«Қандастар» радиохабары эфирге шықты

«Қандастар» радиохабары эфирге шықты

«Қандастар» радиохабары эфирге шықты
ашық дереккөзі
Бүгін қарашаңырақ  «Қазақ» радиосынан ​ «Қандастар» радиохабарының алғашқы саны эфирге шықты, - деп хабарлады «Отандастар қоры» КеАҚ ресми өкілі, белгілі журналист Еркін Байғабылұлы.
Оған еліміздегі және шетелдегі қандастарымызды қолдау бағытында жұмыс жүргізіп жатқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңесшісі Қарлығаш Қожамұрат және «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов қатысты.
Соңғы кездері індетке байланысты енгізілген карантинге орай Қытайдан келген қандастардың елге кіру мәселесінде бірқатар түйткілдер туындаған болатын. Осыған орай екі мекеменің ұсынысымен ведомствоаралық үкіметтік комиссияға хат жолданып, түйткіл оң шешімін тапты. Өткен аптада жаңа ереже енгізіліп, визасы бар, шақыртуы бар қандастардың елге кіруіне шектеу қойылмайтын болды. ​ Тағы бір сүйінші жаңалық қазір қазақтар көп шоғырланған әлемдегі 12 елдегі 24 ірі қалада қазақ тілін үйрететін 31 сынып іске қосылды. Олар шетелдегі қандастарымыздың өтініштеріне орай балаларға, жастарға ана тілін онлайн платформада арнайы әдістеме бойынша үйретіп жатыр. Бұған қоса жаңа оқу жылында Қазақстандағы жоғары оқу орындарына әлемдегі елдерден 909 жас қандасымыз оқуға түскен. 825 жас дайындық курсына 520 жас қандас колледждерге қабылданған. Олардың барлығы тұңғыш рет жазда ҰБТ-мен арнайы сынақтарды онлайн тапсырған. Өткен жылы Стамбул, Берлин, Тәшкент, Омбы, Киев қалаларында қандастарымызды қолдауға бағытталған «Абай» мәдени-іскерлік үйлері ашылды. Биыл Баян-Өлгей аймағында, Бішкек пен Астрахан қалаларында ашу жоспарланып отыр. Радиохабардың бүгінгі санында осы мәселелер айтылды.
«Қазақ» радиосынан «Қандастар» радиохабары эфирге тұрақты шығады. Онда елдегі және әлемдегі қандастарға арналған жобалар таныстырылып, көші-қон, құжаттарды рәсімдеу, квота беру барысындағы түйткілді мәселелерді шешу жолдары талқыланады. Бұған қоса атамекенге көшіп келген соң, өз ісінің білікті маманы ретінде ел құрметіне бөленген қандастармен, шетелдегі әлемге әйгілі компанияларда қызмет атқарып жүрген бауырларымызбен де сұхбаттар жүргізбекпіз. Әр сейсенбі сайын 11 сағат 10 минутта ұлттың үнжариясы «Қазақ» радиосына құлақ түре жүріңіз! Тікелей эфирде 8-717-2-75-72-75 телефоны арқылы сұрақ қоюыңызға да мүмкіндік бар. Сондай-ақ «Отандастар қоры» ұсынған бұл жобаға қолдау көрсеткен «Қазақ Радиолары» ЖШС бас директоры Ернұр Бураханға алғысымыз шексіз», – дейді Еркін Байғабылұлы.