Жаңалықтар

Ақпараттық саясаттың алғы шебінде кімдер жүр?

ашық дереккөзі

Ақпараттық саясаттың алғы шебінде кімдер жүр?

Келер жылы елімізде БАҚ туралы жаңа заң қабыл­дан­бақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ба­лаеваның айтуынша, биыл заң жобасының тұ­жырым­дама­сы кеңінен талқылауға ұсынылады. Отан­дық медиа нарықтың қызметін реттейтін жаңа құ­жатта қандай мәселелер қамтылуы тиіс? Әлеуметтік желілердің қоғамдық санаға ықпалы артып, сенсация мен «хайп» қууды кәсіби дағдыға айналдыра бастаған жаңа медиа­ның асығы алшысынан түсіп тұрғанда мәртебесі төмен­де­ген дәстүрлі БАҚ-қа қандай қолдау көрсетілмек? Желі­дегі желіктің салма­ғы басым түсіп, миллиондаған жа­зыл­маны бар блогер­лер­дің ақ дегені алғыс, қара дегені қар­ғыс болып тұр­ғаны жасырын емес. Жаңа заң желідегі жү­­­генсіздікке тұ­сау бола ала ма? Салалық журналистиканы дамытуға ден қойылады Өткен жыл барлық нарық субъектілері секілді бұқара­лық ақпарат құралдары үшін де ауыр жыл болды. Жұмыстың қа­шық­­тан жүргізілуі, бұқаралық ша­ралар өткізуге тыйым салынуы, рес­понденттермен бетпе-бет сұх­бат­тасу мүмкіндігінің шектелуі жур­налистердің жұмысына тежеу бол­ғаны белгілі. Соған қарамастан отан­дық медианарық дамуын тоқ­татқан жоқ. Өткен аптада Премьер-Ми­нистр орынбасары Ералы Тоғ­жановтың қатысуымен өткен Ақ­парат және қоғамдық даму ми­нистр­лігінің кеңейтілген алқа оты­рысында ведомство басшысы Аида Балаева 2020 жылдың нәтижелерін жариялады. Өткен жылы бірқатар жаңа ақпараттық жобалар іске қо­сылды. Атап айтқанда, Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында Abai TV телеарнасы өз жұмысын бас­тады. Мемлекеттік органдардың қыз­меті туралы халықты сапалы ақ­параттандыру мақсатында екі пор­тал іске қосылды: мемлекеттік БАҚ-тардың бірыңғай порталы, ол аза­маттарға жедел анық ақпарат бе­реді, сондай-ақ мемлекеттік бағ­дарламалардың мағынасы мен ха­лыққа пайдасын түсінікті түсіндіре­тін мемлекеттік бағдарламалардың бірыңғай порталы. Министр атап өткендей, өт­кен жылы министрлік жур­­налистердің біліктілігін арт­тыру­ға және қайта даярлауға, сон­дай-ақ салалық журналистиканы да­мытуға бағыт алды. Биыл осы ба­ғытта жоспарланған істер жүзеге асырыл­мақ. «8 ақпаннан бастап алғашқы 50 журналист С.Асфендияров атын­да­ғы ҚазҰМУ базасында медициналық тақырыпта мамандана бастайды. 15 ақпаннан бастап кемінде 50 жур­на­лист Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ба­за­сында дін саласындағы білімдерін же­тілдіретін болады. Ал 22 ақ­пан­нан бастап тағы 50 журналист үшін әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ база­сын­да экологиялық тақырып бойын­ша сабақтар басталады. Аг­рар­лық, құқықтық, экономикалық және әлеуметтік-еңбек сала­ларын­дағы басқа да жоғары оқу орын­да­рымен осындай жұмыс жүргізілетін бо­лады», – деді А. Балаева. Сондай-ақ министр 2022 жы­лы БАҚ туралы сапалы жаңа заң қабылдау көзделіп отырғанын айтты. Мұндағы түпкі мақсат  –  мем­лекеттің бірыңғай ақпараттық сая­сатының заңмен қамтамасыз етіл­ген тетіктерін қалыптастыру. «Биыл да біздің алдымызда маңызды міндеттер тұр. Олардың ішіндегі ең маңыздылары — мем­ле­кеттің ақпараттық қауіпсіздігін қам­тамасыз ету және ақпараттық-идео­логиялық жұмыс. Бағыттардың бірі ретінде шекара маңы аумақтары бойынша жұмыс басталды, онда бұл м­ә­селе әрдайым өзекті болды. Ше­ка­ра маңындағы аумақтарда мем­ле­кеттік радиохабар тарату желісін да­мыту жөніндегі Жол картасы әзір­ленді. Радиожиіліктерге конкурс жа­рияланды. Ақпараттық-тал­да­малық бағыттағы бағдарламалар ба­с­ым тәртіппен қаралатыны тү­сі­нікті», –  деді ведомство басшы­сы. Телеарналардағы отандық ақпараттық контенттің үле­сін арттыруға да баса көңіл бө­лін­бек. Өткен жылы шетелдік контент 30 пайызға төмендетілді. Ми­нистр­лік бұл жұмысты биыл да жал­ғас­ты­рады. Бұл ретте өндірілетін те­ле­ви­зия­лық контенттің сапасына бас­ты назар аударылмақ. Ұлттық жоспардың ұсынары не? Телевизия демекші, дәстүрлі БАҚ-қа сұраныс азайды деп да­был қақсақ та, отандық телеар­на­лар әлі күнге елімізде ең танымал БАҚ болып отыр. Бұған Ақпарат са­ласын дамытудың 2020-2022 жыл­дарға арналған ұлттық жос­па­рында келтірілген деректер дәлел. Өткен жылы Үкімет қаулысымен бе­кітілген ұлттық жоспарда медиа­дағы трендтер мен оның қай бағыт­та қозғалуы керектігі егжей-тег­жей­лі айтылған. Құжаттағы мәліметтерге сүйен­сек, Қазақстанда 3 600-ден астам БАҚ тіркелген. Ауди­то­­рияны қамту бойынша ең таны­мал ақпарат құралы – бұрынғыдай те­ле­визия саласы. Интернет-ре­сурс­тар екінші, дәстүрлі баспа басы­лым­дар үшінші орында. Радио таны­мал­дығы жөнінде БАҚ-тар арасында кейін­гі орында. Елімізде бас-аяғы 410 телеарна тіркелген, оның 161-і – қазақстандық және 249-ы – шетел­дік. Отандық телеарналардың үш­тен бір бөлігі соңғы үш жылда ашыл­ған. Десе де, бәсекелес орта­ның шектеулі болуына, сондай-ақ продакшн-студиялар нарығының даму деңгейінің төмен болуына бай­ланысты отандық телевизияда өн­дірілетін контенттің сапасы ай­тар­лықтай жоғары емес. Екіншіден, өңірлік телеарналар бәсекеге қа­білет­сіз. Көбінесе өңірлік телевизия рес­­публикалық телеарналарға қа­ра­­ғанда нарықтың шектеулілігі жә­не ірі жарнама берушілердің бол­­мауына байланысты мо­не­тиза­ци­я­лау тәсілдерінен қалтарыс қа­лып отыр. Үшіншіден, метриканың тиім­­­ділігін бағалау үшін медиаөл­шеу жүйесінің болмауы да саланың дамуын кенжелетіп отыр. Телеар­на­лар аудиториясын өлшеумен ай­на­лысатын небәрі бір ғана ұйымның болуы нарықтың дамуы туралы объек­тивті деректер алуға мүмкін­дік бермейді. Ұлттық жоспарда осы түйткілдерді шешуге бағытталған шаралар кешені көрсетілген. Интернет басылымдарға кел­сек, елімізде олардың жал­пы саны – 471. Министрлік дерек­тері бойынша Қазақстанда 6-74 жас­­ аралығындағы интернет желісін пай­­да­лану­шылардың үлесі 78,2 пайыз­­ға, ал мобильді интернетті пай­­да­лану­шы­лардың саны 44 пайыз­ға өсті. Негізгі аудитория – 14-45 жас ара­­лы­ғындағылар. Бұдан бас­қа, әлеу­­мет­тік желілер мен мес­сенд­жер­­лер­дің танымалдығы арт­қанын атап өту қажет. 2019 жылдың қаң­тар айын­­дағы жағдай бойынша, әлеу­­мет­тік желілерді елдегі халық­тың 39 пайызы пайдаланады. Індет та­ра­­лып, карантин жарияланғалы бері бұл көрсеткіш арта түспесе, ке­­­­мі­мегені анық. Мерзімді басылымдардың мәртебесі неге төмендеді? Жаңа платформалардың да­­­муы телевизияның та­ны­­­­­малдығына қатты әсер ете қой­ма­­ған. Себебі, ұлттық жоспар автор­ла­рының сөзінше, «адамдар теледи­дар­ды көруді азайтқанымен, телеө­німдерді пайдалануды тоқтатпаған». Есесіне, интернет басылымдардың көбеюі баспа БАҚ-қа сұранысты тө­­мен­детті. Мерзімді баспасөз басы­лым­дарының саны өзге ақпарат құрал­дарынан қаншалықты көп болса, аудиториясы соншалықты аз. Елімізде 2 964 мерзімді баспасөз (жал­­пы БАҚ санының 80,8 пайызы), оның ішінде  1 859 газет және 1 105 журнал тіркелген. Күн сайын олар­ды қазақстандықтардың 13 пайыз­дан астамы ғана оқыса, 43 пайызы си­­рек, ал 23 пайызы мүлдем оқы­май­­ды. Негізгі түйткіл – ақпарат т­а­ра­ту бойынша бәсекеде интернет БАҚ-тың алға шығуы мен пошта қыз­метінің қымбаттауы және газет дүң­гіршектерінің азаюы. Осыған бай­ланысты мемлекет газет-жур­нал­дарға қолдау көрсетіп, дүңгір­шек желілерін қаржылай ынта­лан­дырмақ. BRIF Research Group зерттеу ком­паниясының мәліметін­ше, қазақстандықтардың 77 пайызы ақпарат алмасу үшін WhatsApp мес­сенджерін пайдаланады, Instagram желісін пайдаланушылар – 34 пайыз, ВКонтакте – 40 пайыз, Од­ноклассники әлеуметтік желісіне 30 пайыз адам кіреді. Әлеуметтік же­лі­лердің белсенділігі мерзімді басы­лым­дардың аудиториясын азайтып қана қоймай, сапасы мен беделін де төмендеткені жасырын емес. Же­лідегі жеделдікке ілесу үшін бас­пасөз журналистері осы күні терең тал­дау, салмақты сарапты ұмытып, үстірт шолу, асығыс ақпар беруге төселіп бара жатқанын оқырмандар аузынан жиі естиміз. Сайттарын оқы­лымды ету үшін мерзімді басы­лым­дар негізгі бағыттарынан ай­нып, желідегі жұртқа «өтімді» та­қы­рыптарды ұсынуға машықтана бастағанын да көз көріп жүр. Бүгінгі оқыр­манға атыс-шабыс, дау-дамай, «жұлдыздардың» жүріс-тұрысы, бай-бағландардың ішіп-жегені қызық. Нарықтың «не сұраса – соны бер» қағидатын басшылыққа алып, газет-журналдар да осы тақы­рып­тарды төңіректеуге мәжбүр. Өйт­песе, рейтингі құлдырайды, сал­да­рынан тапсырыстан қағы­ла­ды. Тап­сырыс болмаса, кіріс те жоқ. Кірі­сі азайған кәсіпорынның жұ­мыс­шылары азып-тозып, ісінен бе­реке кете бастайтыны о бастан бел­гілі. Сондықтан баспа басылым­дар нарық талабынан әрі аса алмай отыр. Одан қалса, газет тілшілерінің көпшілігі блогерлікке бет бұ­рып, негізгі кәсібінен таппаған нә­пақаны желіден іздеуге көшті. Жур­налистердің әлеуметтік желідегі белсенділігі артты. Өкінішке қарай, ол кәсіби миссияға адалдық, ақ­парат­қа бейтараптық, объективті көз­қарас тұрғысындағы белсенділік емес, ол – қолында билігі мен ақ­ша­сы барға жағынып-жалпақтау, шен­ді-шекпендінің амандығын тілеп пост жазу тұрғысындағы белсен­ді­лік. Мемлекеттік органдар желідегі жұртты аузына қаратқан блогерлер­ге миллиондаған қаржы төлеп, шенеуніктердің беделін көтеруді «заң­дастырып» алғанын көріп-біліп отырған журналистер де батпан құй­рықтан қағылғысы келмейді де. Жур­налистиканы жеке мүддеге пай­далануға, ақпарат айдынын мадақ жырын айтатын сахнаға айнал­дыру­ға тоқтау қоятын кез келді. Жаңа заңда осы мәселе ескерілуі қа­жет дейді саланың көпті көрген, кө­некөз мамандары.  Әйтпесе, қо­ғамдағы ләппайшылдық пен жа­ғым­паздыққа, әріге тереңдесек, сы­байлас жемқорлық пен парақор­лыққа тұсау салынбайды, журна­лист беделі де артпайды. Әлеуметтік желілер ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін Ақпарат саласындағы ше­ші­мін күткен тағы бір өзекті мәселе – әлеуметтік желідегі ұлттық қауіпсіздікке, қоғам тұтастығына қауіп төндіретін дереккөздерге тұ­сау салу, ел ішіне іріткі салатын жал­ған ақпараттарға тосқауыл қою. Бұрын ата-аналар балаларына келер қауіпті тек түзден күт­се, қазіргі кездегі қауіп-қатер көзі – үйдегі компьютер мен баланың қо­лындағы ұялы телефоны. Бүгінде же­ліден келер қауіп салдары ядро­лық қарудың қатерімен теңестіріліп отыр­ғаны бекер емес. Технологиялар біз­дің күнделікті өмірімізге етене кі­ріп кеткені соншалықты, біз олар­дың пайдасын ғана ойлап, зияны ту­ралы жүйелі түрде бағамдай бер­мей­міз. Еліміз бойынша компьютер арқылы жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізе алатын або­ненттер саны – 2,5 млн болса, ұялы байланыс арқылы ғаламдық желіге қосыла алатын тұрғындар саны – 14,4 миллионға жеткен, бұл ха­лық саны 18 миллионнан енді ас­қан ел үшін жоғары көрсеткіш. Бұл жерде оң-солын танып үлгер­ме­ген жастардың, бесіктен белі шық­паған балалардың да алар үлесі жоғары екенін пайымдауға болады. Өкініштісі, соңғы уақытта ба­ла түгілі көпті көрген ере­­сек адамдардың өзі оқиғаның анық-қанығына жетпей, желідегі жалған ақпараттың жетегінде кететін жағдайлар көбейді.  Өзі еріп қана қоймай, тексерілмеген ақпа­рат­ты жерден жеті қоян тапқандай жер-көкке тарататындар да аз емес.  Бұл қауіпті. Өйткені негізсіз ақпарат айрандай ұйып отырған, ынтымақ-бірлігі жарасқан ел ішінде, адамдар арасында алауыздық пен өшпен­ділік өртінің өршуіне алып келуі әбден мүмкін. Түймедейді түйедей етіп көрсетіп, әлеуметтік желі ар­қы­лы «аттандап» жатқан бейнекө­рі­ністерге имандай иланып, қақты­ғыс­тың қақ ортасынан табылатын­дар да жоқ емес. Олар жалған ақпа­рат жаппай жүгенсіздік пен тәртіп­сіз­дікке жол ашатынына соншалық­ты бас қатыра қоймайды. Мұның соңы немен аяқталатыны бәрімізге белгілі. Елді мекендер қирандыға айналып, отқа оранып, дүние-мү­ліктің тас-талқаны шығып, адамдар бір-біріне алакөзбен қарап, әп-сәтте жау болып шыға келеді. Тіпті күні ке­шегіге дейін төс қағыстырып, ағайын-туыстай болып кеткен, арқа-жарқа болып жүрген адамдар бойын кернеген ашу-ыза үстінде бір-біріне оқ атып, мерт еткен жағ­дайлар да бар. Өткен жылдың жазында Түр­кістан облысының Шор­­нақ ауылында болған қақты­ғыс­ты көп­шілік ұмыта қоймаған болар. Ауыл жастарының арасында болған тұр­мыстық жанжал учаскелік инс­пек­тор мен үш тұрғын жарақат алды. Жанжалдың мән-жайын тек­серген Ішкі істер министрлігі аран­дату­шы­лардың әлеуметтік желі арқылы тәр­тіпсіздік жасауға ша­қы­рып, жа­қын маңдағы ауыл тұр­ғындарын заң­ға қайшы әрекеттер жасауға үгіт­тегенін анықтады. Заң­сыз әре­кеттердің жолы дер ке­зін­де кесілді. «Адам өлімі болған жоқ» деп шү­кіршілік етсек те, ауыл жастары­ның ара­сына іріткі түсті. Тіпті бұл оқи­ға­ны кейбіреулер этносаралық жан­­­жалға айналдырғысы келіп, же­лілерде жалған ақпараттар тара­тып, бұзақылыққа шақырған үн­деулерін жария етті. Бір ауылды ғана емес, тұтас ел­ді дүрліктірген Қордайда­ғ­ы жанжалдың өршуіне де әлеу­мет­тік желідегі «гөй-гөйлер» ықпал ет­кенін жоққа шығара алмаймыз. Ресми органдардың болған оқиға жай­лы ақпаратты дер кезінде жа­рияламауы, мемлекеттік БАҚ-тың кідірісі ақпараттық вакуумның әлеу­­меттік желі, мессенджерлер ар­қылы тараған түрлі қауесет, фейк мәліметтермен толуына әкеліп соқты. «Шын мәнінде, пәленше кісі көз жұмыпты», «Олар қылмыскер екен», «Күдікті қашып кетіпті» деген қоғамды қоздырушы ақпараттар та­рай бастайды. Арадағы түсініспеу­шілікті ақылмен емес, жұдырықпен шешуге үндеген арандатушылардың «аттаны» өшпенділік тудырды, қи­сық әрекеттерге себеп болады. Қор­дай оқиғасы кезінде бос қалған ақпарат­тық кеңістікті жекелеген бло­герлер сәтті пайдаланғанын бай­­­қадық. Бұл мысалдар ресми органдар жұмысының жеделдігін арт­тыру қажеттігінен бөлек, әлеу­меттік желілерге жіті бақылау керек екенін айқын көрсетті. Ұлтаралық араз­дық­тан бөлек, алыс-жақын мемле­кет­тердегі желі «батырлары» тұтат­қан діни қақтығыстарды, ғалам­тор­дағы үндеулер арқылы түрлі ағым­дардың жетегінде кеткен қара­құрым жұртты да көз көріп, құлақ естіп отыр. Әлеуметтік желілерге жү­ген керек деп отырғанымыз сон­дықтан. Бәзбіреулер сөз бос­тан­ды­ғына кепілдік берілген құқықтық, зайырлы мемлекетте әркім желідегі парақшасына өзі қожа екенін алға тар­туы мүмкін. Алайда парақша өзім­дікі деп ойға келгенді жазу, адам­дарды арандататын, ағайынды араздастыратын ақпарат тарату қыл­мыстық жауапкершілікке апа­ра­тынын ұмытпаған жөн. Десе де, ақпараттық технологиялардың да­муымен ушыға түскен желідегі жү­генсіздіктерді тыюға Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлт­тық, рулық, нәсілдік, тектік-топ­тық немесе діни алауыздықты қоз­дыру») қауқарсыз болып тұр. Сон­дықтан бұл мәселені БАҚ туралы жаңа заң аясында шешу – заман та­лабы.