Қуандық Бишімбаев 2017-2021 жылдарға арналған елдің экономикалық даму болжамын ұсынды
Қуандық Бишімбаев 2017-2021 жылдарға арналған елдің экономикалық даму болжамын ұсынды
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2017-2021 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2017 – 2019 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2017 – 2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Заң жобаларын ұсынды деп жазады Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Өз сөзінде Қ.Бишімбаев 2017 – 2021 жылдарға арналған еліміздің әлеуметтік – экономикалық даму болжамы 2016 жылға арналған жалпы ішкі өнімді бағалауды нақтылау, кейіннен 2021 жылға қарай бір АҚШ долларына 340 теңгеге дейін нығайтумен, 2017 – 2019 жылдары бір АҚШ долларына 360 теңге деңгейінде алынған есептік бағамы негізінде әзірленгенін атап кетті.
Сонымен қатар құжатты әзірлеу барысында халықаралық ұйымдардың әлемдік экономиканың өсуі мен тауар нарықтарындағы әлемдік бағалардың өзгеру үрдісі бойынша жаңартылған болжамдары ескерілді. Осыны негізге ала отырып, әлемдік тауар нарықтарындағы бағалардың түрлі өзгеруі кезіндегі Қазақстан экономикасын дамытудың үш ықтимал сценарийі қаралды.
Сонымен қатар, 2017-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлерін қалыптастырудың негізіне базалық сценарий алынды.
«Базалық сценарий 2017-2019 жылдары мұнайдың бағасы бір барреліне 35 АҚШ доллары консервативті деңгейінде қалыптасып, 2021 жылы бір барреліне 45 АҚШ долларына дейін өседі. 2021 жылы металл бағасы 2016 жылғы деңгейге қарағанда 11%-ға дейін өсуді көрсетеді» - деп хабарлады Бишімбаев.
Мұнай өндіру көлемі кейіннен 2021 жылы 86,5 млн. тоннаға дейін ұлғаюмен, 2017 жылы 79,5 млн. тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2017 жылы 1,9%, 2018 жылы 2,1%, 2019 жылы 2,7%, 2020 жылы 2,9% және 2021 жылы 3,1% деңгейінде болжанып отыр.
Халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2021 жылы 10,0 мың АҚШ долларына дейін ұлғаюмен 2017 жылы 7,5 мың АҚШ доллары деңгейінде кейіннен болжанады. Жылдық орташа өсу қарқыны өнеркәсіпте 2,1%-ды, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімде - 3,0%-ды, құрылыс саласында - 3,6%-ды құрайды.
Экспорт кейіннен 2021 жылы 53,3 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғаюмен 2017 жылы 40,2 млрд. АҚШ доллары деңгейінде болжанады, импорт 2017 жылы 29,1 млрд. АҚШ долларынан 2021 жылы 38,2 млрд. АҚШ долларына дейін өседі. Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2017 жылы 6,0-8,0% шегінде болады, кейіннен 2021 жылға қарай 3,0-4,0%-ға дейін төмендейді.
«Орта мерзімді перспективада экономикалық саясаттың мақсаты әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, сондай-ақ бәсекелестік пен жеке капиталды дамыту болып табылады» - деп атап өтті Бишімбаев.
Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2017 жылы 4 338,2 млрд.теңге, 2018 жылы – 4 562,3 млрд.теңге, 2019 жылы – 4 877,2 млрд.теңге сомасында болжанып отыр.
«2017-2019 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері белгіленіп тіркелген 8 млрд. АҚШ доллары мөлшері мен АҚШ долларының 360 теңгемен есептелу бағамын негізге ала отырып, жыл сайын 2 880 млрд. теңге сомасында айқындалды» - деді Бишімбаев, тиісті заң жобасын ұсына отыра.
Сондай-ақ, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыруға бұрын Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған 720 млрд. теңгеден 2017 жылы Ұлттық қордан 441,6 млрд. теңге мөлшерінде нысаналы трансферт тарту жоспарлануда. Аталған қаражат көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының индустриялық инфрақұрылымын дамытуға, жылумен және сумен жабдықтау, су бұру желілерін жаңғыртуға, тұрғын үй құрылысы аудандарындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысына, 2018 жылдың соңына қарай авариялық мектептерді және үш ауысымдық оқытуды жою үшін білім беру объектілерінің құрылысына жұмсау жоспарланып отыр.
«2017 жылы бюджет тапшылығын 578,1 млрд. теңгеге немесе ЖІӨ-ге қатысты 1,2 %-ға дейін төмендету жоспарлануда. 2018-2019 жылдары тапшылықты ЖІӨ-ге қатысты 1,0%-ға дейін одан әрі төмендету жоспарлануда. Бұл 2017-2019 жылдары мемлекеттік борышты ЖІӨ-ге қатысты 22%-дан аспайтын деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, республикалық бюджет шығыстары 2017 жылы 8 564,4 млрд. теңге, 2018 жылы – 8 370,6 млрд. теңге және 2019 жылы – 8 751,2 млрд. теңге көлемінде айқындалды» - деп толықтырды Қ.Бишімбаев.
«Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерi арасындағы 2017 – 2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемі туралы» Заң жобасы өңірлердің бюджеттік қамтамасыз ету деңгейін теңестіруге және мемлекет кепілдік берген қызметтерді көрсетуде тең фискалдық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.
«Үш жылдық кезеңге арналған субвенциялар мен алып қоюларды есептеу өңірлердегі бюджеттік көрсетілетін қызметтерді алушылардың санына, сондай-ақ қызметтерді көрсету құнына ықпал ететін объективті факторларға сүйене отырып жүргізілген» - деп атап өтті Ұлттық экономика министрі.
2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемін айқындау кезінде әкімдердің қаржылық дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мақсатында жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына бұрын республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылған тұрақты сипаттағы шығындар, оның ішінде 2017 жылы 496,7 млрд.теңге, 2018 жылы 566,4 млрд.теңге, 2019 жылы 572,4 млрд.теңге арналған шығындар барынша қосылған.
Жергілікті бюджеттердің болжамды кірістері мен шығыстарын ескере отырып жалпы сипаттағы трансферттер мынадай көлемдерде айқындалды:
бюджеттік алып қоюлар:
2017 жылы – 239,9 млрд. теңге;
2018 жылы – 257,0 млрд. теңге;
2019 жылы – 292,2 млрд. теңге;
бюджеттік субвенциялар:
2017 жылы – 1 482,9 млрд. теңге;
2018 жылы – 1 563,8 млрд. теңге;
2019 жылы – 1 568,3 млрд. теңге.