Отыз жылда қазақша отыз ауыз сөз үйренбегендердің саны әлі де көп
Отыз жылда қазақша отыз ауыз сөз үйренбегендердің саны әлі де көп
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы тіл мәселесіне қатысты идеяларына орай «Мемлекеттік тіл – халықты ұйыстыру құралы» тақырыбы бойынша алқалы онлайн отырыс өткізді.
Үкімет жанындағы Ұлттық комиссия мақұлдаған жетілдірілген латын графикасындағы қазақ әліпбиі мен емле ережелерін қоғамда кеңінен насихаттау мен жаһандану кезеңіндегі қазақ тілін дамыту мәселелерін талқылауды мақсат тұтқан бұл бас қосуға Қазақстан Республикасы Парламенті қос Палатасының депутаттары, Ұлттық комиссия жанындағы Орфографикалық жұмыс тобының мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарының тіл басқармаларының басшылары, тіл оқыту өңірлік орталықтарының директорлары, ұлттық компаниялардың тіл бөлімдері басшылары мен мамандары, әлеуметтік лингвистика саласы ғалымдары және т.б. тіл мамандары мен жанашырлары қатысты.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаның алғашқы сөзінен-ақ аталмыш шараның өткір тұрған өзекті мәселені қозғап, шешу жолдарын қарастыруға берік бекінгені анық байқалды. Оның айтуынша, еліміздегі оқыту орталықтарындағы жұмыстың тиімді әрі жүйелі жүргізілуінің негізгі индикаторы білікті оқытушы екеніне қарамастан, мәртебесі анықталмаған орталықта мамандарды тұрақты ұстап тұру, бәсекелестік ортада материалдық және басқа да мәселелерін шешу бағытында шешімін табу керек жайттар жеткілікті екен. 2020 жылдан бастап еліміздің педагог мамандарының жыл сайынғы лауазымдық жалақысын 25 пайызға, сондай-ақ мәдениет қызметкерлерінің жалақысын 35 пайызға көтеру туралы берілген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында Тілдерді оқыту орталықтарындағы 454 оқытушы мүлде назардан тыс қалып отыр. Оның үстіне 9 өңірде бүгінгі күні басқармалар жабылып, тілдерді дамыту жөніндегі міндеттерді: ішкі саясат басқармалары (Ақмола және Қызылорда облыстары), мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармалары (Шымкент қаласы, Маңғыстау және Павлодар облыстары), мәдениет басқармасы (Түркістан облысы), тілдерді дамыту және архив істері басқармасы (Нұр-Сұлтан қаласы және Солтүстік Қазақстан облысы), Тілдерді дамыту және латын әліпбиіне көшу орталығы (Алматы қаласы) атқарып келеді.
«Тіл-Қазына» орталығы директорының орынбасары Айдос Абдыхалық тілге тиек еткен «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері. Азаматтардың қазақ тілін меңгеру талаптарын жүйелеу мәселесі» қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Көпшілік назарына ұсынылған көкейтесті мәселелер бойынша келелі сөз, кемел пікір айтылды, тиісті ой түйінделді.
Отырыс соңынан арнайы қарар қабылданды.