Аманатқа адалдық: Тәуелсіздік шежіресіндей болған Túrkistan жинағының таныстырылымы өтті
Аманатқа адалдық: Тәуелсіздік шежіресіндей болған Túrkistan жинағының таныстырылымы өтті
Басылым бетінде жарық көрген әрбір материал – тарих қойнауына кететін құжат. Газет тігінділерінде бүтін бір заман, дәуір келбеті сақталады. Құнды мақалалар, сүбелі сұхбаттар қанша уақыт өтсе де маңызын жоймайды, себебі ол – бүгінгі мәселе, ертеңгі естелік. Сол еңбектерді жабулы қазан жабулы күйінде қалдырмай, араға уақыт салып қайта жариялау да – маңызды мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, белгілі бір уақыт аралығында жарық көрген мақалаларды сұрыптап, жинақ түрінде шығару – әлемдік тәжірибеде бар игі үрдіс.
https://youtu.be/j_6_ay9n8sg
28 қаңтар – халықаралық Túrkistan саяси апталығының жарыққа шыққан күні. Осыған орай, елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада басылым бетінде жарық көрген материалдардың жинағы таныстырылды. Кітапқа енген материалдар 1994 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта газет бетіне шыққан мақалалар мен сұхбаттардан іріктелген.
Жинақтың таныстырылымына елімізге белгілі қоғам қайреткерлері, баспасөз саласының өкілдері қатысты. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, публицист Қайрат Сақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, «Бас редакторлар клубының» вице-президенті, саясаттанушы, публицист Кенжеболат Жолдыбай, ҰҒА академигі, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Кәрімбек Құрманәлі, «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның ресми өкілі, журналист Еркін Байғабылұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Egemen Qazaqstan газеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменов, Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлмира Әшірбекова, Түркияның «Жихан» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы тілшісі Доған Йылдыз қатысты.
Жиынға қатысушылар басылымның қазақ руханиятындағы орны, маңызы жайлы сөз қозғап, жинақтың қалың оқырманға рухани азық болатынына сенім білдірді, газеттің бүгінгі бет алысына оң бағасын берді. Алғаш болып сөз алған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы ғалым Қайрат Сақ жинақтың маңызына тоқталды.
Филология ғылымдарының докторы, белгілі публицист ғалым Серік Негимов газеттің тарихы, өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып өз пікірін білдірді.
– Әр нөмір сайын шет елдегі қазақтың ұл-қыздары жөнінде керемет материалдар жарияланып тұрады. Риза боламын. Қазақтың ұл-қыздарының интеллекті, шығармашылық мәдениеті жоғары екенін, бірнеше тілді білетіндерін мақтан тұтамын.
Газетті сонау 1994 жылдан бері оқып келе жатырмыз. Бізге газет оқуды үйреткен Мәлік Ғабдуллин еді. Ол кісі газет оқыңдар деп айтқан емес, бірақ ҚазҰУ-дың маңайында ілулі тұрған газеттерге үңіліп, қарап жүретін. Сөйтсек, республикалық газеттерді ғана емес, облыстық басылымдарды да қалдырмай оқиды екен. Содан 1971 жылы ҚазҰУ-ды бітіріп, 1972 жылы академияға барған кезде Әди Шәріпов, Мәлік Ғабдуллин бар, сол кезде әңгімеден әңгіме шығып, Мәлік Ғабдуллин бір жылға 180 сомға газетке жазылғанын айтқан еді. Ол кездері «Правда» газеттері 2 сомның маңайында еді ғой. Сонда таңғалған едім. Сол кісілер бірдеңені біледі ғой деп, біз де содан бері газет оқып келе жатырмыз.
Túrkistan газетіне өзім ризамын. Басылымның кейбір тарихи материалдары менің қолымда. Әуелгі бірінші күннен, алғашқы санынан бастап-ақ Túrkistan-ға керемет мақалалар жарияланды, мықты, білікті де білгір журналистер қызмет етті. Асудан асуға аса беріңдер, белестен-белеске шыға беріңдер, түркі халықтарын ұйыстыратын басылым болсын, Тайбурылдың шабысын тілеймін», – деп ізгі лебізін айтты.
Газет қоғамдық-саяси маңызы бар мәселелерді көтеріп, сол проблемалардың шешім табуына ықпал етіп келеді. Соның ішінде, қандастар мәселесін ерекше атап өту керектігін Республикалық «Бас редакторлар клубының» вице-президенті, саясаттанушы, публицист Кенжеболат Жолдыбай тілге тиек етті.
Жинақтың таныстырылымына арнайы ғылыми баяндама әзірлеп келген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшірбекова газет бетінде әр жылдары жарық көрген мақалаларды жан-жақты талдады. Сонымен қатар басылым бетіне бүгіндері жарияланып жүрген материалдарды сараптап, журналистерге жылы лебізін білдірген зерттеуші ғалым аталған баяндаманы қазақ баспасөзін зерттеушілер мен студенттер үшін құндылығын ескере отырып, арнаулы ғылыми журналға жариялайтынын айтты.
– Жалпы, Túrkistan газетінің арқалаған жүгі мен аманаты үлкен деп білемін. Кезінде студенттер жатақханасына жаздырып алатын үш газеттің біреуі осы Túrkistan болатын. Негізін Қалтай Мұхамеджанов секілді қазақ әдебиетінде ойып алатын орны бар азулы жазушы қалаған басылым осы күнге дейін жанымызға жақын. Мағжан Жұмабаев «Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деп айтқандай, түркі дүниесі қазақ елін қара шаңырақ деп танитын болса, Túrkistan-ның Қазақстанның қазіргі елордасы – Нұр-Сұлтан қаласынан басылып шығуы заңдылық. Túrkistan апталығы газет-журнал деген дүниеден алшақтап бара жатқан қазіргідей заманда оқырман бетін бері қаратып, оларды мазмұнды мақала-сұхбаттарымен ынтықтырып жүр. Басылым қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып келе жатыр десем қателеспеймін. Әсіресе, газет бетінен руханият туралы сараптамалық материалдарды жиі оқимын. Сондай-ақ, қандастарға арналған ATAJURT айдарымен тамаша материалдар шығып тұрады. Қазақ ұлтына жанашыр, қазақтың шаңырағы биік, керегесі кең болсын деп тілеп кеткен ұлылар іргетасын қалаған газеттің ғұмыры ұзақ болуы керек!», – деді ақын Дәулеткерей Кәпұлы.