Мәселе – ниетте!
Мәселе – ниетте!
Өткен аптада Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтарға үндеу жасады. Президент қазақ тілін жетік меңгерген әр азаматты қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөлісуге шақырды. Тіл үйренуге талпынушыларды көп болып қолдау маңызды екені талассыз. Ал мемлекеттік тілді меңгеруге құлықсыздарды қайтпекпіз? Қынжылтатыны, мұндайлар елге бас болып жүрген шенеуніктердің арасында да аз емес. Депутаттардың ант беру рәсіміндегі абыройсыздықты көріп ашуға мінген жұрт күні кеше Үкіметтегі ең жас министрдің шүлдірін естіп тағы жағасын ұстады.
Депутаттардың алдында қызарған министр
Президент мемлекеттік тілді меңгеру мәселесін алғаш рет көтеріп отырған жоқ. Жуырда Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылғанын еске салды. Сондықтан оны меңгеру әрбір қазақстандықтың міндеті, тіпті парызы екенін ұмытпауымыз керек.
«Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», – деп жазды Президент.
Мемлекет басшысы қазақ тілді кеңінен қолдану басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады дегенді білдірмейтінін баса айтты. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала бермек.
«Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында.
Өкініштісі, Президент сенім артқан Үкімет өзгелерге тіл меңгеруге жағдай жасау тұрмақ, өзі әлі күнге дейін қазақ тілінде еркін сөйлей алмай келеді. Өткен аптада Мәжіліске баяндама жасаймын деп келіп, жерге қарап қайтқан Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Тәуелсіздіктен кейінгі буын билікке араласқанда мемлекеттік тілдің мәртебесі артар деп сенген халықтың үмітін күл-талқан еткендей болды.
Ерғалиев – министрлер кабинетіне жаңадан қосылған екі министрдің бірі. 34 жастағы министр бұған дейін Ұлттық экономика министрлігінде вице-министр болды. Ведомствоның жаңа жетекшісі өзіне дейінгі басшылардың жолын жалғастыратын секілді. Бұған дейін аталған министрлікті басқарған Ерболат Досаев, Руслан Дәленов қатарлы министрлер мемлекеттік тілге жүйрік болды дей алмаймыз. Ал «Мәскеуде бес жыл тұрып, қазақ тілін ұмытып қалдым» деп ақталған Тимур Сүлейменов өз ана тілінде екі сөздің басын әрең құрайтын.
«Ағаларының» ізін басқан Әсет Ерғалиев те ойын қазақша жеткізе алмайтыны аңғарылды. Қазақша сұрақтарды құлаққаппен тыңдап, орысша жауап берген министрді Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов қызартты.
«Сіз отыз жылдық Тәуелсіздігі бар, Тәуелсіз мемлекеттің Мәжілісіне алғаш рет келіп тұрғандықтан, сізге ескерту жасайын. Сіз қазақ тілінде қойылған сұраққа ешқандай рұқсат сұрамастан, орыс тілінде жауып беріп тұрсыз. Жас болғаныңызға қарамастан, Сіз 18 миллион халықтың ішінен министр лауазымына лайық деп таңдалдыңыз. Сізді Тәуелсіздіктің құрдасы деуге де болады. Сіздің ана тіліңізде жауап беруге дайын болмауыңызды ұят деп есептеймін! Менен сізге өтініш – ана тілімізде қойылған сұраққа ана тілімізде жауап беріңіз!», – деді халық қалаулысы.
Мәжілістегі жиынның желіге жүктелген бейнежазбасынан көргеніміз – Әсет Ерғалиев өз баяндамасын қағаздан көз алмай, қазақша ежіктеп оқып шыққан. Қазақ тілінде қойылған үш сұрақтың алғашқысына жауап бергенде қазақша 13 сөзді шүлдірлей айтып, әрі қарай орысша жауап беріпті. Орысша қойылған сұрақтарға берген жауабы тап-тұйнақтай: мүдірмейді, жаңылмайды. Мұның бәрін бақылап отырған Берік Дүйсембинов өзіне микрофон жеткенде ойын бүкпей айтты. Өзінің өтінішін айтқан болып халықтың талабын жеткізді. Депутаттың сөзін Мәжіліс басшысы да қолдады.
Өз тілін білмейтін қазақтарға өзге ұлт өкілдері үлгі
Әсет Ерғалиев – депутаттардың алдында қызарған алғашқы Үкімет мүшесі емес. Бұған дейін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бірнеше министр мен олардың орынбасарларын мемлекеттік тілде қойылған сұраққа сол тілде жауап бермегені үшін сынға алған еді. Мәселен, өткен жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасы қаралған төменгі палата отырысында депутат Наринэ Микаелянның қазақша қойған сауалдарына орыс тілінде жауап қайтарған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Мәжіліс Спикерінен оңбай сөз естіді. Өзге ұлт өкілі болғанына қарамастан, мемлекеттік тілді құрметтеп, мемлекеттік мүддені қорғап отырған депутатқа Наринэ Микаелянға вице-министрдің орысша тіл қатуы және онысынан еш қымсынбауы көпшіліктің ашуына тиді. Еш рұқсат сұрамастан мемлекеттік тілде сөйлеп тұрғандай емін-еркін көсілген министрлік өкілінің сазайын Нұрлан Нығматулин берді:
– Әрине, бізде аударма бар. Осы залда отырған әрбір азаматқа қай тілде сөйлеймін десе де жағдай жасалған. Бірақ басқа ұлттың азаматтары қазақ тілінде сайрап тұрғанда, сіздің мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз дұрыс емес – деді спикер қазақша білмейтін қазақ вице-министрге қадалып тұрып.
Мәжіліс Төрағасының үнемі министрлерден мемлекеттік тілді талап етіп отыратынын жұрт қуана қолдайды. Талабы тастай спикердің сонымен қатар кейбір өз ісіне жауапсыз қараған вице-министрлерді «дайындалып келіңіз» деп Парламенттен қуып жібергенін де көпшілік жөн шара деп есептейді.
Өзге ұлт өкілдері демекші, ұлты орыс болса да жаны қазақ азамат, мемлекеттік тілге құрметі үшін елдің алғысына бөленген саясаткер Геннадий Шиповских өткен жылы Мәжіліс депутаты болып тұрған шағында қазақ тілін білмейтін шенеуніктер үшін ұялатынын айтқан еді.
«Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте немесе өңірлерге барғанда кейбір мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде сөйлеген кезде «ақсап» жатады. Тіпті, қараны қара, ақты ақ деп қазақ тілінде түсіндіріп те бере алмайды. Бұл халық арасында теріс көзқарас қалыптастырады. Меніңше, осыған да мән беруіміз керек. Мәселен, «Таңшолпан» бағдарламасының тілшілері еліміздегі бір министрлікке хабарласып, қазақ тілінде спикер сұраса, мемлекеттік тілде сөйлеп бере алатын спикерлерінің жоқ екенін айтыпты. Осындай үлкен министрлікте қазақша түсіндіріп бере алатын маманның жоқтығына таңғаламын», – деді Геннадий Шиповских.
Геннадий мырзаның қай ведомствоны меңзегенін анықтап, мемлекеттік тілді менсінбеген шенеуніктердің соңынан шам алып түсу – мақсатымыз емес. Одан ұтарымыз шамалы. Ұтылмас үшін, қазақ тілінің асығы түгел, мәртебесі биік болуы үшін ең абзалы – мемлекеттік тілді білмейтіндерді мемлекеттік қызметке, билік басына жолатпау. Жауапты қызметке қабылдар алдында шенділердің тіл білу деңгейін тексеретін тетіктер жоқ емес, бар. Алайда мемлекеттік органдарда қазақша екі ауыз сөздің басын қоса алмайтындардың қарасы көп екенін ескерсек, көпті уәде еткен тесттердің әлденені өзгерте алар қауқарына күмән келтірмеске лаж жоқ.
Қазтест: Шенділердің тіл білу деңгейі қандай?
Өткен жылы М. Бақтиярұлы, Л. Сүлеймен, Н.Жүсіп, Н.Төреғалиев, Д.Нұржігітова, Д.Нөкетаева сынды бір топ сенатор Үкімет басшысына мемлекеттік тілге қатысты депутаттық сауал жолды. Асқар Маминнің сол сауалға берген жауабында келтірілген деректерге сүйенсек, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 2011-2018 жылдар аралығында мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25 пайызға өсіп, бүгін 86 пайыз болып отыр. Аталған кезеңде мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 56 пайыздан 73 пайызға дейін, мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат айналымының үлесі 88 пайыздан 93 пайызға дейін өскен. Ал Алматының 2020 жылғы даму бағдарламасындағы дерек бойынша бүгінде қала тұрғындарының 90 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлеп тұр. Жоғарыда аталған деректер рас болса, мемлекеттік қызметте жүргендер, жұмсақ креслода шіренген шенділердің көпшілігі неге мемлекеттік тілге шорқақ? Әлде мемлекеттік орган қызметкерлері жоғарыдағы статистикаға енбейтін ерек санат па?
Мемлекеттік қызметкер жұмысқа қабылданар алдында қаншалықты қазақ тілін меңгергенін анықтайтын тест тапсыратыны көпшілікке мәлім. Қазтест тапсырмаларын тестология саласын игерген, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының тілші-ғалымдары, әдіскерлері мен ғылыми зерттеу институттарының мамандары әзірлейді. Осы ретте, жоғарыда біз атап өткен тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қазақ тілін меңгерген азаматтардың үлесін Қазтест жүйесі арқылы бағалау көрсетілген. Осыған орай, аталған бағдарламаға сәйкес жыл сайын мемлекеттік қызметшілер сынақтан өтеді. Бүгінгі күнге дейін Қазтест жүйесі бойынша тестілеуге 400 мыңнан астам адам қатысқан. Оның ішінде, 2015-2020 жылдар аралығында 100 мыңнан астам мемқызметшінің тіл білу деңгейі тексерілді.
Сынақ нәтижесіне сүйенсек, 2017 жылы тестілеуден өткен 20 мыңнан астам мемлекеттік қызметшінің ішінде қазақ тілін орта деңгейде (В1) меңгергендер 27,8 пайыз болса, жоғары (С1) деңгейді 0,7 пайызы меңгерген. 2018 жылы 25 мыңға жуық Қазтест тестілеуіне қатысқан мемлекеттік қызметшінің қазақ тілін орта деңгейде (В1) меңгергені 20,2 пайызды, жоғарғы (С1) деңгейді меңгергендері 0,7 пайызды көрсетті. 2019 жылы 15 мыңнан астам мемлекеттік қызметші Қазтест тестілеуінен өткен. Оның ішінде, қазақ тілін орта деңгейде (В1) меңгергендер 30,5 пайызды, жоғары (С1) деңгейді меңгергендер 3 пайызды көрсетті. Яғни, тек 2019 жылы ғана мемлекеттік тілді жоғары деңгейде білетін мемлекеттік қызметкердің үлесі 2 пайызға жоғарылаған. Ал былтыр тестілеуге қатысқан 3 мыңға жуық қызметкердің 25 пайызы ғана қазақ тілін ортадан жоғары деңгейде (В2), небәрі 2 пайызы жоғары деңгейде меңгергені анықталды.
Осы орайда, ресми құжаттардан көзіміз шалған тағы бір «қызықты» деректі айтпай кетуге болмас. Елімізде 2013-2020 жылдар аралығында Қазтест тестілеуі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеуден әртүрлі лауазымдағы 131 412 мемлекеттік қызметкердің арасында әкімдер мен министрлер де бар. Нақтырақ айтсақ, қазақ тілінен сынақ тапсырған 4 министрдің екеуі – базалық, біреуі – орта, тағы бірі ортадан жоғары деңгейде меңгерген. Ал бір облыс әкімі мемлекеттік тілді орта деңгейде білсе, төрт қала әкімі – бірінші қарапайым деңгейде, екеуі – базалық, біреуі орта деңгейде меңгерген. Байқағанымыздай, тестілеуден өткен әкімдер мен министрлердің ешбірі қазақ тілін жоғары деңгейде, яғни жетік білмейтін болып шықты. Десе де, бұл фактор олардың өз қызметін сапалы атқаруына кедергі келтірмейді деген ұйғарым жасалған секілді. Бүгінгі Үкіметте, жергілікті басқару органдарында қазақша баяндаманы ежіктеп оқитын, мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, орысша жауап беруді әбестік көрмейтіндердің көптігі – сол ұйғарымның «жемісі».
Құлықсыздың сылтауы бітпес
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Роман Ким мемлекеттік тілді білуге арналған тесттен сүрінбей өткендер кейіннен журналистер мен халықтың сұрақтарына мемлекеттік тілде жауап бере алмайтынын мойындады. Ол өзі де келіп түскен мемлекеттік тілдегі сұрақтарға дәл сол тілде жауап беруге қабілетті емес екенін жасырмайды.
«Мемлекеттік қызметке орналасу кезінде үміткер заңнаманы және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін тексеруге арналған тест тапсыратыны рас, бірақ мемлекеттік тіл сынағы бүгінгі күні бағаланбайтынын айтқым келеді. Яғни, ол үшін ұпай қойылмайды. Бұл негізінен тестілеу кезінде заңнаманы білуге қатысты. Әзірге қолданыстағы заңда бұл қарастырылмаған», – дейді ол «Литер» басылымына берген сұхбатында.
Оның сөзінше, алдағы уақытта мемқызметшілердің мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау мәселесі пысықталатын болады. Алайда Роман Ким шенділерге қазақ тілін оқытатын арнайы бағдарлама жоғын алға тартыпты.
Мұны мемлекеттік қызмет істерін үйлестіретін шенеуніктің мемлекеттік тілді меңгеруге құлықсыздығы демеске лажымыз жоқ. Қазақ тілін үйренемін деген талпынысы болса, үйрететін адам, бағыт беретін бағдарлама табылмайды дегенге кім сенеді? Мемлекеттік тілден бұрын ағылшын тілін меңгеруді бірінші орынға қойып, шет тілі курстарынан ақшасын да, уақытын да аямайтын мемқызметшілер қазақ тіліне келгенде жүз сылтау тауып алатыны – әлі күнге дейін мемлекет құраушы ұлттың тіліне деген қажеттілік жоқ екенінің айғағы.
P.S.
Өткен жылы Ақмола облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин мемлекеттік тілді меңгермеген мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын 50 пайызға қысқартуды ұсынған еді. Оның айтуынша, соларға бола қанша қаржы жұмсалып, қаншама бағдарлама жазылса да, нәтиже шыққаны шамалы. Орынды сөз. Қазақ тіліне шынайы қажеттілік тумайынша әлдебір өзгеріс күту – ертегіге сенгенмен бірдей.