Жаңалықтар

Түркияда шыққан «Абай» альбомының тұсаукесері өтті

ашық дереккөзі

Түркияда шыққан «Абай» альбомының тұсаукесері өтті

2020 жылы халқымыздың данышпан ойшылы, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде, оның ішінде түркі дүниесінде кеңінен атап өтілгені белгілі. Осыған орай Түркиядағы TURKSOY ұйымының атқарған жұмысы да ерен. Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде TURKSOY-дың бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтің қатысуымен өткен үлкен іс-шара осы сөзіміздің бір дәлелі. Жиынды ашқан университет ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев хакім Абайдың 175 жылдығы қазақ руханиятын әлемдік деңгейге көтерген айтулы мерейтой болғанын айта келіп, Абай есімін 85 жылдан бері биік көтеріп кел жатқан оқу орнының аталған мерейтойға байланысты атқарған жұмыстарына тоқталды. Халықаралық TURKSOY ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов аталған ұйымның қазақ ойшылының мерейтойына байланысты жүзеге асырған іс-шаралары туралы сөз етті. Сондай-ақ, осы атаулы жылдың қорытындысына арнап біздің ұйым «Халықаралық Абай медалін» және Құрмет грамотасын шығарды. Бұл медаль мен грамота ұлт мәдениетінің дамуына еңбек сіңірген тұлғаларға беріледі. Биыл Абай жылына арнап академиялық басылым, тың зерттеулер, кітаптар мен мақалалар дайындаған ғалымдар мен осы ғылыми шығармашылық жұмыстарды ұйымдастырған басшылардың еңбегін ескеруге тырыстық. Бізге осындай шараны ұйымдастыруға мүмкіндік жасаған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің ұжымына, университет ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев мырзаға шексіз алғысымды айтамын. – Осылай деген Д.Қасейінов «Абай» альбомын көпшілікке таныстырып, оның лентасын қиғызды. Сондай-ақ ол Абай шығармаларын насихаттауға үлес қосқан азаматтарды «Абай» медалімен және арнаулы грамоталармен марапаттады. Жиында сөз алған Қазақстан Жазушылдар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қазақтың мәдениетін, әдебиетін, музыкасын түркі әлеміне танытуға зор үлес қосып жүрген Д.Қасейінов басқаратын TURKSOY ұйымына алғыс айтты. Ж.Дәдебаев, М.Мырзахметұлы, С.Қасқабасов және басқа да ғалымдар Абай еңбектерін түркі дүниесіне кеңінен танытып отырған TURKSOY ұйымы мен оның бас хатшысы Д.Қасейіновтің еңбегін ерекше атап өтті. Жиынға қатысушылар іс-шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан Н.Келімбетов атындағы Түркітану орталығының директоры Асқаржан Тұрғымбаев пен Тәрбие департаментінің басшылығына алғыс айтты.

Мырзахан Ахметов,

Абай атындағы ҚазҰПУ

Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы