Жаңалықтар

Көктемде 276 елді мекенді қызыл су басуы мүмкін

ашық дереккөзі

Көктемде 276 елді мекенді қызыл су басуы мүмкін

Көктемде 276 елді мекенді су басу қаупі сақталып отыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты. «Су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу мәселелері еліміздің Үкіметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, өңірлердің әкімдіктері басшылығының ерекше бақылауында. Осы мақсатта жыл сайын су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайдың туындау қаупін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені жүргізіледі. Біздің министрлік елдегі өткен жылдар ішіндегі тәжірибені ескере отырып, көктемде су астында қалуы мүмкін 900-ден астам елді мекенді айқындады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Оның атап өтуінше, 2017 жылы әзірленген Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі жол картасы 315 елді мекенді қорғауға, 314 ауыл мен елді мекенге төнетін тәуекелді төмендетуге мүмкіндік берді. 4 жылдың ішінде 400-ден астам инженерлік-қорғаныс іс-шаралары жүзеге асырылды. «Дегенмен, 276 елді мекенді су басу қаупі сақталып отыр. Осыған орай, өткен жылдың соңында Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 2023 жылға дейінгі жол картасы әзірленді»,- деді Ибрагим Күлшімбаев.