Қазақ спорты: отыз жылдың олжасы қандай?
Қазақ спорты: отыз жылдың олжасы қандай?
Мемлекеттік Ту тек екі жағдайда, Ел Президенті шетелге іссапармен барғанда және спортшылар әлемдік ареналарда жеңіс тұғырына шыққанда көтерілетіні белгілі жайт. Президенттен кейін осындай мәртебеге ие спортшылардың мемлекет үшін маңызын осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Ел абыройын асырып, мерейін үстем етіп жүрген атлеттеріміздің еңбегі орасан. Ал спорт ұйымдарының басшылары сол сайыпқыран спортшыларға қаншалықты қолдау көрсетіп жүр? Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде қазақстандық спортшылардың қарымы қандай болды? Бұқаралық спорт үшін не істелінді? Кәсіби спорттың кемшін тұстары қандай? Осы сұрақтарға жауап алу және Қазақстан спортының өткені мен бүгінін саралап, келешегіне көз жүгірту мақсатында отандық спорттың басы-қасында жүрген мамандардың пікірін білген едік.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ,
спорт журналисі:
Қазақстанда спорттың бұқаралық сипаты білінбейді
– Жалпы, көптеген мемлекеттегідей қазақ спортында да күрмеуі шешілмеген мәселелер өте көп. Бірақ жанкүйерлер бұл жайында көп біле бермейді. Ал біз шолушы және спорт журналисі ретінде еліміздегі спорт саласында инфрақұрылымның кешеуілдеп дамып жатқанын байқаймыз. Спорт түрлерін жекелей қарастыратын болсақ, Қазақстанда футбол ойынын өткізуге лайықты, әлемдік стандартқа сай жалғыз ғана «Астана Арена» стадионы бар. Алайда, бұл стадионның газоны қолдан жасалынған. Жылдың төрт мезгілінде доп тебуге жарамды болғанымен, ондағы көгал – кәсіпқой футболшы үшін өте ауыр төсеніш. Сондықтан табиғи алаңда доп теуіп жүрген басқа елдің құрама командалары немесе клуб ойыншылары бізге кездесу өткізуге келген кезде мұндай жасанды төсенішке «жатырқай» қарайды, біздікілер ұтқан жағдайда «Астана» өз алаңында ойнап, мұндай алаңға бой үйреткендіктен жеңді деп айтады. Жалпы, «Астана Аренаның» газоны әр үш жыл сайын ауыстырылып отыруы тиіс. Десек те, ауыстырылған сайын небір мәселелер туындайды. Мысалы, 2020 жылы ауыстырған кезде мұның соңы шуға ұласты. Біресе Италиядан шөп әкелінбей жатыр екен дегенді естісек, енді бірде Голландиядан маман келмей жатыр деген секілді сылтауларды естиміз. Ақырында төсеген төсеніштері дұрыс емес екен деген әңгіме тағы шықты. Осындайда бізде алаңды күтіп ұстайтын мамандардың жетіспейтіні байқалады. Бір қызығы, кәсіпқой футболға арналып салынған «Астана Аренада» әуесқой футбол ойындары да ұйымдастырылады. Бұл – дұрыс емес. Ал Алматыдағы Орталық стадион кезінде еліміздің даңқын көтерген алаң болғанымен, кеңестік кезеңнен қалған стадион екені белгілі. Аталған стадион барлық талапқа сай келе бермейді. Әрине, «Қайрат» клубы Алматы қаласының әкімшілігімен бірлесіп бұл стадионды өте жақсы деңгейде ұстап отыр. Бірақ трибуналары ойын алаңынан алыс орналастырылғандықтан, жанкүйерлер нағыз футбол ойынын көріп отырғандай сезіне алмайды. Алайда бұл орталық стадионды тек футболға арнап жасақтаса, онда біздің жеңіл атлеттер жаттығатын жер қалмай қалады. «Алматы Аренаның» жанынан жеңіл атлеттерге арналған стадион ашылды, бірақ аталған жаңа кешен үлкен жарыстар өткізуге жарамайды.
Өткен жылы жазда қызылордалық «Қайсар» командасы Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда кипрлік АПОЭЛ командасын қабылдады. Сонда алаңның жаз мезгілі бітпей жатып, сап-сары түске боялғанын байқадық. Осындайды көргенде бізде агрономдар дұрыс жұмыс істей алмай ма деген ой туады. Аталған стадион – еліміздегі ең үлкен стадиондардың бірі, бірақ бұған күтім жасалынбайды. Кезінде шаһар басшысы болған Ғабидолла Әбдірахымовтың сол алаңды жаңартуға 40 миллион АҚШ долларын жұмсайды екен дегенді естігенмін. Бірақ жаңарған түгі жоқ, әлі күнге дейін ескі қалпында тұр. Талдықорғандағы «Жетісу», Қызылордадағы «Қайсар», Қарағандыдағы «Шахтер» командаларының стадиондары да әбден ескіріп қалған. Жөндеу жұмыстары жасалынады, бірақ 2-3 жылдан кейін қайта тозып кетеді.
Қазір бас қалада жеңіл атлеттерге арналған кешен салынып жатыр, сол кешен іске қосылса тіпті жақсы болар еді. Өйткені қатарымызда спорт патшайымы саналатын жеңіл атлетикамен айналысатын атлеттер саны азайып барады. Өткен жылы Қазақстан чемпионатына кейбір бағдарлама бойынша екі-ақ спортшы қатысқан. Мәре сызығын бірінші болып кескені чемпион атанса, екінші болып келгені күміс жүлдені иеленді, ал қола жүлде ешкімге бұйырмады, себебі екеуінен басқа ешкім сайысқа түспеген. Қатысушылар санының аздығы дұрыс жолға қойылмаған инфрақұрылымның себебінен деп білемін.
Жалпы, елде спортқа арналған ғимараттар көптеп салынып жатыр. Мысалы, жуырда Талдықорғанда әлемдік стандартқа сай жүзу кешені ашылмақ. Бұл – жақсы-ақ, бірақ мұның барлығы қолға кеш алынды. Бұл ғимараттар 2010 жылы салынып бітуі тиіс еді. Мысалы, жүзуден олимпиада чемпионы атанған Дмитрий Баландин жүзетін орын жоқ жерден «шығып» отыр. Олимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан 48 медаль, жүзу спортынан 24 медаль таратылады, бір спортшының бір барғанда бірнеше медаль алуға мүмкіндігі бар. Ал біз ойнатылатын көп жүлденің ішінен тек біреуін жеңіп алғанымызға ризамыз.
Екінші мәселе – легионерлерге көп сенім артуымыз. Бір жылға бөлінген жергілікті бюджеттің 65-70 пайызы легионерлерге жұмсалады. Тіпті, жетпей қалып, келесі жылдың бюджетінен алып жататын жағдайлар да кездеседі. Хоккей спортында, болсын-болмасын, легионерлерге сүйенетініміз белгілі. Тіпті ұлттық құрамаға Найджел Доус, Даррен Диц секілді канадалықтарды қабылдап алдық. Ауыр атлетикада да Олимпиада чемпионы атанып, айбынымызды асқақтатқан легионерлер бар. Бірақ, тек легионерлерге сеніп отыра бермей, өз арамыздан жарқ етіп шығатын жастарды даярлауға көңіл бөлген абзал. 2000 жылдары ұлттық құрамада күрес түрлерінен күш сынасып, жүлдеден жүлде қоймай, толағай табыстарға қол жеткізген легионерлер көп болды. Оларды көріп өскен біздің балуандар көптің ішінен оза шауып, біздегі күрес спортының бәсін биіктетті.
Үшінші мәселе ретінде біздегі бапкерлер мектебінің әлсіреп жатқанын айтар едім. Бәлкім, елімізде жүзу спортының қыр-сырын білетін жақсы мамандар жүрген шығар, бірақ олар көзге түсе бермейді. Арамыздан гандболдан Лев Яниев, көгалдағы хоккейден Эдуард Айрих секілді әлемдік деңгейге танылған бапкерлер секілді мамандар шықса деген үміт бар. Шетелден бірді-екілі мамандар шақырылады, бірақ олар аз уақыт жұмыс істейді де, басқа мемлекетке кетіп қалады. Сондықтан өзіміздегі бапкерлік мектепті дамытпаса болмайды.
Төртінші мәселе деп жергілікті бюджеттің көп бөлігінің кәсіпқой спортты қаржыландыруға жұмсалуын айтар едім. Біздегі әкімдер бюджеттің 60-70 пайызын футболға салады. Сосын олимпиада чемпионы шыққан өңірдің спортын дамытуға көптеп қаражат жұмсайды. Ал спортта өзін енді-енді танытып жүрген жастарға қанша ақша бөлінетінін білмейміз. Мысалы, Өскеменде шаңғы мектебі жақсы дамығанын білеміз. Ұлттық құрама да сол өңірдің спортшыларынан жасақталған. Бірақ бізде басқа өңірге қыс түспей ме? Басқа аймақтағы жастарымыз сол қысқы спорт түріне қызықпай ма? Сол себепті біз тек бір өңірдің спортшыларын қамтамасыз етпей, басқа аймақтардағы атлеттерге де өз мықтылығын көрсетуге мүмкіндік жасауымыз қажет. Тағы бір айта кетерлік жайт, көп аймақта спорт саласының басшысы ретінде шенеуніктер сайланады. Ал олардың спорттан хабары жоқ. Сонымен қатар, әкімдердің қай спорт түріне іші тартады, сол жақсы дамиды, ал әкім орнынан кеткеннен кейін әлгі спорт дамымай қалады. Жалпылама айтсам, біздің спорт әлі күнге дейін өз бетінше өмір сүріп кете алған жоқ. Әлі де мемлекеттің қолында, бірақ, мемлекеттің қарауында болса да, шашыраңқы қалыпта басқарылады. Спортшыларымыздың нәтижесі тек Олимпиада, әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында білінеді. Ал жалпы спорттың бұқаралық сипаты білінбейді.
Соңғы кездері Қазақстанда қысқы спорт түрлерін дамыту құлдырап кетті. «Барыс» клубы ұлттық бренд болған соң, оған қыруар қаражат бөлінеді. Оған ешкім қарсы емес деп ойлаймын. Десек те, хоккейден ұлттық чемпионаттың насихатталуы аз. Негізі, баскетбол мен хоккей бұқаралық спортты қарқынды дамытатын спорт түрлері ғой. Стадионға кіруге рұқсат сұрап керегі жоқ, көшеде де ойнай беруге болады. «Барыстан» өзге, «Алматы», «Сарыарқа» деген командалар бар екенін халық біледі, бірақ трансляция көрсетілмегендіктен, аталған командалардағы ойыншылардың не істеп, не қойып жүргендерінен бейхабар. Шаңғы спортында нөмірі бірінші атлет саналған Алексей Полторанин допингпен ұсталды, ел намысын талай мәрте абыроймен қорғаған Николай Чеботько қайтыс болды. Олардың ізін өкшелеп басып келе жатқан жастарға еңсе көтеру үшін уақыт керек. Биатлон спортынан Галина Вишневская деген атлетіміз анда-санда көзге түседі. Бірақ соңғы уақытта ол да керемет нәтиже көрсете алмай жүр, себебі жасы ұлғайып барады. Ал ұлттық командада оның орнын басатын әзірше ешкім жоқ. Бізде қысқы спортқа ақша көп бөлінеді. Спортшылар әлемдік жарыстарға да жиі барады, бірақ анау айтқандай нәтиже көрсетпейді. Сол себепті кезінде фаворит болған атлеттердің орнын басатын жастарды тәрбиелеп шығару керек. Осындай қадау-қадау мәселелер шешімін тапса, жағдайымыз жаман болмас еді. Жалпы, әлеммен салыстырғанда Қазақстан спортының жағдайы жаман емес. Себебі тәуелсіздік алған мемлекеттердің арасында олимпиаданың бірде-бір медалін ала алмай жүрген немесе осы отыз жыл ішінде небәрі 2-3 медаль ғана алған елдер жетерлік. Сондықтан әлемдік спортта табан тіреген орнымыз жақсы, бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Өйткені біздің алдымызда спортты ұлттық брендке айналдырған, бізге олимпиада сайын үлгі көрсетіп жүрген Америка мен Ресей елдері тұр.