Байтұрсынұлына бет бұрмасақ, тілдің түбіне өзіміз жетеміз

Байтұрсынұлына бет бұрмасақ, тілдің түбіне өзіміз жетеміз

Байтұрсынұлына бет бұрмасақ, тілдің түбіне өзіміз жетеміз
ашық дереккөзі
Сірә қазақ – қазақ болғалы тоқтаусыз айтылып келе жатқан екі мәселе болса, біреуі тілге қатысты шығар. Се­бе­бі, басқасын былай қойғанда атам заманда жасалып, осы күнге жеткен фольклорлық шығармаларымыздың өзі­нен тілге қатысты бірдеңелерді тауып аламыз, үңіле қара­сақ. Жыр-дастандар мен шешендік сөздерде тілдің таза­лығы, дұрыс сөйлеу мен ұтымды ой айту дәріптеліп, жаңсақ сөйлегендер, сөз мәнісіне жетпегендер сынап-мінеліп оты­ратын жерлер аз емес. Сол сияқты сөздің жүйелілігі мен өт­кірлігіне қатысты қаншама мақал-мәтелдер бар. Со­лар­дың бәрі тегіннен-тегін айтылған ба? Ал ХХ ғасырдың басында қазақта бас­пасөз пайда болғаннан кейін тіл мәселесі ғы­лыми түрде қайта көтеріле бастағанына қа­расақ, біздің тілімізге сол кезден-ақ қауіп тө­не бастаған сияқты. Оған дәлел ретінде қа­зақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Бай­тұрсынұлының көптеген пікірлерін келтіруге болады. «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұру­ды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойла­ған­дай тіліміздің де сақталу қамын қатар ой­лау керек», – дейді ұлы реформатор ға­лым тілдің болашағы ұлттық болашағы еке­нін меңзеп. Сондықтан ол бұл пікірін одан әрі тереңдете түсіп былай дейді: «Өз ті­л­і­мен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрт­тың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жо­ғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуат­тысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қо­са­мын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады». Бұл – шын мәнінде болашақты сұңғылалықпен болжау еді. Кеңестік кезеңде қазақ әліпбиіне орыс әріптерін зорлықпен енгізіп, сол арқылы басқыншы тілді акцентсіз сөйлегеніміздің түбінде өз ішімізден шыққан «тілді аздырушылар» емес пе еді? Бір кезде қазақ сөзіне орысшаны қосып сөйлеу мен кейбір тер­миндердің қазақша дайын баламасы болса да орыс тілінен өзгертпей әкеліп енгізе салып, тілді шұбарлау ана тілімізге үлкен қиянат екенін сездік пе екен? Бүгінде жапондар мектепте ең алдымен өз тілін игертіп барып, содан соң ғана өзге тіл­дерді үйретеді екен, бастауыш сыныптарында тек жапон тілі ғана оқытылады екен деп мақтағанда аузымыздың суы құриды. Ал білім берудің ол принципі бізге бүгін ғана белгілі ме еді? Шын мәнінде оны осыдан бір ғасыр әріде тағы сол Ахмет Бай­тұр­сынұлы айтқан еді ғой, оқып қарайықшы: «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйрен­ген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйе­сімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін бас­қаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұ­зылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз». Әрине, бұл сөз бізге кеңестік кезеңде жет­педі. Сондықтан одан бейхабар болдық дейік, ал бүгінгіміз не? Енді хат танып жат­қан қазақ балаларына орыс, ағылшын тілдерін тықпалап, бір мезгілде үш тілді қатар үйретеміз дегеніміз не? Оны қалай түсінуге болады? Сонда қазақ тілін тұңғыш әліпбиі мен жазу емлесін жасап, таңбаларын түзген, тілдің грамматикасы мен стилистикасын, терминдерін, ережелерін жасаған Ахаңның ғылыми негізі терең пікірлерін елемегеніміз бе? Әлде тілге қандай да бір саяси мақсаттар себепті білім ордасының есігін жаңа ғана ашқан ұрпаққа өзге тілдерді игеруді зор­лық­пен жүктеуге болмайтынын білмегені­міз бе? Бұл – біздің еліміздің бүгінгі қазақ тілін да­мытуға жасап отырған басты кедергінің бірі десек болады. Қай нәрсенің де басы оңбаса, соңы да қа­рық болмайды. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы өл­генде Кетбұғаның естіртуі деп айтылатын мынадай бір өлең бар: Теңіз бастан бұлғанды, Кім тұндырар, а ханым?! Терек түптен жығылды, Кім тұрғызар, а ханым?! Әрине, бұл арада жалған дүниенің жалт беретін опасыз болмысын астарлап жеткізіп отырған ұлы жыраудың толғауы біз айтып отырған мәселеге тікелей қатысты болмас, бірақ философиялық тұрғыдан әр­бір құбылыстың бастауы теріс болса, ақыры қайырлы болмайтынын ұқтыруы – өте маңыз­ды! Тіл қолданыс үстінде дамитын жанды құ­былыс болғандықтан оған жасалған әрбір өзгеріс пен тиген ықпал ізсіз кетпейді. Әрине, тілдердің бір-біріне әсер етіп, бір-бірін байытуын жоққа шығаруға болмайды. Ғылым мен техника дамығанда пайда болатын түрлі атауларда тілден тілге көшіп, жаңа ұғымдардың таралу үдерісі жүреді. Алайда әрбір тілдің сырттан келген ұғым-түсініктер атауын сүзгіден өткізіп, өзіне лайықтап отыратын қабілеті болады. Оны икемдеу, сындыру дейді. Өзге тілдер секілді қазақ тілінде де ХХ ғасырдың бас кезіне дейін ондай қабілет болды. Орыс империясының боданында болған кезде самауыр (самовар), кереует (кровать), волость (болыс), поштабай (почтовой), ояз (уезд) деген ұғымдардың пайда болып, қазақ тілінің акустикасына сай айтылып қолданысқа енуінде әлгі айтқан «сындыру қабілетінің» тегеуріні бар еді. Тіпті, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында кәмөнөс (коммунист), бәлшебек (большевик), қалқоз (колхоз), әртел (артель), пойыз (поезд), т.б. сөздердің қазақша қалыпта айтылуы да қазақ тілінің бүлінбей тұрған кезіндегі қайратын байқататын. Яғни, Байтұрсынұлы­ның сөзімен айтқанда: «Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған – қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, кәсіби, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тілінің табиға­тына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бас­тап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір» болатын. Ал одан соң не болды? 1924-1929 жылдарда дейін қолданылған араб графикасы негізіндегі «Жаңа емле» және 1929-1940 жалдар аралығындағы пай­да­ланылған латын графикасындағы «Жаңа әліп» әліпбилері Ахмет Байтұрсынұлы жаса­ған толыққанды, ғылыми негізі бар, қазақ­тың тілінде бар 28 дыбысты таңбалайтын нағыз ұлттық әліпби еді. Дегенмен 1940 жылы қабылданған (авторы Сәрсен Аманжолов) кирил харпіндегі қазақ әліпбиіне 42 таңба енгізіліп, оған орыс және орыс тілі арқылы енген шет сөздерді дұрыс жазып, оқу мақсатында екі таңба (жіңішкелік және айыру белгісі) 10 әріп енгізілді. Міне, осыдан бастап бұл әліпбимен сауатын ашқан адамдар орыс тіліндегі сөздерді емін-еркін оқып, жаза алатын болды. Соның себебінен қазақтың сөйлеу және жазу тілі төл дыбыс­талу ерекшелігінен айырылып қалды. Сөй­тіп, «орысшаны акцентсіз таза сөйлей­тін» ұлтқа айналып шыға келдік. Ол «артық­шы­лығымыз» әлі күнге жалғасып келеді... 1991 жылы еліміз егемендік алғаннан кейін ғалымдар бұл мәселеге қайта назар ауда­рып, қазақ тілін төл дыбысталу жүйе­сіне қайтаруға әрекет жасап келеді. Өйткені қазақ тілін орыс тілінің ықпалынан құтқару үшін латын негізді қазақ әліпбиін жасау керек еді. Өкініштісі сол, күні бүгінге дейін жаңа қазақ әліпбиінің бес-алты нұсқасы нашар, жарияланса да, әлі күнге кемшіліктен ада болмай келеді. Жақында бекітілген соң­ғы нұсқасы да ел арасында қызу тал­қылауға түсіп, жұрттың көңілінен шықпай жатқан тұстары көрсетіліп жатыр. Мәселен, тілімізде жоқ в, ф әріптерінің жаңа алфавиттен орын алуы, ң әрібінің таңбасының на­шар болуы, ұ мен ү таңбаларының тым ұқсас болуы т.б. қазірдің өзінде туындап жатқан мәселелер бұл нұсқаның ойдағыдай шық­пағанын көрсетеді. Неге десеңіз, «Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына ар­нал­ған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құрал­дарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы. Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыс­пай, қолбырап, солбырап, тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады. Қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыс­тар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға тағы жақсы, үйрету жағынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы» (Ахмет Байтұрсынұлы). Әліпби рухани һәм саяси ілгерілеуге жеткізетін күш, сондықтан ол дұрыс жасалса тіліміз табиғатына сай дамып, тілінде ерекшелігі анық көрініп тұратын халыққа айналар едік. Бірақ кирилл әліпбиінде білім алғандардың қарсылығы, қазақ тіліне орыс­тілділер ұстанымымен қарауы, сондай-ақ, әліпби жасаушылар тарапынан кетіп жат­қан олқылықтар тым жақсы идеяның құ­нын түсіріп жатыр. Демек, бұл мәселеде жалпыұлтық ауызбірлік керек. Бүгінгі қазақ тілінде сөйлеушілер мен оны БАҚ-тарда, ғылым-білімде, әдебиет пен өнерде пайдаланушылардың салақтығынан қа­зақ тілі тым шұбарланып бара жатыр. Оған бұрын орысша қосып сөйлейтіндердің әсері күшті болса, енді кітап пен мерзімді бас­­пасөзде жергілікті говорларды пай­ла­наушылардың көптігі, сондай-ақ, орыс тілінен калькаланып аударылып қосылып кеткен сөздердің көптігі зардабын тигізіп жатыр. Медиасарапшы Назгүл Қожабектің біраздан бері «Калькасыз қазақ тілі» айдарымен Túrkistan газетінде жарияланып келе жатқан материалдарына көз салсаңыз кейінгі дәуірде қазақ тілі сөзжасамдық тұрғыдан қатты бұзылып кеткенін көре аласыз. Бұл орайда тағы Ахаңның бір сөзін ескеруге тура келеді: «Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек». Бір кезде сөзімізді орыс тілімен көм­керіп, «құбылтуға» дайын тұрсақ, бүгінде ағыл­шынша «түрлендіруге» әуес болып бара жатырмыз. Ол әсіресе интернет пен телевидениедегі бағдарламаларда жиі көзге түсуде. Мәселен, ««Қызық таймс», «TalkLike», «QosLike», «Жас STAR» сияқты атаулар екіұш­­ты мағына беріп, қапелімде мағына­сын қазақша не ағылшынша түсінеріңді білмей дал боласың. Қазақтың тілі ғылымның тілі емес деп жүргендер өздері сол тілді көркейтуге қан­дай үлес қосып жүр екен? Жер бетінде сөз­дік қоры мол тілді дамытып, қолданыс аясын барынша кеңітуге атсалысамыз десек біз­ге кім кедергі? Шын мәнінде, «XX ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қал­пын­да алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті» (Ахмет Бай­тұр­сынұлы) екенін неге ұмытамыз? Одан әрі қаузай берсек, ұлы ұстаздың тағы бір айтатыны бар: «Бір халықтың өз ті­лінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгерді һәм көршілес күшті ха­лықтың тілімен әсірелеп… соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандан­дырыл­маған ескі тілі өзінің барлық маңы­зын жояды һәм жылдам ұмытылады». Шүкір, тілімізге аса зор зардабын тигізіп, барынша шұбарлауға ұмтылған қызыл им­перияның шаңырағы айдың-күннің аманында ортасына түсті. Сондай тарихи әді­леттіліктің арқасында есімізді жинап, бабадан қалған ең ұлы мұрамызға, ұлтымызды ұлт қылып тұрған құдіретке бетіміз бұры­лып, оны уақыттың шаң-тозаңынан тазартып алуға қам жасап жатырмыз. Бұған да шү­­кір дейік. Бірақ жаһандану заманында алаң­­сыз жүріп, арқаны кеңге салуға болмайды. Жасыратын несі бар, тіл мәселесі бүгінде еріккеннің ермегіне айналып кетуге жақын. Біреулер тіл мәселесін көтеру арқылы попу­листік жасап, арзан атақ-даңққа оп-оңай қол жеткізгісі келсе, енді біреулер үйінде пай­даланбайтын қазақ тілінің құқығын кө­шеде қорғап, патриот атанбақшы. Ал қа­зақ тілінің мерейі, қасиеті, құдіреті, бола­ша­ғы туралы баяғыда бәрін айтып кеткен Ахмет Байтұрсынұлының жазғандарына үңілуге жұрттың ынтасы жоқ. Бір нәрсе анық: тіл жөнінде барлық іске ұстын болатын Ахаңның жазғандарын оқы­ма­сақ, бүгінде күнде айтылып құлақты сар­сылтып жүрген әңгіменің бәрінен пайда жоқ. Тілге Байтұрсынұлы қараған биіктен қара­май оны асқақтата алмаймыз.