Таразда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған алғашқы монша салынбақ

Таразда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған алғашқы монша салынбақ

Таразда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған алғашқы монша салынбақ
ашық дереккөзі
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы «Асар» оңалту орталығының құрылысы барысымен танысты. «Асар» Жамбыл облысының мүгедектермен жұмыс істейтін ұйымдар одағы» заңды тұлғалар бірлестігіне арналған оңалту орталығының құрылысы өңір басшысының жеке тапсырмасы бойынша басталған болатын. Орталық қаланың шет жағындағы, артық шу мен қарбаластан алыс Мамыр тоғайындағы жасыл желектің ортасында орналасқан, 2 ғимараттан тұрады. Оның бірі толық күрделі жөндеуден өткен нысан болса, екіншісі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жергілікті құрылыс компаниясы тегін салып берген ғимарат. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, орталықтағы басқа да жұмыстар тараздық кәсіпкерлердің көмегімен қайтарымсыз негізде орындалуда. Олардың бірқатары құрылыс материалдарын жеткізіп берсе, енді бірі ақшалай қолғабыс етуде. «АСАР» ЗТБ басшысы Руслан Төлегеновтің айтуынша, орталық үш бағыт бойынша жұмыс істейді: физиотерапия, зоотерапия және бизнес-оқыту. Ондағы мақсат – барлық тиісті үкіметтік емес ұйымдарды біріктіру, олардың күш-жігерін, бюджеттік және демеушілік қаражаттарын артық шығындамау, бір-бірін қайталамау, мүгедектер өмірінің мәселелерін шешу, оларға жан-жақты қолдау көрсету. Мүмкіндігі шектеулі азамат – Руслан ерекше адамдардың мәселеcімен етене таныс. «Бізге келген адамның алдымен қаншалықты еңбекке қабілетті екенін анықтаймыз, содан кейін оны стационарға немесе кәдесыйлар жасау шеберханаларына жұмысқа жібереміз. Сондай-ақ, өз бизнесін ұйымдастыруға және жүргізуге үйретеміз. Жұмысымызды осы бағытта жүйелей түскіміз келеді», – дейді Р.Төлегенов. Сонымен қатар, оңалту орталығында тұрақты күтімді қажет ететін мүгедектердің туыстарына психологиялық және практикалық көмек көрсету бағдарламасын іске асыру жоспарлануда. Бердібек Сапарбаев оңалту орталығындағы жұмыстың жай-күйімен танысып, барлық үй-жайларды қарап шықты. Назарына ілінген кейбір кемшіліктерді тез арада жоюды бұйырды. Сондай-ақ, ол орталықтың жоспарларына бірқатар түзетулер енгізді. Облыс әкімі орталыққа жұмысқа келетін мамандардың арасында массажист жоқ екеніне назар аударды. Бұл тапшы мамандық мәселесін көру қабілеті нашар адамдарды оқыту арқылу шешуге болады. Оларда қолдың сезімталдылығы жоғары болады. Осыған орай облыс әкімі медициналық колледжде мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан массажистерді дайындайтын арнайы топ ашуды тапсырды. Сондай-ақ орталықпен танысу барысында облыста мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттілігі ескеріліп, салынған бірде-бір монша жоқ екені белгілі болды. «Онда ондай моншаны біз салайық», – деген облыс әкімі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековке аталған жобаны әзірлеуді ұйымдастыруды, сондай-ақ орталықтың техникалық жабдықталуына қажеттіліктерді нақтылап, мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді. Облыс әкімі аумақты абаттандыру және иппотерапия жобасын іске асыру шараларын жеделдетуді, күн жыли түскенде аталған жобаның жұмысын бастау керегін баса айтты.