Көлікке соғылған жылқының иесі жауапқа тартылады

Көлікке соғылған жылқының иесі жауапқа тартылады

Көлікке соғылған жылқының иесі жауапқа тартылады
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облысында «Lexus RХ350» көлігі жол үстіне шығып кеткен жылқыға соғылған. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға кешкі сағат 19.00 шамасында «Тайынша-Келлеровка» автожолында Многоцветный елдімекенінің маңында болған. «Lexus RХ350» көлігімен келе жатқан Петропавлдың 31 жастағы тұрғынының алдынан бір үйір жылқы атып шыққан. Жүргізуші жалтарып үлгермей, жылқының бірін қағып кеткен. Жүргізуші де, жылқы да аман, алайда көлікке айтарлықтай зақым келді. Көлік жүргізушісі полицияға хабарласып, оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы жетті. Ол бірден үйір жылқының иесін анықтап, Тайынша қаласының тұрғыны 59 жастағы ер адамға қатысты екі әкімшілік хаттама толтырды. «Бұл биылғы осындай екінші жағдай. Қараусыз жүрген мал жол-көлік оқиғасына себепші болды. Екі жағдайда да адамдар зардап шекпеді. Мал иелері тарапынан бұл үлкен жауапсыздық. Олар ұрлық жасауға жағдай жасап қана қоймай, жолдағыларға қатер төндірді. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін учаскелік полиция инспекторлары үнемі алдын алу іс-шараларын, кездесу ұйымдастырып тұрады. Малын бос қоя бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.