Жаңалықтар

Елмұрат ТАСМҰРАТОВ: Қазақстан балуандарына қарсы күрескім келмейді

ашық дереккөзі

Елмұрат ТАСМҰРАТОВ: Қазақстан балуандарына қарсы күрескім келмейді

Елмұрат Тасмұратов дегенде өзімізде елеусіз қалып, өзге елде бағы жанған балуанымыз есімізге оралады. Өзбекстанда туған, тарихи Отаны – Қазақстанның намысын қорғасын деп, атажұртқа арнайы жіберген әкесінің сенімін ақтап, ел ішіндегі сайыстарда ешкімге дес бермей жүрген Елмұратты ұлттық құрама бапкерлері мықтылар қатарына қосқысы келмеді. Сөйтіп, Қазақстанда қолдау таппаған ол Өзбекстан құрамасына ауысып, онда грек-рим күресінен Азияның бес дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ әлем біріншілігінде екі мәрте қола жүлдені олжалап, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро олимпиадасының қола жүлдесін қанжығасына байлады. 16-21 ақпан аралығында Алматыда күрес түрлерінен өтетін Азия чемпионатында алтыншы мәрте чемпиондық атағын қорғау үшін Хорватияда жаттығу жиынын өткізіп, дайындалып жүрген Елмұратқа хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Өзбекстан ұлт­тық команда­сында да бәсекелестіктің бәсі қы­зып тұрғаны бел­гілі. Бай­қауым­ша, бозкілемге алып шы­ғып жүр­­ген бапкер­лер сізге қатты сенім ар­та­тын секілді... – Иә, бізде де құра­маға қа­былдану үшін бә­секе­лес­тік деңгейі жо­ғары. Десек те, ме­нің салмақ дәре­жем­де м­а­ған қарсылас бо­латындай еш­кім бол­м­ады. Жаттығу жиын­дарын­да да ешкімге мүм­кін­дік бер­меймін. Құ­дайға шүкір, жа­рыс­тардан жүл­десіз қайтпаймын. Бас бап­керлер се­німді ақтағаным үшін мені құра­мада нөмірі бірінші балуан етіп сай­лайды. Токио Олимпиадасының жол- ­д­амасын ұтып алғанмын, онда 60 келі салмақ дәрежесінде күрес­пек­шімін. Алайда бір ай бұрын жат­тығу барысында тіземді жарақаттап алып, қазір бұрынғы қалыбыма қай­тып келу үшін тынбай жаттығып жүр­мін. Қазіргі мақсат – Алматыда өте­тін Азия чемпионатында кезекті рет топ жару. Ал бапкерлерімді сұра­саңыз, мен олармен ортақ тілде сөйлесемін. Ара-тұра қалжың­да­са­мын. Бас бапкерді туған ағамдай кө­ремін. Екеуіміз бір-бірімізден ақыл-кеңес сұрап тұрамыз. Жалпы, Өз­бекстанда қолдаудан кенде емес­пін. Олим­пиа­дада қола жүлдені ол­жалағанда, Өз­бекстан үкіметі көлік сый­лады, қар­жылай қолдау көрсетті. Ата-ана­ма Өзбекстанның Швей­ца­риясы саналатын мен туған аудан­нан коттедж үй берді. Мұнымен қоса, Ташкенттен пәтер сатып алдым. Сосын былтыр Токио Олимпиада­сына жолдама алғаным үшін жер­гілік­ті биліктегілер бір бөлмелі пәтер сыйлады. – Әртүрлі жарыстарда боз­кі­лем­де қазақ балуандарына қар­сы күрескеніңізді көрдік. 2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия чемпионатында Бағ­лан Жақаншамен күш сынас­қан­да көрерменнің кімге жанкүйер боларын білмей, дал болғаны көпшіліктің есінде. Мұндай сәт­терде қандай күй кешесіз? – Бозкілемге шыққан соң, кімді бол­са да жеңуге тырысасың ғой. Алайда Қазақстанның балуандарына қарсы күрескім келмейді. Олар балуан­нан бұрын бауыр болғаны үшін, қанымыз қазақ болғаны үшін күш сынасқым келмейтіні рас. Жалпы, Қазақстанның намысын қор­ғап жүрген балуандардың бірне­шеуімен ғана күрестім. Алмат Кебіс­паевтан екі рет ұтылып, бір рет жең­генім бар. Одан бөлек, Мейрам­бек Айнақұловты, Ернар Фидах­метовті, сіз айтып отырған Бағлан Жақаншаны жеңгенмін. Десек те, бозкілемде олармен белдесу оңай емес. Сондай-ақ, Өзбекстанда туып, осы елдің атынан сынға түсіп жүр­сем де, Қазақстанмен байла­ныс­тының барлығын ұмытпаймын. Оның үстіне, онда тұратын туған-туыстарым жетерлік. Жалпы, біз отбасыда алты перзентпіз. Ең үлкен әпкем Алматыда тұрады. Менен кейін туған қарындасым Шымкентке тұрмысқа шықты. Одан кейін дүниеге келген қарындасым да тұр­мыста, қазір ауылда тұрады. Кіші қа­рын­дасым мен інім де ауылда.  

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ