Таразда Қазақстанның ешбір өңірінде жоқ монша салынбақ
Таразда Қазақстанның ешбір өңірінде жоқ монша салынбақ
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы әлеуметтік нысандар – «Асар» оңалту орталығы мен онкологиялық орталықтың құрылысы барысымен танысты, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Асар» Жамбыл облысының мүгедектермен жұмыс істейтін ұйымдар одағы» Заңды тұлғалар бірлестігіне арналған оңалту орталығының құрылысы өңір басшысының жеке тапсырмасы бойынша басталған болатын. Орталықтың құрылысы қаланың шет жағындағы, артық шу мен қарбаластан алыс Мамыр тоғайындағы жасыл желектің арасында жүргізілуде.
Орталық әзірге екі ғимараттан тұрады. Оның бірі толық күрделі жөндеуден өткен нысан болса, екіншісі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жергілікті құрылыс компаниясы тегін салып берген ғимарат.
Сондай-ақ, ол орталықтың жоспарларына бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтсақ, облыс әкімі орталыққа жұмысқа келетін мамандардың арасында массажист жоқ екендігіне назар аударды. Бірақ бұл тапшы мамандық мәселесін көру қабілеті нашар адамдарды оқыту арқылу шешуге болады. Бұл орайда көру қабілеті нашар адамдарда қолдың сезімталдылығын арттыру талап етілетіндігі белгілі. Демек, бұл олардың жетістікке жете алатын бірнеше мамандықтардың бірі десек қателеспейміз. Осыған орай облыс әкімі медициналық колледжде мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан массажистерді дайындайтын арнайы топ ашуды тапсырды.
Сондай-ақ орталықпен танысу барысында облыста мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктері ескеріліп, салынған бірде-бір монша жоқ екендігі белгілі болды.
- Мұндай монша Қазақстанның ешқандай өңірінде жоқ, - дейді Р.Төлегенов.
- Ол моншаны біз салайық, - деген өңір басшысы Ж.Баубековке аталған жобаны әзірлеуді ұйымдастыруды, сондай-ақ орталықтың техникалық жабдықталуына қажеттіліктерді нақтылап, мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді.
Облыс әкімі аумақты абаттандыру және иппотерапия жобасын іске асыру шараларын жеделдетуді, күн жыли түскенде аталған жобаның жұмысын бастау керектігін баса айтты.
Аймақ басшысы барған келесі нысан – 200 төсек-орынды облыстық онкологиялық диспансерінің құрылысы болды. Аурушаңдықтың ерекшеліктерін ескере отырып салынған онкологиялық ауруларды емдеуге арналған заманауи кешен Таразда ағымдағы жылдың жазында белгіленген мерзімінен бұрын ашылуы тиіс. Бердібек Сапарбаев бұл міндет бойынша орындалып жатқан жұмыстардың барысы туралы құрылысшылардан сұрады.
Құрылысшылар негізгі жұмыстардың аяқталуға таяғанын, коммуникацияларды тарту және реттеу, ғимараттарды әрлеу және жабдықтарды орнату шаралары ғана қалғанын жеткізді. Науқастарға арналған нысанның мерзімінен бұрын берілуі заманауи жабдықтармен және ыңғайлы жағдайда емдеуді ертерек бастауға мүмкіндік береді.
100 адамға арналған емханасы бар, 200 адамды стационарлық және 25 адамды амбулаториялық емдеуге арналған онкологиялық орталық шамамен бес гектар аумақта орналасқан. Ауруханада торакальды және жалпы хирургия, гематология, гинекология, химиотерапия, реанимация бөлімдері бар. Ол – трансформаторлар, қазандық пен газ сорғы станциясымен жабдықталған, толығымен автоматтандырылған қалашық.