Әкімнің баласы ауылдың іргесін неге қопарды?

Әкімнің баласы ауылдың іргесін неге қопарды?

Әкімнің баласы ауылдың іргесін неге қопарды?
ашық дереккөзі
Ақмола облысы Бурабай ауданы Атамекен ауылдық окру­гінің әкімі Дауылбай Қапезовтің баласы Ербол Дауылбайұлына Атамекен ауылдық округіне қарасты Жаңажол ауыл жұрты наразылық білдіруде. Ауыл тұрғындары әкім баласы «мал жаятын жерімізді жыртып тастады» деп шағымданып отыр. Жаңажол тұрғындарының дені Қытай және Моңғолия елінен көшіп кел­ген қандастарымыз екен. Олардың күнкөріс кәсібі – мал бағу. Алайда сол мал бағып отырған жері жыл сайын та­рылып, жайылымдық жерден тап­шылық көрген олар біраз құзырлы орынның есігін қағып, табалдырығын тоз­дырған көрінеді. Әйткенмен, еш­қандай қайыр болмаған соң, олар Дү­ниежүзі қазақтарының қауым­дас­тығы және «Отандастар қоры» Ақ­мола облыстық филиалының же­тек­шісі Алтын Мәденге арыз-шағымын айт­қан. Осыдан кейін ол ауылға ар­найы барып, мән-жайды өз көзімен көр­генін айтты: – Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы және «Отандастар қо­ры» Ақмола облыстық филиалына Қайрат, Айдын бастаған бір топ аза­мат жер мәселесіне байланысты арыз айта келді. Олар 2006-2009 жылдар ара­лығында Қытай елінен Ақмола облысы Бурабай ауданы Атамекен ауылдық округіне қарасты Жаңажол ауы­лына 6 отбасы көшіп келген. Ке­зінде Жаңажол ауылында 300-ден ас­там адам тұрса, қазір 70-ке тарта адам қалған. Оның ішінде жер телімі бар тұрғындар жерін жалға беріп, өз­дері қалаға, басқа жаққа көшкен. Ал жері жоқ 12 отбасы жан-жағы жыр­тыл­ған тар жерге мал жайып қина­лып отыр. Қандастарға жер учаскесiн және жайылымдық жер беру – Қазақстан Жер кодексінің (2003 жылғы 20 маусымдағы №442) 46, 37, 97 және 100-бабында қарастырылып тұрса да, заңды белден басқан жергілікті әкімдік қандастарымыз қанша рет жер сұрап барса да, 15 жыл бойы «жер жоқ» деп бермеген екен. Ең сорақысы сол – өткен 2020 жылы қыркүйек айын­да Атамекен ауылы әкімінің ба­ласы Ербол Дауылбайұлы тұрғын­дар­ға бір ауыз ескертпестен, ауылдың ір­гесінен шамамен 100-200 метрдей қал­дырып, ауылды айналдыра жыр­тып, көктемнен бастап егін сала­ты­нын, бұл жер өз қожалығына өткенін айт­қан, –  дейді Алтын Мәден.

Қандасымыз: Ендігі үміт – «Nur Otan» партиясында

Ақпарат құралы мәселені шешіп беруге құзыретті емес, бірақ мұндай дау­лы мәселеде жан-жақты зерттеп, толыққанды әрі бейтарап ақпарат беруге құқылы. Сондықтан әуелі ауыл тұрғындарына хабарласып мәселенің мән-жайын өз аузынан тыңдап көрдік. Мәселен, Жаңажол ауылының тұрғыны Айдын Дәулетбек былай дейді: «Мұндай жерден тапшылық кө­ріп, қыспақта қалып отырған тек біздің Жаңажол ауылы ғана емес, көр­шілес отырған Атамекен, Жасыл, Қа­ра­жар ауылдарының да пробле­ма­сы осы – жер мәселесі. Ауылдар бір-бірі­не онсыз­д­а тығыз орналасқан. Ара­лары 4-5 ша­қырым ғана. Ал бұрынғы заң та­ла­бы бойынша егіндік жер мен елді­мекен арасы 3 шақырымдай алыс­та болуы керек еді ғой? Жеке шаруа қожалығы егін шаруа­шылығын жүргізбесін деп отыр­ғамыз жоқ, егінін салсын. Бірақ мал­мен күнін көріп отырған қара­пайым ауыл тұрғыны малын қайда бағады? Ауылдың айналасын қопарып тастайтындай басқа жер құрып қал­ған жоқ шығар? Міне, осы мәселені ай­тып, бармаған жер, баспаған тауы­мыз жоқ. Ендігі үмітіміз – «Nur Otan» партиясында». – Президентіміз Қасым-Жомарт То­қаев халыққа арнаған Жолдауында «Еститін мемлекет құрамыз» деген еді. Алайда ауыл­дық жерде халық сөзін неге ес­титін әкімдер жоқ? Әлде әкімдер Пре­зидентті естігісі келмей ме деген ой туады еріксіз. Жаңажол ауылында тұрып жат­қан 70-ке тарта адам тағдыры еш­кім­ге керек емес пе? Ауылды жабу керек бол­са, онда оларға басқа жерден жер те­лімін және қора-жай берсін. Үкі­метке алақан жаймай, өз күнін өзі кө­ріп отырған халықтың өмір сүруін не­ге қиындатып отырмыз? Қандас­тары­мыздың өтініші мен арыздары (өз өтініштері бойынша) Ақмола об­лысы әкімдігіне жетті. Өз қарама­ғын­дағы мұндай келеңсіздікке облыс әкімі Ермек Маржықпаев бейжай қа­рамай, ауыл тұрғындарының мәсе­ле­сін шешеді деген сенімдеміз, – дейді Алтын Мәден. Осыдан кейін белгілі заңгер Аб­зал Құспан мен Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне хабарласып, бұл мә­селенің қаншалықты заңға сай екенін сұрап көрдік. Заңгер Абзал Құспан­ның айтуынша, 2003 жылы қа­былданған Жер кодексі туралы заң­ға одан кейін көптеген «өзгертулер мен толықтырулар» еңгізілді. Сондық­тан ол ауылға жақын маңдағы жерді игеруге алған жеке кәсіпкер заңның қандай бабына сүйеніп алды? Бұрын­ғы заңның баптарына сүйеніп алса, қазір ол заң өзгерген болуы мүмкін. Сол себепті істің ақ-қарасын зерттеп, құжаттарын тексеріп алмай, дәл қазір бір нәрсе деу қиын. Ал ведомство өкілі «бұл мәселенің анық-қанығын ең бірінші жергілікті әкімшілікке хабарласып білген жөн» дейді. Өйткені, бізге жіберілген хатты министрлік бірінші сол жергілікті әкімшілікке жолдайды. Бірақ елді мекенге жақын жайы­лымдық жерді жергілікті әкімдік, яғни ауыл әкімі егер ауылдастарына жаны ашыса ауыл маңын жалға бер­мей қоюына болады дейді.

Әкім: қоғамда бар күрделі мәселе ғой

Сонымен ауыл әкіміне де хабар­ластық. Атамекен ауылдық округінің әкімі Дауылбай Қапезов ауыл тұр­ғындарының бұл арыз-шағымын негізсіз санамайды. «Жалпы, қоғамда бар күрделі мәселе ғой» дейді. Ал жыр­тылған жердің жайын сұрап едік, оған ол жер Бурабай ауданының әкім­дігі және конкурстық комис­сия­ның келісімімен, яғни заңды жолмен иге­руге берілген жер екенін алға тартады. Бұл жерлер жеке шаруа қожалығына қан­дай заңға сүйеніп берілгені тура­лы сұрағымызға ауыл әкімі өзінің сөзі дәлелді болуы үшін 2015 жылы 10 жыл жалға берілген жердің құжатын көр­сетті. Онда былай делінген: «А.Қ.Жа­­­­­ке­новке шаруа қожалығын жүр­гізу үшін жер беру туралы. Қа­зақстан Республикасының 2003 жыл­ғы 20 маусымдағы №442 Жер кодек­сінің 17, 35, 37, 43, 48, 100-баптарына, «Қа­зақстан Республикасындағы жер­гілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 Заңының 31-бабы 1-тармағы 10-тармақшасына, кон­курс­тық комиссиясының 2015 жылғы 28 тамыздағы №2 қорытындысына сәйкес, аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: Жакенов Аян Қайратұлына шаруа қожалығын жүргізу үшін Бурабай ауданының арнайы жер қорының жерінен, Атамекен ауылдық округінің әкімшілік шекарасынан, ауыл шаруашылық алқаптарының жалпы алаңы 173, 4 га, оның ішінде егіс­тік 155,6 га, табиғи жайылым 17,8 га жер учаскесіне 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі мерзімді жер пай­далану құқығы берілсін. Аудан әкімі (қолы) Т.Ташмағамбетов». (Ақмола облысы Бурабай ауданының әкімдігі. Қаулы. 2015.11.09. Щучинск қаласы. № а-9/421.) Сонымен қатар ауыл әкіміне ауыз­ша қойған сұрағымызға берген тү­­­сін­дірмесі былай өрбіді.  width= width=

Фото: Жаңажол ауылы және ауылдың айналасындағы жеке шаруа қожалығына жалға берілген жердің картасы

Даудың басы – Дауылбайдың баласы

– Ауыл тұрғындары сіздің ба­лаңыз, яғни Ербол Дауыл­байұ­лы­ның үстінен шағымданып отыр. Олардың айтуынша, ауыл маңын­дағы жерді жыртқан сіздің ба­лаңыз дейді, бұл рас па? – Ол жерлерді жыртқан менің ба­лам Ербол екені рас. Бірақ бұл жер­лер менің баламның жері емес. Бұл – Аян Жәкеновтің жері. Ерболдың өз жеке шаруа қожалығы, өзіне тиесілі 100 гектарға жуық жері бар. Ал сол Жаңа­жол ауылының маңын жыртты дей­тін себебі ондай техника қазір тек Ерболда ғана болғандықтан, сол маңдағы шаруа қожалықтары Ер­бол­дың техникасын жалға алып жырт­қыз­ған. – Ал ол шаруа қожалығының ие­сі қайда? – Аян Жакенов қазір Щучинск қа­­ласында тұрады. – Жерді 2015 жылы жалға бер­ген екенсіздер. Содан бері ол жер­ге не егілді? – Ол жерге әзірге ештеңе егілген жоқ. Тек жарты жерлері ғана игеріл­ген болатын. «Игерілмеген жерлер қайтарылады» деген соң былтыр қал­ған жерлері жыртылды. Енді иге­ріл­гелі тұр (2015 жылдан бері ол жер игерілмеген). – Жеке шаруашылыққа жалға берілген жер ауыл тұрғындарына қайтарылған күннің өзінде ол жер бұрынғы құнарынан айыры­лып, жайылымдық жер болуы екі­талай. Енді олар басқа жерден жер беруді сұрап отыр екен, оған не дейсіз? – Әрине, басқа жерге көшуге бо­ла­ды. Жайылымдық жері кең ауыл-дар бар бізде. – Оларға жер ғана емес үй, қора-жай да бере ме? – Мемлекет тарапынан қарас­тырыл­маса, бізде ондай мүмкіндік жоқ. P.S.  Ал жоғарыда аталған жер жеке шаруа қожалығына берілетін кезде жергілікті әкімшілік ауыл тұрғындарымен санасты ма? Яғни конкурстық комиссия ауыл тұрғындарымен петиция өткізіп, келісім алуы керек. Екінші, ауыл мен шаруа қожалығының арасындағы санитарлық арақашықтықтың өлшемі қанша болуы керек? Бұл талаптар заң бойынша жүзеге асты ма? Міне, бұл сұрақтарымызға ауыл әкімі нақты жауап бермеді. Оның айтуынша, барлығы заңды әрі конкурcтық комиссияның шешімімен жүзеге асқан дейді.