Әкімнің баласы ауылдың іргесін неге қопарды?
Әкімнің баласы ауылдың іргесін неге қопарды?
Ақмола облысы Бурабай ауданы Атамекен ауылдық округінің әкімі Дауылбай Қапезовтің баласы Ербол Дауылбайұлына Атамекен ауылдық округіне қарасты Жаңажол ауыл жұрты наразылық білдіруде. Ауыл тұрғындары әкім баласы «мал жаятын жерімізді жыртып тастады» деп шағымданып отыр.
Жаңажол тұрғындарының дені Қытай және Моңғолия елінен көшіп келген қандастарымыз екен. Олардың күнкөріс кәсібі – мал бағу. Алайда сол мал бағып отырған жері жыл сайын тарылып, жайылымдық жерден тапшылық көрген олар біраз құзырлы орынның есігін қағып, табалдырығын тоздырған көрінеді. Әйткенмен, ешқандай қайыр болмаған соң, олар Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» Ақмола облыстық филиалының жетекшісі Алтын Мәденге арыз-шағымын айтқан. Осыдан кейін ол ауылға арнайы барып, мән-жайды өз көзімен көргенін айтты:
– Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» Ақмола облыстық филиалына Қайрат, Айдын бастаған бір топ азамат жер мәселесіне байланысты арыз айта келді. Олар 2006-2009 жылдар аралығында Қытай елінен Ақмола облысы Бурабай ауданы Атамекен ауылдық округіне қарасты Жаңажол ауылына 6 отбасы көшіп келген. Кезінде Жаңажол ауылында 300-ден астам адам тұрса, қазір 70-ке тарта адам қалған. Оның ішінде жер телімі бар тұрғындар жерін жалға беріп, өздері қалаға, басқа жаққа көшкен. Ал жері жоқ 12 отбасы жан-жағы жыртылған тар жерге мал жайып қиналып отыр.
Қандастарға жер учаскесiн және жайылымдық жер беру – Қазақстан Жер кодексінің (2003 жылғы 20 маусымдағы №442) 46, 37, 97 және 100-бабында қарастырылып тұрса да, заңды белден басқан жергілікті әкімдік қандастарымыз қанша рет жер сұрап барса да, 15 жыл бойы «жер жоқ» деп бермеген екен. Ең сорақысы сол – өткен 2020 жылы қыркүйек айында Атамекен ауылы әкімінің баласы Ербол Дауылбайұлы тұрғындарға бір ауыз ескертпестен, ауылдың іргесінен шамамен 100-200 метрдей қалдырып, ауылды айналдыра жыртып, көктемнен бастап егін салатынын, бұл жер өз қожалығына өткенін айтқан, – дейді Алтын Мәден.
Қандасымыз: Ендігі үміт – «Nur Otan» партиясында
Ақпарат құралы мәселені шешіп беруге құзыретті емес, бірақ мұндай даулы мәселеде жан-жақты зерттеп, толыққанды әрі бейтарап ақпарат беруге құқылы. Сондықтан әуелі ауыл тұрғындарына хабарласып мәселенің мән-жайын өз аузынан тыңдап көрдік. Мәселен, Жаңажол ауылының тұрғыны Айдын Дәулетбек былай дейді: «Мұндай жерден тапшылық көріп, қыспақта қалып отырған тек біздің Жаңажол ауылы ғана емес, көршілес отырған Атамекен, Жасыл, Қаражар ауылдарының да проблемасы осы – жер мәселесі. Ауылдар бір-біріне онсызда тығыз орналасқан. Аралары 4-5 шақырым ғана. Ал бұрынғы заң талабы бойынша егіндік жер мен елдімекен арасы 3 шақырымдай алыста болуы керек еді ғой? Жеке шаруа қожалығы егін шаруашылығын жүргізбесін деп отырғамыз жоқ, егінін салсын. Бірақ малмен күнін көріп отырған қарапайым ауыл тұрғыны малын қайда бағады? Ауылдың айналасын қопарып тастайтындай басқа жер құрып қалған жоқ шығар? Міне, осы мәселені айтып, бармаған жер, баспаған тауымыз жоқ. Ендігі үмітіміз – «Nur Otan» партиясында». – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Еститін мемлекет құрамыз» деген еді. Алайда ауылдық жерде халық сөзін неге еститін әкімдер жоқ? Әлде әкімдер Президентті естігісі келмей ме деген ой туады еріксіз. Жаңажол ауылында тұрып жатқан 70-ке тарта адам тағдыры ешкімге керек емес пе? Ауылды жабу керек болса, онда оларға басқа жерден жер телімін және қора-жай берсін. Үкіметке алақан жаймай, өз күнін өзі көріп отырған халықтың өмір сүруін неге қиындатып отырмыз? Қандастарымыздың өтініші мен арыздары (өз өтініштері бойынша) Ақмола облысы әкімдігіне жетті. Өз қарамағындағы мұндай келеңсіздікке облыс әкімі Ермек Маржықпаев бейжай қарамай, ауыл тұрғындарының мәселесін шешеді деген сенімдеміз, – дейді Алтын Мәден. Осыдан кейін белгілі заңгер Абзал Құспан мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласып, бұл мәселенің қаншалықты заңға сай екенін сұрап көрдік. Заңгер Абзал Құспанның айтуынша, 2003 жылы қабылданған Жер кодексі туралы заңға одан кейін көптеген «өзгертулер мен толықтырулар» еңгізілді. Сондықтан ол ауылға жақын маңдағы жерді игеруге алған жеке кәсіпкер заңның қандай бабына сүйеніп алды? Бұрынғы заңның баптарына сүйеніп алса, қазір ол заң өзгерген болуы мүмкін. Сол себепті істің ақ-қарасын зерттеп, құжаттарын тексеріп алмай, дәл қазір бір нәрсе деу қиын. Ал ведомство өкілі «бұл мәселенің анық-қанығын ең бірінші жергілікті әкімшілікке хабарласып білген жөн» дейді. Өйткені, бізге жіберілген хатты министрлік бірінші сол жергілікті әкімшілікке жолдайды. Бірақ елді мекенге жақын жайылымдық жерді жергілікті әкімдік, яғни ауыл әкімі егер ауылдастарына жаны ашыса ауыл маңын жалға бермей қоюына болады дейді.Әкім: қоғамда бар күрделі мәселе ғой
Сонымен ауыл әкіміне де хабарластық. Атамекен ауылдық округінің әкімі Дауылбай Қапезов ауыл тұрғындарының бұл арыз-шағымын негізсіз санамайды. «Жалпы, қоғамда бар күрделі мәселе ғой» дейді. Ал жыртылған жердің жайын сұрап едік, оған ол жер Бурабай ауданының әкімдігі және конкурстық комиссияның келісімімен, яғни заңды жолмен игеруге берілген жер екенін алға тартады. Бұл жерлер жеке шаруа қожалығына қандай заңға сүйеніп берілгені туралы сұрағымызға ауыл әкімі өзінің сөзі дәлелді болуы үшін 2015 жылы 10 жыл жалға берілген жердің құжатын көрсетті. Онда былай делінген: «А.Қ.Жакеновке шаруа қожалығын жүргізу үшін жер беру туралы. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы №442 Жер кодексінің 17, 35, 37, 43, 48, 100-баптарына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 Заңының 31-бабы 1-тармағы 10-тармақшасына, конкурстық комиссиясының 2015 жылғы 28 тамыздағы №2 қорытындысына сәйкес, аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: Жакенов Аян Қайратұлына шаруа қожалығын жүргізу үшін Бурабай ауданының арнайы жер қорының жерінен, Атамекен ауылдық округінің әкімшілік шекарасынан, ауыл шаруашылық алқаптарының жалпы алаңы 173, 4 га, оның ішінде егістік 155,6 га, табиғи жайылым 17,8 га жер учаскесіне 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі мерзімді жер пайдалану құқығы берілсін. Аудан әкімі (қолы) Т.Ташмағамбетов». (Ақмола облысы Бурабай ауданының әкімдігі. Қаулы. 2015.11.09. Щучинск қаласы. № а-9/421.) Сонымен қатар ауыл әкіміне ауызша қойған сұрағымызға берген түсіндірмесі былай өрбіді.Фото: Жаңажол ауылы және ауылдың айналасындағы жеке шаруа қожалығына жалға берілген жердің картасы
Даудың басы – Дауылбайдың баласы
– Ауыл тұрғындары сіздің балаңыз, яғни Ербол Дауылбайұлының үстінен шағымданып отыр. Олардың айтуынша, ауыл маңындағы жерді жыртқан сіздің балаңыз дейді, бұл рас па? – Ол жерлерді жыртқан менің балам Ербол екені рас. Бірақ бұл жерлер менің баламның жері емес. Бұл – Аян Жәкеновтің жері. Ерболдың өз жеке шаруа қожалығы, өзіне тиесілі 100 гектарға жуық жері бар. Ал сол Жаңажол ауылының маңын жыртты дейтін себебі ондай техника қазір тек Ерболда ғана болғандықтан, сол маңдағы шаруа қожалықтары Ерболдың техникасын жалға алып жыртқызған. – Ал ол шаруа қожалығының иесі қайда? – Аян Жакенов қазір Щучинск қаласында тұрады. – Жерді 2015 жылы жалға берген екенсіздер. Содан бері ол жерге не егілді? – Ол жерге әзірге ештеңе егілген жоқ. Тек жарты жерлері ғана игерілген болатын. «Игерілмеген жерлер қайтарылады» деген соң былтыр қалған жерлері жыртылды. Енді игерілгелі тұр (2015 жылдан бері ол жер игерілмеген). – Жеке шаруашылыққа жалға берілген жер ауыл тұрғындарына қайтарылған күннің өзінде ол жер бұрынғы құнарынан айырылып, жайылымдық жер болуы екіталай. Енді олар басқа жерден жер беруді сұрап отыр екен, оған не дейсіз? – Әрине, басқа жерге көшуге болады. Жайылымдық жері кең ауыл-дар бар бізде. – Оларға жер ғана емес үй, қора-жай да бере ме? – Мемлекет тарапынан қарастырылмаса, бізде ондай мүмкіндік жоқ. P.S. Ал жоғарыда аталған жер жеке шаруа қожалығына берілетін кезде жергілікті әкімшілік ауыл тұрғындарымен санасты ма? Яғни конкурстық комиссия ауыл тұрғындарымен петиция өткізіп, келісім алуы керек. Екінші, ауыл мен шаруа қожалығының арасындағы санитарлық арақашықтықтың өлшемі қанша болуы керек? Бұл талаптар заң бойынша жүзеге асты ма? Міне, бұл сұрақтарымызға ауыл әкімі нақты жауап бермеді. Оның айтуынша, барлығы заңды әрі конкурcтық комиссияның шешімімен жүзеге асқан дейді.