Ақпараттық саясаттың алғы шебінде кімдер жүр?

Ақпараттық саясаттың алғы шебінде кімдер жүр?

Ақпараттық саясаттың алғы шебінде кімдер жүр?
ашық дереккөзі
Келер жылы елімізде БАҚ туралы жаңа заң қабыл­дан­бақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ба­лаеваның айтуынша, биыл заң жобасының тұ­жырым­дама­сы кеңінен талқылауға ұсынылады. Отан­дық медиа нарықтың қызметін реттейтін жаңа құ­жатта қандай мәселелер қамтылуы тиіс? Әлеуметтік желілердің қоғамдық санаға ықпалы артып, сенсация мен «хайп» қууды кәсіби дағдыға айналдыра бастаған жаңа медиа­ның асығы алшысынан түсіп тұрғанда мәртебесі төмен­де­ген дәстүрлі БАҚ-қа қандай қолдау көрсетілмек? Желі­дегі желіктің салма­ғы басым түсіп, миллиондаған жа­зыл­маны бар блогер­лер­дің ақ дегені алғыс, қара дегені қар­ғыс болып тұр­ғаны жасырын емес. Жаңа заң желідегі жү­­­генсіздікке тұ­сау бола ала ма? Салалық журналистиканы дамытуға ден қойылады Өткен жыл барлық нарық субъектілері секілді бұқара­лық ақпарат құралдары үшін де ауыр жыл болды. Жұмыстың қа­шық­­тан жүргізілуі, бұқаралық ша­ралар өткізуге тыйым салынуы, рес­понденттермен бетпе-бет сұх­бат­тасу мүмкіндігінің шектелуі жур­налистердің жұмысына тежеу бол­ғаны белгілі. Соған қарамастан отан­дық медианарық дамуын тоқ­татқан жоқ. Өткен аптада Премьер-Ми­нистр орынбасары Ералы Тоғ­жановтың қатысуымен өткен Ақ­парат және қоғамдық даму ми­нистр­лігінің кеңейтілген алқа оты­рысында ведомство басшысы Аида Балаева 2020 жылдың нәтижелерін жариялады. Өткен жылы бірқатар жаңа ақпараттық жобалар іске қо­сылды. Атап айтқанда, Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында Abai TV телеарнасы өз жұмысын бас­тады. Мемлекеттік органдардың қыз­меті туралы халықты сапалы ақ­параттандыру мақсатында екі пор­тал іске қосылды: мемлекеттік БАҚ-тардың бірыңғай порталы, ол аза­маттарға жедел анық ақпарат бе­реді, сондай-ақ мемлекеттік бағ­дарламалардың мағынасы мен ха­лыққа пайдасын түсінікті түсіндіре­тін мемлекеттік бағдарламалардың бірыңғай порталы. Министр атап өткендей, өт­кен жылы министрлік жур­­налистердің біліктілігін арт­тыру­ға және қайта даярлауға, сон­дай-ақ салалық журналистиканы да­мытуға бағыт алды. Биыл осы ба­ғытта жоспарланған істер жүзеге асырыл­мақ. «8 ақпаннан бастап алғашқы 50 журналист С.Асфендияров атын­да­ғы ҚазҰМУ базасында медициналық тақырыпта мамандана бастайды. 15 ақпаннан бастап кемінде 50 жур­на­лист Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ба­за­сында дін саласындағы білімдерін же­тілдіретін болады. Ал 22 ақ­пан­нан бастап тағы 50 журналист үшін әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ база­сын­да экологиялық тақырып бойын­ша сабақтар басталады. Аг­рар­лық, құқықтық, экономикалық және әлеуметтік-еңбек сала­ларын­дағы басқа да жоғары оқу орын­да­рымен осындай жұмыс жүргізілетін бо­лады», – деді А. Балаева. Сондай-ақ министр 2022 жы­лы БАҚ туралы сапалы жаңа заң қабылдау көзделіп отырғанын айтты. Мұндағы түпкі мақсат  –  мем­лекеттің бірыңғай ақпараттық сая­сатының заңмен қамтамасыз етіл­ген тетіктерін қалыптастыру. «Биыл да біздің алдымызда маңызды міндеттер тұр. Олардың ішіндегі ең маңыздылары — мем­ле­кеттің ақпараттық қауіпсіздігін қам­тамасыз ету және ақпараттық-идео­логиялық жұмыс. Бағыттардың бірі ретінде шекара маңы аумақтары бойынша жұмыс басталды, онда бұл м­ә­селе әрдайым өзекті болды. Ше­ка­ра маңындағы аумақтарда мем­ле­кеттік радиохабар тарату желісін да­мыту жөніндегі Жол картасы әзір­ленді. Радиожиіліктерге конкурс жа­рияланды. Ақпараттық-тал­да­малық бағыттағы бағдарламалар ба­с­ым тәртіппен қаралатыны тү­сі­нікті», –  деді ведомство басшы­сы. Телеарналардағы отандық ақпараттық контенттің үле­сін арттыруға да баса көңіл бө­лін­бек. Өткен жылы шетелдік контент 30 пайызға төмендетілді. Ми­нистр­лік бұл жұмысты биыл да жал­ғас­ты­рады. Бұл ретте өндірілетін те­ле­ви­зия­лық контенттің сапасына бас­ты назар аударылмақ. Ұлттық жоспардың ұсынары не? Телевизия демекші, дәстүрлі БАҚ-қа сұраныс азайды деп да­был қақсақ та, отандық телеар­на­лар әлі күнге елімізде ең танымал БАҚ болып отыр. Бұған Ақпарат са­ласын дамытудың 2020-2022 жыл­дарға арналған ұлттық жос­па­рында келтірілген деректер дәлел. Өткен жылы Үкімет қаулысымен бе­кітілген ұлттық жоспарда медиа­дағы трендтер мен оның қай бағыт­та қозғалуы керектігі егжей-тег­жей­лі айтылған. Құжаттағы мәліметтерге сүйен­сек, Қазақстанда 3 600-ден астам БАҚ тіркелген. Ауди­то­­рияны қамту бойынша ең таны­мал ақпарат құралы – бұрынғыдай те­ле­визия саласы. Интернет-ре­сурс­тар екінші, дәстүрлі баспа басы­лым­дар үшінші орында. Радио таны­мал­дығы жөнінде БАҚ-тар арасында кейін­гі орында. Елімізде бас-аяғы 410 телеарна тіркелген, оның 161-і – қазақстандық және 249-ы – шетел­дік. Отандық телеарналардың үш­тен бір бөлігі соңғы үш жылда ашыл­ған. Десе де, бәсекелес орта­ның шектеулі болуына, сондай-ақ продакшн-студиялар нарығының даму деңгейінің төмен болуына бай­ланысты отандық телевизияда өн­дірілетін контенттің сапасы ай­тар­лықтай жоғары емес. Екіншіден, өңірлік телеарналар бәсекеге қа­білет­сіз. Көбінесе өңірлік телевизия рес­­публикалық телеарналарға қа­ра­­ғанда нарықтың шектеулілігі жә­не ірі жарнама берушілердің бол­­мауына байланысты мо­не­тиза­ци­я­лау тәсілдерінен қалтарыс қа­лып отыр. Үшіншіден, метриканың тиім­­­ділігін бағалау үшін медиаөл­шеу жүйесінің болмауы да саланың дамуын кенжелетіп отыр. Телеар­на­лар аудиториясын өлшеумен ай­на­лысатын небәрі бір ғана ұйымның болуы нарықтың дамуы туралы объек­тивті деректер алуға мүмкін­дік бермейді. Ұлттық жоспарда осы түйткілдерді шешуге бағытталған шаралар кешені көрсетілген. Интернет басылымдарға кел­сек, елімізде олардың жал­пы саны – 471. Министрлік дерек­тері бойынша Қазақстанда 6-74 жас­­ аралығындағы интернет желісін пай­­да­лану­шылардың үлесі 78,2 пайыз­­ға, ал мобильді интернетті пай­­да­лану­шы­лардың саны 44 пайыз­ға өсті. Негізгі аудитория – 14-45 жас ара­­лы­ғындағылар. Бұдан бас­қа, әлеу­­мет­тік желілер мен мес­сенд­жер­­лер­дің танымалдығы арт­қанын атап өту қажет. 2019 жылдың қаң­тар айын­­дағы жағдай бойынша, әлеу­­мет­тік желілерді елдегі халық­тың 39 пайызы пайдаланады. Індет та­ра­­лып, карантин жарияланғалы бері бұл көрсеткіш арта түспесе, ке­­­­мі­мегені анық. Мерзімді басылымдардың мәртебесі неге төмендеді? Жаңа платформалардың да­­­муы телевизияның та­ны­­­­­малдығына қатты әсер ете қой­ма­­ған. Себебі, ұлттық жоспар автор­ла­рының сөзінше, «адамдар теледи­дар­ды көруді азайтқанымен, телеө­німдерді пайдалануды тоқтатпаған». Есесіне, интернет басылымдардың көбеюі баспа БАҚ-қа сұранысты тө­­мен­детті. Мерзімді баспасөз басы­лым­дарының саны өзге ақпарат құрал­дарынан қаншалықты көп болса, аудиториясы соншалықты аз. Елімізде 2 964 мерзімді баспасөз (жал­­пы БАҚ санының 80,8 пайызы), оның ішінде  1 859 газет және 1 105 журнал тіркелген. Күн сайын олар­ды қазақстандықтардың 13 пайыз­дан астамы ғана оқыса, 43 пайызы си­­рек, ал 23 пайызы мүлдем оқы­май­­ды. Негізгі түйткіл – ақпарат т­а­ра­ту бойынша бәсекеде интернет БАҚ-тың алға шығуы мен пошта қыз­метінің қымбаттауы және газет дүң­гіршектерінің азаюы. Осыған бай­ланысты мемлекет газет-жур­нал­дарға қолдау көрсетіп, дүңгір­шек желілерін қаржылай ынта­лан­дырмақ. BRIF Research Group зерттеу ком­паниясының мәліметін­ше, қазақстандықтардың 77 пайызы ақпарат алмасу үшін WhatsApp мес­сенджерін пайдаланады, Instagram желісін пайдаланушылар – 34 пайыз, ВКонтакте – 40 пайыз, Од­ноклассники әлеуметтік желісіне 30 пайыз адам кіреді. Әлеуметтік же­лі­лердің белсенділігі мерзімді басы­лым­дардың аудиториясын азайтып қана қоймай, сапасы мен беделін де төмендеткені жасырын емес. Же­лідегі жеделдікке ілесу үшін бас­пасөз журналистері осы күні терең тал­дау, салмақты сарапты ұмытып, үстірт шолу, асығыс ақпар беруге төселіп бара жатқанын оқырмандар аузынан жиі естиміз. Сайттарын оқы­лымды ету үшін мерзімді басы­лым­дар негізгі бағыттарынан ай­нып, желідегі жұртқа «өтімді» та­қы­рыптарды ұсынуға машықтана бастағанын да көз көріп жүр. Бүгінгі оқыр­манға атыс-шабыс, дау-дамай, «жұлдыздардың» жүріс-тұрысы, бай-бағландардың ішіп-жегені қызық. Нарықтың «не сұраса – соны бер» қағидатын басшылыққа алып, газет-журналдар да осы тақы­рып­тарды төңіректеуге мәжбүр. Өйт­песе, рейтингі құлдырайды, сал­да­рынан тапсырыстан қағы­ла­ды. Тап­сырыс болмаса, кіріс те жоқ. Кірі­сі азайған кәсіпорынның жұ­мыс­шылары азып-тозып, ісінен бе­реке кете бастайтыны о бастан бел­гілі. Сондықтан баспа басылым­дар нарық талабынан әрі аса алмай отыр. Одан қалса, газет тілшілерінің көпшілігі блогерлікке бет бұ­рып, негізгі кәсібінен таппаған нә­пақаны желіден іздеуге көшті. Жур­налистердің әлеуметтік желідегі белсенділігі артты. Өкінішке қарай, ол кәсіби миссияға адалдық, ақ­парат­қа бейтараптық, объективті көз­қарас тұрғысындағы белсенділік емес, ол – қолында билігі мен ақ­ша­сы барға жағынып-жалпақтау, шен­ді-шекпендінің амандығын тілеп пост жазу тұрғысындағы белсен­ді­лік. Мемлекеттік органдар желідегі жұртты аузына қаратқан блогерлер­ге миллиондаған қаржы төлеп, шенеуніктердің беделін көтеруді «заң­дастырып» алғанын көріп-біліп отырған журналистер де батпан құй­рықтан қағылғысы келмейді де. Жур­налистиканы жеке мүддеге пай­далануға, ақпарат айдынын мадақ жырын айтатын сахнаға айнал­дыру­ға тоқтау қоятын кез келді. Жаңа заңда осы мәселе ескерілуі қа­жет дейді саланың көпті көрген, кө­некөз мамандары.  Әйтпесе, қо­ғамдағы ләппайшылдық пен жа­ғым­паздыққа, әріге тереңдесек, сы­байлас жемқорлық пен парақор­лыққа тұсау салынбайды, журна­лист беделі де артпайды. Әлеуметтік желілер ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін Ақпарат саласындағы ше­ші­мін күткен тағы бір өзекті мәселе – әлеуметтік желідегі ұлттық қауіпсіздікке, қоғам тұтастығына қауіп төндіретін дереккөздерге тұ­сау салу, ел ішіне іріткі салатын жал­ған ақпараттарға тосқауыл қою. Бұрын ата-аналар балаларына келер қауіпті тек түзден күт­се, қазіргі кездегі қауіп-қатер көзі – үйдегі компьютер мен баланың қо­лындағы ұялы телефоны. Бүгінде же­ліден келер қауіп салдары ядро­лық қарудың қатерімен теңестіріліп отыр­ғаны бекер емес. Технологиялар біз­дің күнделікті өмірімізге етене кі­ріп кеткені соншалықты, біз олар­дың пайдасын ғана ойлап, зияны ту­ралы жүйелі түрде бағамдай бер­мей­міз. Еліміз бойынша компьютер арқылы жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізе алатын або­ненттер саны – 2,5 млн болса, ұялы байланыс арқылы ғаламдық желіге қосыла алатын тұрғындар саны – 14,4 миллионға жеткен, бұл ха­лық саны 18 миллионнан енді ас­қан ел үшін жоғары көрсеткіш. Бұл жерде оң-солын танып үлгер­ме­ген жастардың, бесіктен белі шық­паған балалардың да алар үлесі жоғары екенін пайымдауға болады. Өкініштісі, соңғы уақытта ба­ла түгілі көпті көрген ере­­сек адамдардың өзі оқиғаның анық-қанығына жетпей, желідегі жалған ақпараттың жетегінде кететін жағдайлар көбейді.  Өзі еріп қана қоймай, тексерілмеген ақпа­рат­ты жерден жеті қоян тапқандай жер-көкке тарататындар да аз емес.  Бұл қауіпті. Өйткені негізсіз ақпарат айрандай ұйып отырған, ынтымақ-бірлігі жарасқан ел ішінде, адамдар арасында алауыздық пен өшпен­ділік өртінің өршуіне алып келуі әбден мүмкін. Түймедейді түйедей етіп көрсетіп, әлеуметтік желі ар­қы­лы «аттандап» жатқан бейнекө­рі­ністерге имандай иланып, қақты­ғыс­тың қақ ортасынан табылатын­дар да жоқ емес. Олар жалған ақпа­рат жаппай жүгенсіздік пен тәртіп­сіз­дікке жол ашатынына соншалық­ты бас қатыра қоймайды. Мұның соңы немен аяқталатыны бәрімізге белгілі. Елді мекендер қирандыға айналып, отқа оранып, дүние-мү­ліктің тас-талқаны шығып, адамдар бір-біріне алакөзбен қарап, әп-сәтте жау болып шыға келеді. Тіпті күні ке­шегіге дейін төс қағыстырып, ағайын-туыстай болып кеткен, арқа-жарқа болып жүрген адамдар бойын кернеген ашу-ыза үстінде бір-біріне оқ атып, мерт еткен жағ­дайлар да бар. Өткен жылдың жазында Түр­кістан облысының Шор­­нақ ауылында болған қақты­ғыс­ты көп­шілік ұмыта қоймаған болар. Ауыл жастарының арасында болған тұр­мыстық жанжал учаскелік инс­пек­тор мен үш тұрғын жарақат алды. Жанжалдың мән-жайын тек­серген Ішкі істер министрлігі аран­дату­шы­лардың әлеуметтік желі арқылы тәр­тіпсіздік жасауға ша­қы­рып, жа­қын маңдағы ауыл тұр­ғындарын заң­ға қайшы әрекеттер жасауға үгіт­тегенін анықтады. Заң­сыз әре­кеттердің жолы дер ке­зін­де кесілді. «Адам өлімі болған жоқ» деп шү­кіршілік етсек те, ауыл жастары­ның ара­сына іріткі түсті. Тіпті бұл оқи­ға­ны кейбіреулер этносаралық жан­­­жалға айналдырғысы келіп, же­лілерде жалған ақпараттар тара­тып, бұзақылыққа шақырған үн­деулерін жария етті. Бір ауылды ғана емес, тұтас ел­ді дүрліктірген Қордайда­ғ­ы жанжалдың өршуіне де әлеу­мет­тік желідегі «гөй-гөйлер» ықпал ет­кенін жоққа шығара алмаймыз. Ресми органдардың болған оқиға жай­лы ақпаратты дер кезінде жа­рияламауы, мемлекеттік БАҚ-тың кідірісі ақпараттық вакуумның әлеу­­меттік желі, мессенджерлер ар­қылы тараған түрлі қауесет, фейк мәліметтермен толуына әкеліп соқты. «Шын мәнінде, пәленше кісі көз жұмыпты», «Олар қылмыскер екен», «Күдікті қашып кетіпті» деген қоғамды қоздырушы ақпараттар та­рай бастайды. Арадағы түсініспеу­шілікті ақылмен емес, жұдырықпен шешуге үндеген арандатушылардың «аттаны» өшпенділік тудырды, қи­сық әрекеттерге себеп болады. Қор­дай оқиғасы кезінде бос қалған ақпарат­тық кеңістікті жекелеген бло­герлер сәтті пайдаланғанын бай­­­қадық. Бұл мысалдар ресми органдар жұмысының жеделдігін арт­тыру қажеттігінен бөлек, әлеу­меттік желілерге жіті бақылау керек екенін айқын көрсетті. Ұлтаралық араз­дық­тан бөлек, алыс-жақын мемле­кет­тердегі желі «батырлары» тұтат­қан діни қақтығыстарды, ғалам­тор­дағы үндеулер арқылы түрлі ағым­дардың жетегінде кеткен қара­құрым жұртты да көз көріп, құлақ естіп отыр. Әлеуметтік желілерге жү­ген керек деп отырғанымыз сон­дықтан. Бәзбіреулер сөз бос­тан­ды­ғына кепілдік берілген құқықтық, зайырлы мемлекетте әркім желідегі парақшасына өзі қожа екенін алға тар­туы мүмкін. Алайда парақша өзім­дікі деп ойға келгенді жазу, адам­дарды арандататын, ағайынды араздастыратын ақпарат тарату қыл­мыстық жауапкершілікке апа­ра­тынын ұмытпаған жөн. Десе де, ақпараттық технологиялардың да­муымен ушыға түскен желідегі жү­генсіздіктерді тыюға Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлт­тық, рулық, нәсілдік, тектік-топ­тық немесе діни алауыздықты қоз­дыру») қауқарсыз болып тұр. Сон­дықтан бұл мәселені БАҚ туралы жаңа заң аясында шешу – заман та­лабы.  width= Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, Батыс Қазақстан облыстық  «Орал өңірі» газетінің бас редакторы: Журналистердің әлеуметтік мәртебесіне баса назар аударылғаны жөн
– Бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңды заман талабына сай жаңалап-жаңғырту, үшбу заңды жаңа сапалық деңгейге көтеру өте көкейкесті мәселе. Әсіресе, журналистердің әлеуметтік мәртебесіне баса назар аударылғанын қалаймыз. Мәселен, тұрғын үй кезегіне тұрарда немесе  баспана сатып алу үшін банктерден несие аларда  журналистерге жеңілдікке негіз болар ешқандай әлеуметтік сипат жоқ. Яғни, журналистер мемлекеттік қызметкер емес немесе бюджеттік саланың өкілі емес деген сияқты... Осындай факторлардың кесірінен журналистер өздерін қоғамның өгей баласы сияқты сезінетін жағдайлар баршылық. Осыдан екі-үш жыл бұрын облыстың бір ауданында мал ұрлығы күрт өршіп, ел-жұрттың арыз-шағымы негізінде ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша журналистік зерттеу жүргізуге тура келді. Кейін қылмысы әшкереленіп, 11 жылға сотталған ұйымдасқан қылмыстық топтың «көсемі» сотта «Журналистер мені келісімімсіз фотоға және бейнетаспаға түсірді» деп жала жапқысы келді. Ал бізде оның өзін фотоға және бейнетаспаға түсіруге келісетіні жөнінде бейнежазба бар еді. Осының нәтижесінде сотталушының журналистерге таққан айыбы сотта негізсіз деп танылды. Менің бұл жайтты айтып отырғанымның екі себебі бар: біріншісі, барлық газеттердің редакцияларында мүмкіндігінше  бейнеоператор мен бейнекамера   болғаны жөн. Өйткені, аудиожазба сотта айғақ болып табылмайды. Бұл, әрине, журналиске жұмыс беруші ескеруі тиіс маңызды мәселе. Екіншіден, кәсіби тұрғыдан өте қажет жағдайда, әсіресе, журналистік зерттеу барысында әріптестерімізге тараптардың, яғни күдіктінің (айыпталушының) немесе тіпті куәгерлердің рұқсатынсыз фотоға және бейнетаспаға түсіруге заңды түрде мүмкіндік берілгені дұрыс деп есептеймін. Яғни, журналистің мұндай іс-әрекетін құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің оперативті түсіріліміне теңестіру мүмкіндігін қарастырып көрсек. Әрине, ол үшін белгілі бір тараптан арыз-шағым болғаны жөн. әлеуметтік желілерді пайдаланушылар мен блогерлердің кейбіреулері кейде тым артық кетіп қалады. Демек, мәселе тым асқынып, әсіре ушығып кетпей тұрғанда, олардың да іс-әрекеттерін заңдық  тұрғыдан реттеп отырудың заңды тетіктерін тездетіп іске қосқан ләзім.