Елмұрат ТАСМҰРАТОВ: Қазақстан балуандарына қарсы күрескім келмейді

Елмұрат ТАСМҰРАТОВ: Қазақстан балуандарына қарсы күрескім келмейді

Елмұрат ТАСМҰРАТОВ: Қазақстан балуандарына қарсы күрескім келмейді
ашық дереккөзі
Елмұрат Тасмұратов дегенде өзімізде елеусіз қалып, өзге елде бағы жанған балуанымыз есімізге оралады. Өзбекстанда туған, тарихи Отаны – Қазақстанның намысын қорғасын деп, атажұртқа арнайы жіберген әкесінің сенімін ақтап, ел ішіндегі сайыстарда ешкімге дес бермей жүрген Елмұратты ұлттық құрама бапкерлері мықтылар қатарына қосқысы келмеді. Сөйтіп, Қазақстанда қолдау таппаған ол Өзбекстан құрамасына ауысып, онда грек-рим күресінен Азияның бес дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ әлем біріншілігінде екі мәрте қола жүлдені олжалап, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро олимпиадасының қола жүлдесін қанжығасына байлады. 16-21 ақпан аралығында Алматыда күрес түрлерінен өтетін Азия чемпионатында алтыншы мәрте чемпиондық атағын қорғау үшін Хорватияда жаттығу жиынын өткізіп, дайындалып жүрген Елмұратқа хабарласып, әңгімеге тартқан едік.  width= – Елмұрат, көпшілік сізді Рио-де-Жанейро олимпиа­да­сы­нан кейін «Өзбекстанға жүлде әпер­ген қазақ балуаны» деп енді та­ныса, ал күрестегі әр қада­мыңыз­ды бақылап жүрген спор­т­сүйер қауым Өзбекстан құра­ма­сына не себеппен ауысқаныңыз­ды жақсы біледі. Десек те, осы­дан бірнеше жыл бұрын Шым­кент­тің атынан жарысқа қа­ты­сып жүрген сізді сол өлкенің ту­масы екен деп жүрсем, Өз­бек­станда дүниеге келген екенсіз. Сонда Өзбекстаннан Қазақ­стан­ға келіп, сосын Ташкентке қайта бар­дыңыз ба? – Иә. Мен 1991 жылы Өзбек­стан­ның Бостандық деген ауданына қарасты Қызылту ауылында дүниеге келдім. Аудан халқының түгелі дерлік қазақтар. Күреске икемімді бай­қаған ата-анам тарихи Отаным – Қазақстан, соның ішінде Шым­кент­ке оқуға жіберді. Сөйтіп, 8-сы­нып­тан бастап Шымкенттегі Бекзат Сат­тарханов атындағы дарынды ба­лаларға арналған спорт мектеп-ин­тернатта оқыдым. Ауылда жүр­ген­де жаттығу залына бару үшін аял­дамаға дейін 5 шақырым жаяу жүр­іп, одан ары автобуспен ұзақ жол жүріп баратынмын. Үйдің алдынан да авто­бус жүреді, бірақ оған жолақы тө­леуің керек. Ал бізде күн сайын жол­ға төлейтіндей ақша болмады. Осы­лайша, аялдамаға дейін бәлен­бай шақырым жүріп, екі жылдай со­лай қатынадым. Ал жаттығу за­лына бармай қалсам, әкемнен таяқ жеймін. Өйткені ол кісі менің спорт­шы болуымды қалады. Әкем көп жыл бойы қарапайым жүргізуші бо­лып жұмыс істеді. Кейде ұзақ уа­қыт жаяу жүріп барғанға қи­на­латынымды көріп «Қазір қиналасың, бірақ қара да тұр, ертең  жемісін кө­ресің. Есесіне, мен құсап қолың май-май болып жүр­мейсің. Шыда!» деп дем беретін. Қанша шы­да десе де, ойын бала­сы­мыз ғой, сыртта бала­лар­мен бірге ойнағың ке­леді. Таң атқаннан кеш батқанша құм үстінде жү­ріп, асыр салғың келеді. Алай­да, әкемнен қорқып, күн сайын жаттығу залына ба­ра­тынмын. Сөйтіп жүріп спорт десе ішкен асымды жерге қоятын деңгейге жеттім. Сол уақытта Шымкент­тегі спорт-интернатқа оқу­ға түсу үшін 300 АҚШ долларын сұ­раған, болаша­ғым­ды Қазақстанмен байланыстыруды құптаған әкем бұған кел­і­сіп, ме­нің сон­­да ба­рып оқуымды қалады. Алайда оқу­ға дайындалып жүргенімде үйіміз өртеніп кетті. Түгі қалмады. Сол кез­де әкем «Жағдайды көріп тұрсың, ба­лам. Енді оқуға өз күшіңмен түс­песең, басқа амалымыз жоқ. Не бол­са да, пешенеңе жазылғанын көрер­сің. Бар да, тапсырып көр» деді. Сол уақытта жатсам да, тұрсам да спорт­ты ойлап жүрген мен әлгі ин­тер­натқа қатты түскім келді. Сөйтіп, Шым­кентке келіп, қажетті емти­хан­дарды тапсырдым. Емтихан нәти­же­сін жариялайтын күні оқуға тап­сыр­ғандардың арасынан бес баланы бір қадам алға шығуын сұрады. Ішінде мен де бармын. Аты-жөнімді бірінші атағанға «Қап, оқуға түспей қалдым ба?» деп қапаланып тұрғанымда ем­ти­хан комиссиясының мүшесі «Құт­­тықтаймын, сендер оқуға түс­тің­дер!» демесі бар ма?! Осылайша, ба­ғым жанып, талай мықтыны баптап шығарған интернатқа оқуға түсіп кеттім. Негізі, онда көп нәрсені үй­рен­дім. Бұған дейін күрестің ере­ж­е­лерін жөнді білмейтінмін. Не керек, интернатта жағдай жақсы болды. Ең бастысы – жаттығу үшін Өзбекстан­дағыдай бес шақырым ары, бес ша­қырым бері жаяу жүріп, қиналмай­тын болдым. Жаттығуға қажеттінің бар­лығы бар, тамағым тоқ, көйлегім көк болды. Өмірімде қарақұмық се­кіл­ді дақылдарды жеп көрмеген мен мұндай өнімнің бар екенін сол жер­де білдім. Ауылда ондай нәрсе жоқ қой (күліп). Сөйтіп, осындай жақсы ор­таға келіп түскен соң, менен талап еті­летіні тек өз-өзімді көрсету керек еке­нін жақсы түсініп, жаттығу жұ­мыстарына баса көңіл бөлдім. Күрес­ке ден қойғаным соншалық, тіпті демалыс күндері де өз бетіммен шы­нығып жүретінмін. Интернатта күн сайын таңғы сағат 7-де жаттығу жа­сауға сыртқа шығатынбыз, ал мен ба­лаларға білдіртпей, олардан бір сағат бұрын стадионға барып, өз бе­тімше жаттығатынмын. Сөйтіп, ба­лалар келгенше он айналым жүгіре­мін, сосын олармен бірге жеті ай­на­лым тағы жүгіріп өтемін. Жаттығу за­лына да ең бірінші барып алып, ең соңы болып қайтатынмын. Сөйтіп, интернатта оқып жүргенде қатты еңбектендім. Оның үстіне, әкемнің оқуға түсер алдында айтқан сөзі са­намда жаңғырып тұратын. – Қазақстаннан кетіп, өзге ел­дің байрағын көтеріп жүрген балуан­дар жетерлік. Ербол Қалабаев Беларусь құра­ма­сы­на қабылданса, Марат Гарипов Бразилияның аты­нан сынға түсіп жүр. Бі­рі Қазақстан құра­ма­сын­да бәсекелестік жоғары десе, енді бірі мықты еке­нің­ді көрсетіп, ұлттық коман­да­ның «есігін» қанша қақсаң да, бап­керлер құрамаға үміткер ре­тінде қарастырмайтынын алға тар­тады. Ал сіздің жағдайыңызда бәсекелестікке төтеп беру емес, бапкерлердің көзіне түсу қиынға соққан деседі. Солай ма? – Дәл солай. Қазақстан чемпио­нат­тарында бірнеше рет жүлдегер атан­дым. Кадеттер арасында да жақ­сы күресіп жүрдім. Қазақстан спар­та­киадасын жеңіп алдым. Алайда, оқу-жаттығу жиындарына ша­қы­рыл­­мадым. Жанымда жаттығып жүр­ген достарымды шақыратын, ал мені жолатпай қойды. Тіпті, ұлттық құрамадағы бірінші және екінші нө­мірлі балуандарды жеңіп жүрсем де, ұлттық командаға алмай қойды. Азия чемпионатына іріктеу ретінде өт­кізілген Дәулет Тұрлыханов атын­дағы турнирде қарсыласымның жауы­­рынын жерге тигізсем де, төре­шілер ұпай бермей, бұрмалап жібер­ді. Сол уақытта ел намысын қорғай­мын ғой деп Қазақстан азаматтығын алуға өтініш беріп, Өзбекстандағы тұр­ғылықты жерден тіркеуден шы­ғып кеткен болатынмын. Төлқұжат деген құнды қағаздың бірден беріле салмайтыны белгілі. Ақырында сол төлқұжатты ала алмай кеттім. Интер­натта Александр Колесников де­ген мықты бапкердің қоластында жаттықтым. Ата-анам Өзбекстанда ауыл­да тұратындықтан, бапкерім мені асырап алмақшы болды. Ол кісі менің Азия чемпионы болғанымды қа­лады. Әр бапкер өзі жаттықтырған шә­кіртінің олимпиада ойындарында ал­тын жүлдені еншілеуін арман­дай­ды ғой. Оның үстіне, ол талай мық­тыны жеңіп жүргенімді көріп-біліп жүр­ген соң, тасада қалып қалмасын деп, араға түсіп, Өзбекстанның бас бапкерлерімен сөйлесіп, Таш­кентке келуіме септігін ти­гізді. Ташкентке келгенде олар­дың бірінші және екінші нөмір­лі балуандарын жең­дім, сосын Азия чем­пионатына ірік­теу турнирінде бірін­ші орынды ие­лендім. Сөйтіп, Өз­бек­стан атынан Азия бірін­шілігіне қа­тыс­тым. Қы­зық бол­ғанда, бі­рін­ші ай­налымда қа­зақ­стан­дық балуан­мен күре­сіп, оны жең­дім. Келесі ай­налымдар­да да жеңіске жетіп, нә­ти­жесінде Азия чемпионы атан­дым. Содан кейін Өзбекстан құрамасында қалып қойдым. – Сіздіңше, қазақстандық бап­­керлердің сізді құрамаға жо­лат­пай қоюына не себеп болуы мүм­кін? – Бет-әлпетім жақпай қалған бо­лар, бәлкім (күліп)?! Әлі есімде, қа­зақ­стандық бапкерлер Карелин атын­дағы турнирге елу бала апарды. Тү­сініп тұрғаныңыздай, аталған сайыс­қа мені тағы апармай қойды. Сол 50-дің 49-ы аталған жарыста жеңі­ліп, құр қол қайтты. Ал менің қар­сыласым болып жүрген балуан бі­рінші орын алып, оны Азия чем­пионатына даярлай бастайды. Бірақ одан кейін ол балуанды үнемі жеңіп жүрдім. Тек сол әлгінде мен айтқан Дәулет Тұрлыханов атындағы жа­рыс­­та мені «қысып» тастады. Бізде бар­лық жерде тамыр-таныс, біреудің ағасы, біреудің көкесі шешуші рөл ой­найды ғой. Бұл – Қазақстанда жә­не спортта ғана емес, әлем бойынша әртүрлі салада бар айла-тәсіл. Сол себепті біз секілді қарапайым отба­сы­нан шыққан спортшыларға мұн­дай ортада топ жарып шығу қиын­ның қиыны. – Ішкі біріншіліктерде қар­сы­лас шақ келтірмей, жеңіс тұғы­ры­нан талай рет көрінген сізді біз­дің бапкерлер халықаралық жа­рыстарға қатыстырмай қой­ған кезде спортты тастап кету туралы ойлар мазалаған болар? – Жоқ. Мұндай кезде, бүк түсіп жа­тып қалмай, күнделікті тынбай ең­бектену қажет. Сосын айналаң «ала-құла» болса да, өз ниетің таза болуы керек. «Аққа Құдай жақ» деп бекер айтпайды. Жалпы, мен алдыма бір мақсат қойсам, соған жету жо­лын табанды түрде іздеймін, орта жол­дан қайтып кетпеймін. Әлі есім­де, 2007 жылғы желтоқсан айында Шым­кентте спорт-интернаттың жа­­тақханасында жатқанмын. Ұйық­тап кетіппін. Түсімде грек-рим күресінен Азия чемпионы атанып­пын, бі­рақ сол құр­­лық­тық сайыс­­­қа Өз­­­­­­бекстан­ның аты­нан шығып­пын. Ұйқыдан тұр­­ған соң, қасым­дағы балаларға айт­сам, олар аң-таң. Қазақстанның аты­нан күресуді мақ­сат тұтып, Өзбекстан­нан арнайы кел­ген менің өзім бұл тү­сімді ойлап, таңғалып жүр­дім. Қа­зақстанда қатысқан соң­ғы жа­ры­сым спар­та­киада болды. Мұнда бірін­ші орынды иеленіп, бір­неше күн­нен кейін Өзбекстанға қайта орал­дым. Өз ба­сым Өзбекстан құра­масына қосыл­ғаныма өкінбей­мін. Қазақстанда қалып қойғанымда, қазіргідей нә­тиже көрсетпес пе едім, кім біліпті?! Бүгіндері сол спорт мек­тебінде оқы­ған сыныптас­тарым­нан тек Асхат Жаңбыров ұлттық құрама са­пында жүр. Қалғаны спортты тас­тап кетті, ба­сым көпшілігі мүлдем ке­ре­ғар тір­лікпен айналысып жүр. Бәл­­кім, мен де солай жүрер ме едім?.. Дей­тұрған­мен, қазір Өзбекстан құра­­масында жаттығып жүргеніме шү­кір деймін. – Шетелдік комментаторлар сіздің күресу стиліңізді мақтап жатады... – Жоғарыда айтып өткен Шым­кент­­тегі бапкерім Александр Колес­ни­­ков кезінде мықты балуан болған. Бірақ қарсыластарына онымен күре­су ыңғайсыздық тудырады, ал ол үне­­мі жарақат алып қала береді екен. Сөйтіп, ол өз тәжірибесіне сүйе­­не отырып, маған күресудің қа­таң әдіс-тәсілдерін үйретті. Жасөс­пі­рімдер құрамасынан жастар коман­дасына өтіп, Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері атанып жүрген кезімде, сенесіз бе, маған қар­сы күрескен он балуанды жара­қаттап алыппын. Әлбетте, әдейі іс­те­меймін, бірақ Колесников үйрет­кен­дей, қарсыласым жарақат алып қа­латындай күресу стилін меңгеріп ал­дым. – Екі бірдей олимпиадаға қа­тыс­қан спортшылардың үшінші олим­пиадада бақ сынау үшін мо­тивацияны қайдан алатыны, қа­лайша жігерленетіні қызық­тырады. 2012 жылғы олимпиа­дада 16-орынға табан тіреп, 2016 жыл­ғы Рио-де-Жанейро олим­пиадасында қола жүлдені қан­жығаға байлаған сіздің Токиода өте­тін төртжылдықтың басты до­дасында алтын медаль алуға талпынатыныңыз түсінікті жайт. Десек те, үш бірдей олим­пиа­да­лық цикл бойы дене қа­лыбын сақ­тап, осыншама жыл бойы өзіңізді құрамада жүруге лайық­ты балуан екеніңізді дә­лелдеу қиын емес пе? – Әрине, оңай емес. Жас ұлғай­ған сайын, тіпті қиындай береді, бі­рақ өзіңнің мықты екеніңді дәлел­деуге барынша тырысасың. Қазір қай жарысқа барсам да, сол жарысты қайтсем де жеңуім керек деген ой тұра­ды. Дегенмен, мен жарыс туралы көп ойланбаймын, тек дене қалы­бым­ды ұстап тұруға бас қатырамын. Бі­рақ карантин кезінде бұған ай­тар­лықтай көңіл бөле алмадым. Токио Олимиадасының өту-өтпеуі белгісіз болды, оның үстіне бір өзің жаттық­қан түк нәтиже бермейді екен. Зал­дар жабық болды, ал біздің ауданда ме­німен бірге жаттығып, күрес­е­тіндей балуан жоқ, тек жүгірумен ай­на­лыстым. Бірақ мұның өзі біз үшін аздық етеді. Олимпиада демек­ші, Рио-де-Жанейро олимпиадасында қола жүлдені ала алмаймын деп ойлағанмын. Өйткені, Ресей, Польша, Германия елдеріндегі оқу-жаттығу жиыны ойдағыдай өтпей, дайындық жұмыстары дұрыс жүргізілмеді. Со­сын Бразилияға олимпиада бас­та­лар­дан екі апта бұрын барғанда боз­кі­лемді «сезе» алмадым. Бірақ, Құ­дай күш-қуат беріп, сол елде олимпиаданың қола жүлдегері атан­дым. Негізі, мен сол олимпиадаға бір жыл қалғанда спортпен қоштас­пақ­шы болғанмын. 2015 жылы Лас-Ве­гаста (АҚШ) өткен әлем чемпио­на­тында жеңіліп қалдым. Сосын өз-өзіме «Егер әлем чемпионатында ме­даль ала алмай жатсам, олимпиа­да­да күресіп не теңім?» деп, күресті тастауға бел буып, телефондарымды өшіріп, ауылға кетіп қалғанмын. Ал­ғаш­қы үш күн бойы ызаға булы­ғып, мүлде ұйықтай алмадым. Ешкіммен сөйлеспей қойдым. Бір апта бойы хабарласқан бапкерлеріме де жауап бермедім. Оңашада неше түрлі ойға батып, есімнен адаса жаздадым. Қыр­сыққаным соншалық, туған қарын­дасым­ның тойына да бармай қой­дым. Сөйтіп, Нұр-Сұлтанда тұратын туыс ағаларым кәсіпкерлікпен айна­лы­сады, сол кісілердің қасына барып, жұмыс істеймін деп шештім. Бір күні үйде ұйықтап жатсам, түсімде олим­пиадада байрақ көтеріп жүгіріп жүргенімді көрдім. Мұның бекер емес екенін түсініп, киімдерімді жи­нас­тырып, базаға қайтып оралып, бап­керлерімді бір қуантқан жайым бар (күліп).  width= – Өзбекстан ұлт­тық команда­сында да бәсекелестіктің бәсі қы­зып тұрғаны бел­гілі. Бай­қауым­ша, бозкілемге алып шы­ғып жүр­­ген бапкер­лер сізге қатты сенім ар­та­тын секілді... – Иә, бізде де құра­маға қа­былдану үшін бә­секе­лес­тік деңгейі жо­ғары. Десек те, ме­нің салмақ дәре­жем­де м­а­ған қарсылас бо­латындай еш­кім бол­м­ады. Жаттығу жиын­дарын­да да ешкімге мүм­кін­дік бер­меймін. Құ­дайға шүкір, жа­рыс­тардан жүл­десіз қайтпаймын. Бас бап­керлер се­німді ақтағаным үшін мені құра­мада нөмірі бірінші балуан етіп сай­лайды. Токио Олимпиадасының жол- ­д­амасын ұтып алғанмын, онда 60 келі салмақ дәрежесінде күрес­пек­шімін. Алайда бір ай бұрын жат­тығу барысында тіземді жарақаттап алып, қазір бұрынғы қалыбыма қай­тып келу үшін тынбай жаттығып жүр­мін. Қазіргі мақсат – Алматыда өте­тін Азия чемпионатында кезекті рет топ жару. Ал бапкерлерімді сұра­саңыз, мен олармен ортақ тілде сөйлесемін. Ара-тұра қалжың­да­са­мын. Бас бапкерді туған ағамдай кө­ремін. Екеуіміз бір-бірімізден ақыл-кеңес сұрап тұрамыз. Жалпы, Өз­бекстанда қолдаудан кенде емес­пін. Олим­пиа­дада қола жүлдені ол­жалағанда, Өз­бекстан үкіметі көлік сый­лады, қар­жылай қолдау көрсетті. Ата-ана­ма Өзбекстанның Швей­ца­риясы саналатын мен туған аудан­нан коттедж үй берді. Мұнымен қоса, Ташкенттен пәтер сатып алдым. Сосын былтыр Токио Олимпиада­сына жолдама алғаным үшін жер­гілік­ті биліктегілер бір бөлмелі пәтер сыйлады. – Әртүрлі жарыстарда боз­кі­лем­де қазақ балуандарына қар­сы күрескеніңізді көрдік. 2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия чемпионатында Бағ­лан Жақаншамен күш сынас­қан­да көрерменнің кімге жанкүйер боларын білмей, дал болғаны көпшіліктің есінде. Мұндай сәт­терде қандай күй кешесіз? – Бозкілемге шыққан соң, кімді бол­са да жеңуге тырысасың ғой. Алайда Қазақстанның балуандарына қарсы күрескім келмейді. Олар балуан­нан бұрын бауыр болғаны үшін, қанымыз қазақ болғаны үшін күш сынасқым келмейтіні рас. Жалпы, Қазақстанның намысын қор­ғап жүрген балуандардың бірне­шеуімен ғана күрестім. Алмат Кебіс­паевтан екі рет ұтылып, бір рет жең­генім бар. Одан бөлек, Мейрам­бек Айнақұловты, Ернар Фидах­метовті, сіз айтып отырған Бағлан Жақаншаны жеңгенмін. Десек те, бозкілемде олармен белдесу оңай емес. Сондай-ақ, Өзбекстанда туып, осы елдің атынан сынға түсіп жүр­сем де, Қазақстанмен байла­ныс­тының барлығын ұмытпаймын. Оның үстіне, онда тұратын туған-туыстарым жетерлік. Жалпы, біз отбасыда алты перзентпіз. Ең үлкен әпкем Алматыда тұрады. Менен кейін туған қарындасым Шымкентке тұрмысқа шықты. Одан кейін дүниеге келген қарындасым да тұр­мыста, қазір ауылда тұрады. Кіші қа­рын­дасым мен інім де ауылда.  

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ