Қырғыз паспортының қырық қатпар жолы
Қырғыз паспортының қырық қатпар жолы
Қырғыз Республикасында жаңа жалпыазаматтық төлқұжатты әзірлеу жұмыстары аяқталып жатыр. Ел азаматтарына жаңа төлқұжат сәуір айынан бастап беріле бастайды. Бүгінгі күнде республиканың азаматтары дипломатиялық төлқұжаттарды есепке алмағанда, үш түрлі төлқұжат жалпы қолданыста. Біреуі қарапайым айди-карта. Екіншісі – биометрикалық айди-карта. Үшіншісі – шетелге шығуға жарайтын (жаңасы шыққанда ескі деген атауға ие болатын) жалпыазаматтық төлқұжат.
2007 жылы мамыр айында биометрикалық төлқұжат енгізіле бастағандықтан қарапайым айди-картаны беру тоқтатылған. Үкімет сол кезде ескісін жаңа төлқұжатқа ақы төлемей ауыстырып алуға жыл аяғына дейін рұқсат берген болатын. Мемлекеттік тіркеу қызметінің ақпаратына қарағанда, екі миллионыншы биометрикалық айди-картаны алушы осы ақпан айында тіркеледі. Бұл – алты миллионнан аса халқы бар Қырғыз Республикасында кәмелеттен асқан төрт миллионнан көп адам ескі төлқұжаттарымен жүр деген сөз.
Жаңа жалпыазаматтық Төлқұжаттың әзірленуіне өткен жылдың 31 қаңтарында АҚШ-тың сол кездегі Президенті Д.Трамп әкімшілігінің алты мемлекетке, оның ішінде Қырғыз Республикасының азаматтарына иммиграциялық және грин-карта визаларын алуға шектеу салғаны себеп болған. Себебі Қырғыз Республикасының жалпы-
азаматтық төлқұжаты биометрикалық емес деп танылған.
АҚШ-тың Қырғыз Республикасындағы елшісі Дональд Лу АҚШ-та сайлау өткен күннің ертеңінде, өткен жылдың 4 қарашасында: «Иммиграциялық виза алу мәселесі Қырғызстандағы биометрикалық төлқұжаттардың қауіпсіз болмағанына байланысты. Қырғызстан жаңа төлқұжаттарды әзірлегенін білеміз. АҚШ-тағы сайлауда кім жеңгеніне қарамастан, біздің үкімет шектеуді алып салу мәселесін шешеді», – деген. Елшінің соншалықты сеніммен осындай сөзді айтуында не себеп бар? Біздің жорамалымыз – елші мұндай пікір білдірген кезде, Қырғыз Республикасында да Президенттік сайлауға әзірлік басталған болатын. Америкалықтар Президенттік қызметке батысшыл ұстанымдағы талапкер Раушан Жиенбековтің жеңіске жетуіне үмітті болды ма екен?
АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден 20 қаңтардағы инаугурациясы күні 17 жарлық пен бұйрыққа қол қойды. Олардың біреуінде бірқатар мұсылман мемлекеттері үшін иммиграциялық виза мен грин-картқа шектеу алынды. АҚШ-тың Қырғыз Республикасындағы елшілігінің мәлімдеуіне қарағанда Қырғыз Республикасы үшін рұқсат берілді.
Енді, қырғыз төлқұжатының қадірі қалай түскеніне тоқталайық. Бұл төлқұжаттың сапасынан гөрі төлқұжатты әзірлеу, беру жүйесінде жұмыс істеген шенеуніктердің араны соншалық ашылып кеткендігіне, жүйедегілердің сыбайлас жемқорлықтың ұйығына батқанына байланысты. 2014-2015 жылдары және 2018-2019 жылдары төлқұжат беруші мекеме – Мемлекеттік тіркеу қызметінің (МТҚ) төрайымы болған Алина Шаикова 2019 жылдың 19 сәуірінде биометриялық төлқұжатқа тендер жариялау үдерісіндегі өрескел әрекетіне байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қызметінен босатылған. Ол ізін жасырып, тергеу органдарына келмеуіне байланысты, оған Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитеті (ҰҚМҚ) 5 тамызда іздеу жариялаған. Әлі күнге дейін Шаикованың қайда екені беймәлім. Сол жылдың басында бұрынғы Ішкі істер министрі Мелис Тұрғанбаев 30 мың төлқұжаттың заңсыз берілгені туралы дабыл қаққан. Бұл мәселеге Еуропа одағы ұйымы да назар аударып, анық-қанығын мәлімдеуді талап етті.
А.Шаикова мұны 2014 жылы 47 263 азамат (Қырғыз Республикасы отыз жылдық тарихындағы ақылға сыймас рекордтық көрсеткіш) аты-жөнін ауыстырғандықтан жаңа төлқұжат алып, көпшілігі жаңа ПИН-кодқа ие болғанымен, сондай-ақ 2015 жылы ПИН-кодының ауысқанына (ауыспайтын ПИН-кодтың не үшін ауысқаны айтылған жоқ) байланысты 6 875 адамның жаңа төлқұжатты алғанымен түсіндірген. Алина Шаиковамен бір мезгілде, төлқұжат дауына байланысты ҰҚМҚ-ның төрағасы Идрис Қадырқұлов өз ықтиярымен қызметінен кеткен. «Кінәсі болмаса неге кетеді?» деген сауал туындамай қоймайды. Тендер бойынша қозғалған қылмыстық іске байланысты МТҚ-ның жетекшісінің орынбасарлары Руслан Сарыбаев, Данияр Бакчиев және күрделі емес құжаттарды әзірлейтін МТҚ-ға қарасты «Инфоком» мемлекеттік мекемесінің жетекшісі Талант Абдуллаев кінәлі деп табылып, оларға ірі сомадағы қаржылай айып салынған.
Қырғыз Республикасының төлқұжатын пайдаланудың сорақы көріністері елді әуре қылуда. Бұл әсіресе, соңғы бес жылда үдей түскен. Кейбір мысалдарға тоқталсақ, 2016 жылдың мамыр айында Стамбұл қаласындағы әуежайда Сауд Арабиясына ұшуға қамданған қытайлық 98 ұйғырдан қырғыздың төлқұжаты тәркіленген. Тергеу барысында олар бұл төлқұжатты делдалдар арқылы алып, әрбірі 2 500 еуродан төлегендерін айтқан.
2017 жылы Оңтүстік Кореяға кетуге дайындалған 50-ден аса қырғыз азаматтары аты-жөндерін корейше өзгертіп алғаны белгілі болды. 2018 жылы Испанияда ұсталған ресейлік Борис Матузныйдан және өз елінде жасырынып жүрген жерінен ұсталған халықаралық іздеудегі тәжік азаматынан қырғыз төлқұжаттары табылған. 2019 жылы Интерпол іздестірген, қазақстандық Бақытжан Успанов қырғыз төлқұжатымен жүрген жерінен қамалған. Осы жылы Түркияда қаза болған қытайлық іскер Айеркен Саймантиден және оны өлтіруге қатысты деп ұсталған үш адамның екеуінен қырғыз төлқұжаттары алынған.
2020 жылдың аяғында Қырғыз Республикасының Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес қызметі Өзбекстанда конституциялық құрылымға қарсы шыққаны бойынша қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеуге алынған Нематжон Хомидов деген өзбек азаматында қырғыз төлқұжаты бар болып шыққанын мәлімдеген.
Өткен айда төлқұжаттың төңірегіндегі тағы бір хабар елді елең еткізді. «Райым-миллион» лақап атымен атағы шыққан Қырғыз Республикасының Кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов өткен жылдың қазан айында кеден саласында 2016 жылдан бері өзінің сыбайлас жемқорлықтың схемасын жасағанын мойнына алып, мемлекет қазынасына 2 миллиард сом (теңгеге шаққанда – 10 миллиард) төлеуге әзір болған. 31 желтоқсанға дейін ол 1 миллиард 400 миллион сомды нақты төлеп, мүлік күйінде жалпы құны 600 миллион сомға бір сауда орталығын және тоғыз пәтерді мемлекеттің қарамағына берді. Енді қаңтардың екінші онкүндігінде АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Райымбек Матраимовтың және оның әйелі Уылкан Тұрғұнбаеваның «Магнитскийдің тізіміне» (АҚШ Сенаты қабыл алған қаржы саласындағы алаяқтарға санкция жасайтын «Магнитский заңы») кіргізілгенін хабарлаған. Өйткені, АҚШ-тың қаржы министрлігі Раимбек Матраимов, Райымбек Матраимов және Райым Исмаилов деген адамдардың бір адам екендігін белгілеп, министрліктің «Магнитскийдің акты» деген «қара тізіміне» енгізген. Егер Райымбек Матраимов АҚШ-тың банктеріне ақша аудармаса, аты-жөні ол жақта неғып жүр деген сауал туындамай қоймайды.
Бұл бойынша Қырғыз Республикасы Мемлекеттік тіркеу қызметінің жетекшілері түсініктеме беруден қашқақтап, баспасөз хатшысы Дәмира Әзімбаева: «Азаматтар атын, фамилиясын өзі қалағандай өзгертуге құқылы, оған біздің заңдар жол береді», – деді. ҰҚМҚ-ның төрағасы Қамшыбек Ташиевтің білдіргеніне қарағанда, Райымбек Матраимовтың республикадағы сыбайластық істері бойынша тергеу жұмыстары аяқталған, енді оның шетелдермен қаржы байланыстары іздестірілмекші.
МТҚ-ның төрағасының орынбасары Тілек Батырқанов жаңа үлгідегі жалпы-
азаматтық төлқұжат жасанды төлқұжаттың жасалуына бөгет бола алатынына үміт артады. Оның айтуынша, дүниежүзінде төлқұжаттың озық түрін жасайтын «Мүлбауэр» сияқты оншақты ғана компания бар. Көпшілігінің жабдықтары өздеріне ғана тән.
Осы тұста төлқұжат бойынша сорақы оқиғалардың басым бөлігі жасанды төлқұжат арқылы емес, қырғыздың нағыз төлқұжаты арқылы орын алатынын айта кеткен жөн. Әлбетте, жаңа төлқұжаттың артықшылықтарын жоққа шығармаймыз. Төлқұжат екі түрлі нұсқада. Бірі 34 беттік, екіншісі 52 беттік. Екіншісі шетелге көп шығатындарға арналған. Оларда 30-дан көп заманауи белгілер бар. Төлқұжаттың сыртында электрондық чип орнатылған, азаматтың жеке ақпараттары лазерлік әдіспен жазылған.
Қазіргі қолданылып жүрген биометриялық құжатта азаматтың ұлты көрсетілмеген. Бұдан былай Қырғыз Республикасының Жоғарғы соты жаңадан шығарылатын төлқұжаттарда азаматтың ұлты жазылсын деген үкім шығарды.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
túrkistan-ның Қырғыз Республикасындағы тілшісі (Бішкек)