Балалар мен жасөспірімдерге арналған 2021 жылдың 10 үздік кітабы анықталды
Балалар мен жасөспірімдерге арналған 2021 жылдың 10 үздік кітабы анықталды
8 ақпан, 2021. Нұр-Сұлтан. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасы бойынша биылғы жыл балалар әдебиетін қолдау жылы болып жарияланды.
Балалар әдебиеті бізге терең өмірлік тәжірибе беріп қана қоймай, жас ұрпақ бойындағы парасатқа дүниетанымдық құштарлық, шындыққа сүйіспеншілік, ақиқатқа іңкәрлік сезімдерін оятып, адамгершілікке тәрбиелейді, келешегіне жол ашып, бағыт сілтейді.
Бұрындары жас ұрпақты біріктірген М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі болса, қазіргі ақпараттық технологиялар заманында мазмұнды, тәрбиелік құрал бола алатын кітап таңдау қиын. Отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыру да қазіргі көкейкесті мәселелердің бірі.
Осы орайда, «Фолиант» баспасы 2020-2021 жылдары жарық көрген балалар әдебиетінің үздік шығармаларының топтамасын дайындады. Олардың арасында А. Гриннің «Алқызыл желкендер. Хикаят. Толқын перісі», М. Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері/ Гекльберри Финнің басынан кешкендері», «Қазақ халық ертегілері», В. А. Обручевтің «Жұмбақ жер», А. Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи», Дж.Свифттің «Гулливердің саяхаттары», Т. Көзікоғлудың «Арман керек адамға», Эрих Распенің «Мюнхгаузеннің хикаялары», Баянғали Әлімжановтың «Әліппе», Әлия Беркімбаеваның «Дәуіт атайдың ертегілері» туындылары бар. Сондай-ақ, бұл әлемдік классика туындылары алғаш рет қазақ тіліне аударылып, қазақтілді оқырманға ұсынылып отырғандығын атап өту керек.
М. Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» кітабы. Бұл классикалық туындыда Том Сойердің басынан кешкен қызықты оқиғалары суреттеледі. Оқиға тілі бай, түрлі тартыстарға толы. Кейіпкерлер және олардың өмірі, дүниетанымы арқылы сол кездегі, яғни ХVШ ғасырдағы АҚШ-тағы шағын қалашық тұрғындарының күнделікті жұмыс тіршілігі, қарапайым адамдардың, діни қызметкерлердің психологиясы, болмысы, түсінігі суреттеледі.
В. А. Обручевтің «Жұмбақ жер» кітабы. Арктиканың ақшулан мұздары арасында беймәлім аралдар болуы мүмкін деген жорамалға көптеген зерттеушілер таяу күндерге дейін сеніп келді. Белгілі орыс геологы, академик В. А. Обручев өз романына осы жорамалды негіз етіп, «Санников жері» деп аталатын аралды іздеп табуға аттанған экспедицияның басынан кешкендерін қызықтыра суреттейді. Кітапта осынау жұмбақ жердің табиғаты, оны мекендейтін адамдардың тіршілік тынысы айшықты бейнеленген. Көркем қиял танымдық қасиеті мол мәліметтермен шебер үйлесім тапқан.
А. Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» хикаялары. Әлемге әйгілі балалар жазушысы Астрид Линдгреннің аталмыш еңбегі Швецияда «Балақай және шатырда тұратын Карлсон» кітабынан әлдеқайда танымал екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Қаламгердің Карин атты қызы ауырып қалғанда, әр кеш сайын көңілін аулау мақсатында шығарған әңгімесі кейіннен қызықты хикаятқа айналды. Айтқанға көнбейтін баланың психологиясын негізге ала отырып жазылған шығарма бұл күнге дейін әлемнің 80-ге жуық тіліне аударылған. Қазақ тіліне алғаш рет ағылшын тілінен аударылып отырған «Ұзыншұлық Пиппи» қазақ тілінде кітап оқитын оқырман қауымның да әдебиет пен кітапқа деген құрметін еселендіреді деп үміттенеміз.
«Қазақ халық ертегілері» жинағы. Керқұла атты Кендебай, Таусоғар мен Көлтауы- сарды жолдас еткен Ер Төстік, алтын сақасын іздеген бала, Ай астындағы Айбарша сұлу мен Күн астындағы Күнікей қыз – халық ертегілерінің қаһармандары барша мұратына жетіп, баланың қиялына қанат бітіреді. Ертегінің кез келген кейіпкері – ақылды тасбақа мен қоян, қарға мен кірпі, тіпті кішкентай құмырсқаның өзі мейірімділікке, ізгілікке баулиды.
Белгілі ақын, драматург, жазушы, сатирик, айтыс ақыны, кинорежиссер, әдебиет пен өнер зерттеушісі Баянғали Әлімжановтың «Өлең-Әліппе» жинағы. «Өлең-Әліппе» жинағын ата-аналар мен мұғалімдер ризашылықпен қабылдап, бүлдіршіндерге түсінікті, жеңіл әрі қызықты, мазмұнды дүниелер ретінде жоғары бағаға ие болады деген сенімдеміз.
Жақын арада баспадан Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Николай Носовтың «Дымбілместің Айға сапары», Фенимор Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» шығармалары жарық көреді. Әдебиеттің қызметі саналы, өзіндік дүниетанымы қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу болса, бұл кітаптар еліміздің рухани саласына қосар үлесіміз деп білеміз.