Оңай олжаға неге үйір болдық?
Оңай олжаға неге үйір болдық?
Ақпанның алғашқы жексенбісі астаналықтарды біраз әуреге салды. Есілдің сол жағалауында гүл дүкенінің ашылуы қала ішінде бұрын-соңды болмаған көлік кептелісін туғызды. Жұртты дүрліктірген дүкеннің ашылуы емес, ұтысқа тігілген су жаңа автокөлік, екі смартфон мен қосымша бағалы сыйлықтар. Жеңімпазды халық алдында оффлайн анықтамақ болған кәсіпкер мен ұтысты ұйымдастырушылар мұнша халық жиналатынын күтпесе керек. Ұтыстан дәмелі екі мыңға жуық қала тұрғынын полиция қызметкерлері әрең таратты. Көпшілікті бір жерге жинап, карантин талаптарын өрескел бұзған кәсіпкердің әрекеті ақылға сыйымсыз дерміз, алайда оңай олжадан үмітті халықтың әрекеті де ойландырмай қоймайды. Астанамыз «қызыл» аймаққа қайта-қайта еніп жатқанына қарамастан, адамдардың өзінің және өзгелердің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретінін біле тұра тегін жүлдеге таласуы ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келетіндердің көп екенін көрсеткендей.
Әлемді жайлаған коронавирус біршама халықты тығырыққа тіреп, қаржылық қиындыққа душар етті. Жұмыстан қысқартуға ұшыраған, табыс көзінен айырылған немесе карантин шараларына байланысты жалақысы қысқарған жұртқа әлеуметтік желідегі ұтыстар, ГИВ-тер мен лоторея ойындары іздегенге сұраған бола кетті. Ел ішінде азды-көпті атағы мен танымалдығы бар әншілер, өнер жұлдыздары той бизнесі мен концерттен қағылған соң халықты осындай онлайн ұтыстарға шақырып, күнкөрістің жаңа тәсіліне көшті.
Қашықтан жұмыс істейтін жұрт интернетке тәуелді екені белгілі. Әлеуметтік желі арқылы блогерлердің ішкен тамағы, киген киімі, шетелде демалғанына дейін бақылап отыратын жұртты ендігі жерде бағалы сыйлық, әдемі көлік, жайлы пәтер ұтып аласың деп қызықтыру қиын емес. Сұраныс болғандықтан шығар, бүгінде инстажұлдыздардың парақшасы ұтыс алаңына айналған. Алайда мыңнан бір адамның ғана сыйлыққа ие болып жатқанын көре тұра, ГИВ-ке қатысатын жұрттың қарасы азаймай отыр. Бүгінде «Бұл неғылған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық?» деп ойланатындар аз болып тұр.
Қолжетімді ақпараттарды сүзгіден өткізіп шыққанда әлеуметтік желідегі ұтыс ойынынан пайда табатын – блогер мен ұйымдастырушылар, ал ұтылатын – қарапайым халық екеніне көзіміз жетті. «Сізден керегі бар болғаны менің достарыма жазылу» немесе «Бір ғана тетікті басып, ұтысқа ие боласыз» деп жар салатын блогерлер шын мәнінде халықтан бұрын, өз қалтасын ойлайтыны айдан анық. Өз үлесін алып, аз ғана сыйлықты иелеріне тапсырғаннан кейін олардың басқа істе шаруасы жоқ.
Түсінікті болу үшін қарапайым қосу, көбейту амалдарымен ұтыс ойындарынан кімнің қанша үлеске ие болатынын сараптап көрсек. Ең алдымен, ұтыс ұйымдастырушы өзінің «ойынына» демеуші іздейді. Демеуші дегеніміз – әлеуметтік желідегі парақшасында оқырман санын арттырсам, танымал болсам деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген фудблогер, киім дүкенінің иесі немесе косметикалық заттар сатушысы, тіпті «еңбек жолын» енді бастаған вайнер болуы мүмкін. Ұйымдастырушы демеушілерден оқырман тарту үшін ең кемі 30 мың теңгеден ақша алады. Сізден талап етілетіні – сол 100 блогердің парақшасына жазылу. Олардың парақшасы сізге пайдалы ма, сіздің дамуыңызға қаншалықты әсер етеді деген сұрақ – екінші мәселе. Бастысы, ұтыстың шартын орындап, қанша адамға жазыл десе, соншасына жазылу керек. Ары қарай ұйымдастырушы 100 блогерден жинаған 3 млн теңгені 3-ке бөледі. Ұтыстың жарнамасын жасаған блогерге 500 мың теңге беріп, ұтысқа қатысқандарға аз-маз сыйлық алып, қалған ақшаны қалтасына басады. Былай қарасаңыз, ойын әділ әрі тегін өтті, бірақ ұтысқа бірнеше мыңдаған адамның қатысатынын ескерсек, жеңімпаздарға таратылған сыйлық көзге тамызғандай-ақ болары сөзсіз. Иә, бұл жерде оқырманның белгілі бір пайызы тегін сыйлыққа ие болды ғой деп уәж айтуға болады. Бірақ ұйымдастырушы мен блогердің мүддесі мен пайдасы ұтысқа қатысушылардан, яғни халықтан әлдеқайда жоғары екенін жоққа шығара алмайсыз.
Осы күні ГИВ-ке демеушілік жасайтын блогерлер әуелде уәде етілген оқырмандар парақшаға ұтыс басталмай тұрып қалай тез келсе, ұтыс аяқталған соң солай тез «кететінін» айтып жүр. Ұтыстан кейін қалған жазылушылардың өзі бот-парақша болғандықтан, демеушілерге де оқырманды ұстап қалу оңайға түспейтін көрінеді.
Тағы бір мысал. Блогер бас жүлдеге автокөлігін немесе пәтерін тігетінін айтып, бар-жоғы 5 мың теңгеге билет сатып алуды ұсынады. Ұтысқа 100 мың адам 5 мың теңгеден төлеп қатысқанда қанша сома шығатынын есептей беріңіз. «Алма піс, аузыма түс» деп үйренгендер қалтасындағы соңғы тиынын осы жүлдеге салады. 5 мың теңгеге көлік міну немесе пәтерге ие болу кімге ұнамасын? Оның үстіне, әлгі блогер де күн сайын видео салып, бас жүлдеге сіз ғана лайық деп елітіп, еліктіріп, емексітіп қоятыны бар емес пе?! Жеке көлігі мен пәтерін көз алдына елестеткен қатысушы ұтыс күнін сарыла күтеді. Ұтыстан бәрі дәмелі, бірақ жеңімпаз біреу. Жеңімпаз өзі болса қуанады, өзге біреу болса көңілі түсіп жабырқайды. Бірақ алдағы уақытта осындай ұтыс өтсе тағы да қатысады. Өйткені бір рет қатысқан адам, келесіде ұтатындай болып, шыр айналып шыға алмай қалады. Яғни ұтысқа қатысу құмар ойын секілді, өмірдің бір бөлшегіне айналады. Жылтырағанның бәрі алтын емес екенін жұрт біледі, түйсінеді. Бірақ оңай олжаға кенеліп, аяқ асты байып кеткісі келеді. Маңдай тер, табан ақымен еңбек етіп, өзін дамыту арқылы қоғамның толыққанды мүшесіне айнала отырып та өзінің материалдық қажеттілігін қанағаттандыруға болатынын ескере бермейді.
Есберген АЛАУХАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, з.ғ.д., профессор:
Журналистердің жұмысын блогерлер атқара алмайды
– Бүгінде кім көрінген блогер. Оның жоғары білімі бар ма, өмірлік тәжірибесі бар ма, оған ешкім қарамайды. Қазір бәлеқордың бәрі атақты болып кетті. Халықты адастырып, ел ішін ала құйын қылып отырған инстажұлдыздар баршылық. Сондықтан мен блогерлерге шектеу қою керекдеп ойлаймын. Блогер арнайы курстардан өтіп, қолында сертификаты мен лицензиясы болуы керек. Бұл – адамның құқығын шектеу емес, бұл бұқаралық ақпарат құралдары кеңістігіндегі заңдылықты сақтау тәртібі.
Журналистер – кәсіпқой мамандар. Олардың жазған сараптамалық мақаласын, эфирдегі 1 минуттық сюжетін немесе кейіпкер портретін ашудағы сұхбатын басқа сала маманы жасай алмайды. Бүгінде журналистердің жұмысын блогерлер атқара алады дегенге саятын жаңсақ пікір ара-тұра айтылып қалып жүр. Журналистика жүректің қалауы, кез келген журналист блогер бола алады, ал блогер журналист бола алмайды.
Әлеуметтік желі арқылы лоторея, ГИВ ұйымдастыратындардың да әрекетін заңмен шектеп, олардың халық алдындағы жауапкершілігін арттырған дұрыс. Әйтпесе әрбіріміз өз білгенімізді жасай берсек, не болады? Біз заңның үстемдігін жұмыс түрінде көрсетуіміз керек.
Жалпы, БАҚ туралы заңға көп өзгеріс жасау керек. Өкінішке қарай, елімізде қабылданған барлық заң жұмыс істемейді. Заңды қабылдай бергенде де, сол заңды жұмыс істететін механизмдерді қозғау керек.