Алматы жедел жәрдемі 40 көлікпен толықты
Алматы жедел жәрдемі 40 көлікпен толықты
Алматы қалалық жедел жәрдем медициналық көмек стансасының автопаркі тағы да заманауи 40 көлікпен толықты деп жазды egemen.kz.
Қала әкімі Бауыржан Байбек көпсалалы жедел көмек көрсететін көліктердің технологиялық мүмкіндіктерімен танысып, сонымен қатар аталмыш шара өткен қалалық жедел шұғыл көмек көрсететін аурухана қызметкерлерін медициналық мекеменің 120 жылдық мерейтойымен де құттықтады.
Cоңғы инновациялық үлгідегі құны 30 млн теңгелік 40 «Ford Transit» автокөлігі қала бюджеті есебінен алынған. С класындағы реанимациялық салонның іші кең, биіктігі адам бойына лайықталған, дәрігердің науқаспен жұмыс жасауына ыңғайлы. Ал қабырғаларына орналастырылған адам денсаулығына ең алғашқы «алтын уақытта» шұғыл жедел көмек көрсетуге қажетті қазіргі заманғы медициналық құрылғылардың бәрі бар. Атап айтар болсақ, ЭКГ аппараты, дефибриллятор, денедегі сынық жағдайында қозғалатын пневмомашина, уланғанда, күйік жағдайына қолданатын жиынтық, реанимациялық микс (сорғыш), жарық, дәрілік құтыны ұстайтын құрылғы, т.б. Тіпті, электр насос пен қол жуғышқа дейін қамтылған. Әсіресе, науқасты стационар бөлімшесіне дейін жеткізетін арба өте ыңғайлы, жеңіл, адамның қосымша күшін қажет етпейді. Бір артықшылығы, бұған дейінгі көліктегі құрылғылар тек ересектерге арналса, мұнда жасөспірімдер мен сәбилерге де көмек қолын созып, жасанды дем бере алады.
Қала әкімдігі сыйға тартқан көліктер қала ішіндегі 9 жедел жәрдем стансасына бөлініп отыр. 40 көліктің 8-і реанимобильдік, 32-сі белсенді терапияға арналған. Бүгінде Алматы тұрғындарына «103» көмегінде 167 бригада қызмет көрсетіп, онда 2400-ден астам дәрігер мен орта буын медицина ма-мандары жұмыс жасайды. Олар қазіргі кезде отандық өндірісімізде шығарылған «Көмек-03» жүйесін қолдануда.
Заманауи реанимобильді көліктерді бұрынғы көліктермен салыстырып, таңданысын жасыра алмаған №8 қосалқы станса меңгерушісі Айдын Сабырғалиұлы еліміздегі денсаулық сақтау саласына әрқашанда көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырған Елбасы Н.Назарбаев пен Алматы қаласының әкімдігіне Алматы қалалық жедел жәрдем стансасы атынан алғысын білдірді. «Мен 19 жылдан бері жедел жәрдем стансасында қызмет жасаймын. Литвада өткен жедел жәрдем қызметі арасындағы халықаралық жарыста қазақстандық команда төрт жыл қатарынан жүлделі орынға ие болды. 2013 жылы сол байқаудың біріне қатысқанымда осындай керемет реанимобильдерді көріп, қызығып та, қызғанып та қайтқан едім. Бүгін сол арманым орындалып отыр» деп қуанышымен бөлісті.
Әлемдік талап бойынша 10 мың адамға бір бригада болуы қажет десек, ол қаланың қай жерінде болмасын кез келген жағдайда 12 минутта жетіп үлгеруі тиіс. Бүгінде бұл уақытқа алматылық жедел жәрдемшілер қол жеткізген. Күнгейдегі бас қалада тұратын 2 млн-ға жуық халықтан күніне екі жарым мыңға жуық шақыртулар түседі екен. Тағы бір жағымды жаңалық, қала әкімі Алматы қаласындағы қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарда автобуспен бірге шұғыл көмек көрсететін автокөліктер де жүретінін ескерте кетті.
Ақ халаттылар қызметін жеңілдетіп, қала тұрғындарына сапалы қызмет беруге атсалысатын маңызды шара барысында шаһар басшысы тек қана қаладағы емес, еліміздегі байырғы емдеу орны – қалалық жедел шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасы ұжымын мерейтойымен құттықтады.
– Биылғы жылы еліміз үшін маңызды бірнеше мерейлі даталар – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы қатар келуде. Сол сияқты отандық медицина тарихының куәгері – Жедел шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасына да 120 жыл толып отыр. Тарих парақтарына үңілсек, аурухананың отандық медицинадағы орны ерекше. Өздеріңіз көріп отырғандай аурухананың бүгінгі күйі арқылы бір ғасырдан астам уақытта еліміздің денсаулық сақтау саласының қаншалықты деңгейде дамығанын аңғаруға болады. Заманауи ғимарат, ең соңғы үлгідегі техника, білікті мамандар, барлығы дерлік осында шоғырланған, – деді Б.Байбек.
Иә, Алматы қаласындағы алғашқы емдеу орны саналатын бұл аурухананың негізі 1896 жылы қаланғанда небәрі сырқаттарға арналған 15 жатын орны болған. Алғашқы қан құю орталығы да, балалар бөлімі, жұқпалы ауруларды емдейтін орын – барлығы осында негізін қалаған. Ал 1935 жылы 60 төсекке арналған хирургиялық ғимарат салынады. Кейіннен аурухана атауы бірнеше рет өзгерген. Тек 1975 жылы қалалық клиникалық Жедел медициналық көмек ауруханасы атанады. Ең алғаш аурухананы И.Соболевский, одан кейін Я.Шарохвостов, 1931-1953 жылдары Л.Каневская басқарады. 1992 жылы 700 төсек-орынға жеткен клиниканы 2006 жылға дейін марқұм Амантай Біртанов басқарып, оның көпсалалы құрылымын жетілдіріп, дамуына айтарлықтай үлес қосады. 2007 жылы осы байырғы емдеу орны базасында 395 төсектік Қалалық кардиологиялық орталық ашылды. 2006 жылы аталмыш аурухана орнына Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстары басталып, 2011 жылы аяқталады. Сөйтіп, бірегей аурухананың тарихта жаңа беттері ашылып, емдеу орнын 2011-2016 жылдары Манат Сейдуманов, бүгінде Алмас Жуашев басқаруда.
Ескі клиниканың орнына тәуелсіз елімізде еуропалық және әлемдік стандарттарға сай салынған емдеу мекемесін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашқанына да биыл бес жыл толып отыр. Бүгінде 350 төсектік 15 бөлімшеде 800-ден аса білікті маман жұмыс істейді. Жыл сайын 5 мың әртүрлі күрделі операция жасалып, 117 мыңға жуық науқас ем қабылдайды. Әсіресе, нейрохирургия, травматология, хирургия, урология мен гинекологияда инновациялық тәсілдер табысты енгізілуде. Оған 2012 жылы Швейцарлық сапа стандарты институты тағайындаған бірнеше халықаралық сертификатқа ие болуы дәлел бола алады.
Мерейтой күні емдеу мекемесі қабырғасында мемориалды тақта ашылды.