көрдім. Азаматының сыртқа шығарда жағасын түзеп тұрып, ерке назды дауыспен не тамақ ішкісі ке­летінін сұрап қалуы да – өзгеше өнеге. Жүрсін ағаның «Әйелдерге одасы», Ба­қытжамалға арнаулары, «Сыңарыма» ән-өлеңі 50 жыл отасса да, қосылар күнді са­нап жүрген ғашық жандай ынтық сезім­мен жазылған, әлі де құпия-тылсымдары толық ашылмаған, бір-бірінсіз қия баса алмайтын іңкәр жүректің құдіретті лү­піліндей пәкізе жырлар болуының сыры тереңде. «Ерін сыйлаған етекте қалмайды» де­генді айтқан қазақ атам қателеспейді. Әт­тең, көп еркек өзін сыйлата алмаған соң, әйелін жаман атты қып жүреді. Бай да, бағлан да, әкім де, қара да, үл­кен де, кіші де, оқыған да, оқымаған да ат­тан түсіп сәлем беретін, Жүрсінмен аман­дасқан қолын ырым қып жумай жүре­тін мысалдардың санын білемін. Мен со­ған қуанамын. Ол мәртебеге Ерманов әбден лайық екенін мойындай отырып, «Бақытжамал тәтеме кездеспегенде...» деп, көп нүкте қойсам, ағаны тағы да өкпелетіп алар ма екем?! Табалдырықты аттасымен папалап алдынан шыққан ұл-қыздарына құшағын жайып тұрып, «Шәмкен қайда?» деуді ұмыт­пайтын, жар қадіріне жеткен Жүрсін аға қосағымен қоса ағарып, бәйтерек-ғұ­мыр кешсе екен деймін. Кейінгі кезде абыз ақсақалдарға тән кемелдікке көшіп, кең қолтық, бауырмал пейілі арта түскен­дей. Айналайыны көбейген сайын айнала­сына үйірсектейтіндер тіпті молайғандай. Ана бір жылы қызметіндегі біреудің аран­датуымен, жазықсыз жәбір көргенім бар. Жасым кіші болған соң алдына барып: «Арым таза, аға. Нанбасаңыз, бетіме қа­раңыз­ш­ы», – десем, сөйлеспейді. – Онда бар жауыңыз мендей болсын, – деп шығып кеттім. Арада көп өтпей, менің 50 жасыма өлең арнады. ...Жүрсең де шытынатып жан шынысын, Қазақтың баулыған сен әнші құсын. Отан деп отқа түсер көбелексің, Заманның Әлия мен Мәншүгісің... – деген жол­дар тоқтатып, оңашада әкем енді өлген­дей жылайын келіп. Шытынаған шы­нысы сынып, ең жанды жеріме бат­қан­дай ауырсынайын. Сосын пендешілікпен: – Сонау сапарлас күндерде, дүйім жұрттың алдында: «Бір Қымбаттан бірнеше Қымбат шығарып алатын сканердің жоқтығы-ай, шіркін!»... дегені қайда, – деп жабырқайын. Былтыр да бір көңіл бұзылған күн бол­ған. Алыстағы Ұлытаудан сексеннен ас­қан қарт ұстаз, «Ауданның құрметті аза­маты» Шабаз есімді ақсақал телефон ша­лып: – Немене, Жүрсін ағаң екеуің араз­сың­дар ма? Жезқазған жаққа осымен екі-үш айтыс әкелді. Қымбатты көрермін деп, ит арқасы қияннан әрең жетсем, жюриінде тағы сен жоқсың. Өзіне жолығып айтар сөзім бар еді, жете алмадым, – деді. – Жооқ, әке! Татумыз. Менің жұмысым ауыр ғой... – дегенімді тыңдамай: – Саған өтірік жа­рас­пайды! – деп төбемнен тастай су құй­ғандай қылды. Сөйтсек, «сырт көз – сын­шы» өз ұйғарымдарын жасамай қал­майды екен ғой. Алматыдан тапқан бар байлығым – атан жілік аға-апаларым, артық-кемімді кө­теретін елпілдек дос-құрбыларым бірі­нің соңынан бірі ана дүниеге асығыс ат­тан­ған сайын көңілде құлазу басым. Оған жасыңның ұлғайғанына қарамай, үлкенді іздейтін сорлылығың қосылады. Сонда алдыңда қазіргідей көңілімен Жүрсін аға мен Бақытжамал тәтедей жанашыр жан­дардың дін аман жүруіне деген зәруліктің құны одан әрі арта түседі. Қалай себепсіз шекіссек, солай себеп­сіз бекісіп жүріп, қырық жылдай уақытты арт­қа тастаппыз. Сынағы мен сұрағы көп өмірдің бізге қиғаны қимастық сезім екенін мойындау керек. Пайда ойламайтын сол бұрынғы қал­пыммен өзі жазғандай: «Ағаның қасиетін ұғу үшін, жігітке керек сендей бір қарын­дас» болып, қатар жүрген күндерді сыйлап, һәм сыйласып өтуді жаным қалайды.

Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ