Оңай олжаға неге үйір болдық?

Оңай олжаға неге үйір болдық?

Оңай олжаға неге үйір болдық?
ашық дереккөзі

Ақпанның алғашқы жексенбісі астаналықтарды біраз әуреге салды. Есілдің сол жағалауында гүл дүкенінің ашылуы қала ішінде бұрын-соңды болмаған көлік кептелісін ту­ғызды. Жұртты дүрліктірген дүкеннің ашылуы емес, ұтысқа ті­гілген су жаңа автокөлік, екі смартфон мен қосымша ба­ғалы сыйлықтар. Жеңімпазды халық алдында оффлайн анық­тамақ болған кәсіпкер мен ұтысты ұйымдастырушылар мұн­ша халық жиналатынын күтпесе керек. Ұтыстан дәмелі екі мыңға жуық қала тұрғынын полиция қызметкерлері әрең таратты. Көпшілікті бір жерге жинап, карантин талаптарын өрес­кел бұзған кәсіпкердің әрекеті ақылға сыйымсыз дерміз, алай­да оңай олжадан үмітті халықтың әрекеті де ойлан­дыр­май қоймайды. Астанамыз «қызыл» аймаққа қайта-қайта еніп жат­қанына қарамастан, адамдардың өзінің және өзгелердің ден­саулығы мен өміріне қауіп төндіретінін біле тұра тегін жүл­деге таласуы ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүр­гісі келетіндердің көп екенін көрсеткендей. Әлемді жайлаған коронавирус біршама халықты тығырыққа тіреп, қаржылық қиындыққа душар етті. Жұмыстан қысқартуға ұшыраған, табыс көзінен айырылған немесе карантин шараларына байланысты жалақысы қысқарған жұртқа әлеуметтік желідегі ұтыстар, ГИВ-тер мен лоторея ойындары іздегенге сұраған бола кетті. Ел ішінде азды-көпті атағы мен танымалдығы бар әншілер, өнер жұлдыздары той бизнесі мен концерттен қағылған соң халықты осындай онлайн ұтыстарға шақырып, күнкөрістің жаңа тәсіліне көшті. Қашықтан жұмыс істейтін жұрт ин­тер­нетке тәуелді екені белгілі. Әлеуметтік желі ар­қылы блогерлердің ішкен тамағы, киген киі­мі, шетелде демалғанына дейін бақылап оты­ратын жұртты ендігі жерде бағалы сыйлық, әде­мі көлік, жайлы пәтер ұтып аласың деп қы­зықтыру қиын емес. Сұраныс болғандықтан шы­ғар, бүгінде инстажұлдыздардың парақ­шасы ұтыс алаңына айналған. Алайда мыңнан бір адамның ғана сыйлыққа ие болып жатқа­нын көре тұра, ГИВ-ке қатысатын жұрттың қа­ра­сы азаймай отыр. Бүгінде «Бұл неғылған бат­пан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жат­қан құйрық?» деп ойланатындар аз болып тұр. Қолжетімді ақпараттарды сүзгіден өткізіп шық­қанда әлеуметтік желідегі ұтыс ойынынан пай­да табатын – блогер мен ұйымдастырушы­лар, ал ұтылатын – қарапайым халық екеніне көзі­міз жетті. «Сізден керегі бар болғаны менің дос­тарыма жазылу» немесе «Бір ғана тетікті ба­сып, ұтысқа ие боласыз» деп жар салатын бло­герлер шын мәнінде халықтан бұрын, өз қал­тасын ойлайтыны айдан анық. Өз үлесін алып, аз ғана сыйлықты иелеріне тапсырғаннан кейін олардың басқа істе шаруасы жоқ. Түсінікті болу үшін қарапайым қосу, кө­бейту амалдарымен ұтыс ойындарынан кімнің қан­ша үлеске ие болатынын сараптап көрсек. Ең алдымен, ұтыс ұйымдастырушы өзінің «ойы­нына» демеуші іздейді. Демеуші дегеніміз – әлеуметтік желідегі парақшасында оқырман санын арттырсам, танымал болсам деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген фудблогер, киім дүкенінің иесі немесе косметикалық зат­тар сатушысы, тіпті «еңбек жолын» енді бас­таған вайнер болуы мүмкін. Ұйымдастырушы демеушілерден оқырман тарту үшін ең кемі 30 мың теңгеден ақша алады. Сізден талап еті­ле­тіні – сол 100 блогердің парақшасына жа­зылу. Олардың парақшасы сізге пайдалы ма, сіздің да­муыңызға қаншалықты әсер етеді деген сұрақ – екінші мәселе. Бастысы, ұтыстың шартын орындап, қанша адамға жазыл десе, соншасына жазылу керек. Ары қарай  ұйым­дастырушы 100 блогерден жинаған 3 млн теңгені 3-ке бөледі. Ұтыстың жарнамасын жа­саған блогерге 500 мың теңге беріп, ұтысқа қатысқандарға аз-маз сыйлық алып, қалған ақшаны қалтасына басады. Былай қарасаңыз, ойын әділ әрі тегін өтті, бірақ ұтысқа бірнеше мыңдаған адамның қатысатынын ескерсек, жеңімпаздарға таратылған сыйлық көзге тамызғандай-ақ болары сөзсіз. Иә, бұл жерде оқырманның белгілі бір пайызы тегін сый­лыққа ие болды ғой деп уәж айтуға болады. Бірақ ұйымдастырушы мен блогердің мүддесі мен пайдасы ұтысқа қатысушылардан, яғни халықтан әлдеқайда жоғары екенін жоққа шығара алмайсыз. Осы күні ГИВ-ке демеушілік жасайтын блогерлер әуелде уәде етілген оқырмандар парақшаға ұтыс басталмай тұрып қалай тез келсе, ұтыс аяқталған соң солай тез «кететінін» айтып жүр. Ұтыстан кейін қалған жазылу­шылардың өзі бот-парақша болғандықтан, демеушілерге де оқырманды ұстап қалу оңайға түспейтін көрінеді. Тағы бір мысал. Блогер бас жүлдеге авто­көлігін немесе пәтерін тігетінін айтып, бар-жоғы 5 мың теңгеге билет сатып алуды ұсы­нады. Ұтысқа 100 мың адам 5 мың теңгеден тө­леп қатысқанда қанша сома шығатынын есептей беріңіз. «Алма піс, аузыма түс» деп үйрен­гендер қалтасындағы соңғы тиынын осы жүлдеге салады. 5 мың теңгеге көлік міну не­месе пәтерге ие болу кімге ұнамасын? Оның үсті­не, әлгі блогер де күн сайын видео салып, бас жүлдеге сіз ғана лайық деп елітіп, еліктіріп, емексітіп қоятыны бар емес пе?! Жеке көлігі мен пәтерін көз алдына елестеткен қатысушы ұтыс күнін сарыла күтеді. Ұтыстан бәрі дәмелі, бі­рақ жеңімпаз біреу. Жеңімпаз өзі болса қуа­нады, өзге біреу болса көңілі түсіп жабырқайды. Бірақ алдағы уақытта осындай ұтыс өтсе тағы да қатысады. Өйткені бір рет қатысқан адам, келесіде ұтатындай болып, шыр айналып шыға ал­май қалады. Яғни ұтысқа қатысу құмар ойын секілді, өмірдің бір бөлшегіне айналады. Жыл­тырағанның бәрі алтын емес екенін жұрт біледі, түйсінеді. Бірақ  оңай олжаға кенеліп, аяқ асты байып кеткісі келеді. Маңдай тер, та­бан ақымен еңбек етіп, өзін дамыту арқылы қо­ғамның толыққанды мүшесіне айнала оты­рып та өзінің материалдық қажеттілігін қа­на­ғаттандыруға болатынын ескере бермейді.  width= Алмагүл АЛДАБЕРГЕНОВА, психолог: Оңай олжаға психикалық тұрғыда жетілмеген адам ғана сенеді

– Бүгінде әлеуметтік желіде ұйым­дас­ты­рылатын ұтыс ойындарына халықтың белсенді қатысатыны, көрсеқызарлыққа салынып, жеңіл олжаға жүгіретіні қалыпты жайтқа ай­налды. Өкінішке қарай әлеуметтік желіде ой­натылатын лоторея, ГИВ, азартты ойындар мен ұтыстарға жастар ғана емес, ересек адамдардың өзі сеніп жатады. Бұл – астарында бірнеше себебі бар маңызды мәселе. Кездейсоқ жүлдеге ие болатынына, ұтыста жеңімпаз атанатынына сенген адамда инфантильділік басым. Ол дегеніміз – адамның физикалық тұр­ғыда өсіп, дамып, жетілгенімен, психикалық және эмоционалдық тұрғыда жетілмей қалуы. Бұл әйел адамда да, ер адамда да кездеседі. Яғни адамның жасына сәйкес түр-келбеті өседі, бірақ психикалық жағдайы жасөспірімдік шақта қалып қояды. Жасөспірімдік кезеңде адам «барлығы менің қолымда», «мен барлығын істей аламын», «мен жеңемін», «сәттілік менің серігім» деген ойда жүретін, яғни өзіне сон­шалықты сенімді болатын кезең. Инфантильді адамдар осындай әрекетке барады.  Сәттілікке сеніп, жағдайды рационалды түрде бағала­майды. Оның себептеріне келетін болсақ, бар­лы­ғы отбасындағы тәрбиеге келіп тіреледі. Балаға «Баяғыда бір кедей болыпты» деп ертегі бастаймыз да, соңында «сол кедей бір күні бай болып кетіпті» деп аяқтаймыз. Осыны тыңдап өскен бала ғажайыпқа, ертегіге, кенеттен бо­латын бір өзгерістерге сеніп өседі. Адам өмірде алға қойған мақсатына еңбек ету,  тер төгу, өзін-өзі қамтамасыз ету арқылы жауап­кер­шілікпен жететінін, ойға алған нәрсенің бірден бо­ла қоймайтынын, біртіндеп жиналатынын жастайынан бойына сіңіру керек. Әрине, ғажайыпқа сенген жақсы. Бірақ ара­жігін ажырата алу қажет. Сәттіліктің тек өзі­не ғана серік болатынын сенген адам ойын­да­ғысы орындалмай қалған кезде депрессияға тү­седі. Мұндай адамның жағдайын айтып жет­кізу мүмкін емес. Күткені орындалмаған, ойын­дағысы болмаған адамның ұнжырғасы түсіп, бұл көңіл күйі өмірінің басқа саласына кері әсер етуі мүмкін.
 width= Есберген АЛАУХАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, з.ғ.д., профессор: Журналистердің жұмысын блогерлер атқара алмайды
– Бүгінде кім көрінген блогер. Оның жо­ғары білімі бар ма, өмірлік тәжірибесі бар ма, оған ешкім қарамайды. Қазір бәлеқордың бәрі атақ­ты болып кетті. Халықты адастырып, ел ішін ала құйын қылып отырған инста­жұл­дыз­дар баршылық. Сондықтан мен  блогерлерге шек­теу қою керекдеп ойлаймын. Блогер ар­найы курстардан өтіп, қолында сертификаты мен лицензиясы болуы керек. Бұл – адамның құқығын шектеу емес, бұл бұқаралық ақпарат құралдары кеңістігіндегі заңдылықты сақтау тәр­тібі. Журналистер – кәсіпқой мамандар. Олар­дың жазған сараптамалық мақаласын, эфир­дегі 1 минуттық сюжетін немесе кейіпкер портретін ашудағы сұхбатын басқа сала ма­маны жасай алмайды. Бүгінде журналистердің жұмысын блогерлер атқара алады дегенге саятын жаңсақ пікір ара-тұра айтылып қалып жүр. Журналистика жүректің қалауы, кез кел­ген журналист блогер бола алады, ал блогер жур­налист бола алмайды. Әлеуметтік желі арқылы лоторея, ГИВ ұйым­дастыратындардың да әрекетін заңмен шек­теп, олардың халық алдындағы жауап­­кершілігін арттырған дұрыс. Әйтпесе әрбіріміз өз білгенімізді жасай берсек, не болады? Біз заңның үстемдігін жұмыс түрінде көрсетуіміз керек. Жалпы, БАҚ туралы заңға көп өзгеріс жа­сау керек. Өкінішке қарай, елімізде қа­был­данған барлық заң жұмыс істемейді. Заңды қа­былдай бергенде де, сол заңды жұмыс істе­тетін меха­низмдерді қозғау керек.