Вакцина: үрей мен үміт

Вакцина: үрей мен үміт

Вакцина: үрей мен үміт
ашық дереккөзі
Елімізде 1 ақпаннан бастап COVID-19-ға қарсы вакцинаны жап­пай егу басталды. Қара­ған­ды фармацевтикалық кешені ре­сейлік «Спутник V» вакцинасының ақ­панда 90 мың, наурызда 150 мың до­засын нарыққа шығарады. Сәуірден бас­тап елімізде 600 мың дозадан өн­дірі­леді. Ал жыл соңына дейін 6 мил­лионға жуық адамға екпе салынады деп жоспарланып отыр. Екпе алдымен коронавирус инфекциясын жұқ­тыру және таралу қаупі жоғары медицина қыз­меткерлерін, педагогтерді, полицейлерді, сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесі, тыныс алу органдары, қант диабеті тарапынан созылмалы аурулары бар адамдарды, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкері мен контингентін қоса алғанда, ха­лықтың осал топтарына жасалады. Айта кету керек, бүкіл елде вакцина егу мемлекет қаражатына жа­салады, яғни екпе халық үшін тегін болады. Алайда халық арасында вакцинаны ме­дицина қызметкерлері мен мұға­лім­дерге еркінен тыс салады деген үрей басым болып тұр. Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қа­ла­сының Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қар­масы басшысының орынбасары Әлия Рүс­темова: «Бірінші кезең бойынша ақпан айын­да екпе алуға тиіс медицина қызмет­кер­лері ресейлік вакцинаны алғысы келмесе, қа­зақстандық вакцинаны күтуге болады. Бұл жер­де біз ешкімді шектеп отырған жоқпыз. Олар­дың таңдау құқығы өздерінде. Ондай ма­мандарға ешқандай шара қолданбаймыз. Олар бұрынғысынша жұмыс істей береді. Өйткені бұл ерікті вакцина. Жұмысқа келуі­не ешбір шектеу болмайды. Мұғалімдерге де солай. Бірақ әрбір медицина маманы өзінің тәуекел аймағында екенін түсінуі керек. Инфек­циялық стационарлардың қызмет­кер­лері үнемі «қызыл аймақта» жүреді. Олар вак­цина алмаса өзінің өмірімен бірге жақын­дарының денсаулығына қауіп төндіретінін ұғуы керек. Олардың бәрі медицина өкілдері бол­ғандықтан вакциналаудан басқа балама амал жоқ екенін біледі. Бірақ оларға вакцина таң­дау еркі берілген. Ресейлік вакцинаны ал­ғысы келмесе, қазақстандық екпені күте ала­ды», – деп жауап берді. BISAM Central Asia әлеуметтік және мар­кетингтік зерттеу орталығы қа­зақ­­стандықтардың екпе туралы көзқара­сын білу мақсатында сауалнама жүргізген. Нәти­же­сінде қазақстандықтардың 56 пайызы екпе салдыруға қарсы емес екені анықталған. Ал қалған пайызы бұл сұраққа жауап беруге қи­налған. Сондай-ақ Gallup International қауым­дастығы жүргізген сұрақ-жауап нәти­же­сінде 47 елдің 67 пайызы вакцина сапалы әрі тиімді болса, екпе егуді қолдайды. Респон­дент­тердің 26 пайызы қарсы, ал 7 пайызы жауап бермеген. Мамандар ел арасындағы вакцина тура­лы теріс пікірлердің бәрі шын­дық­қа жанаспайтынын айтады. Екпе туралы екіұдай пікірде жүрген халықтың қорқы­ны­шын сейілтіп, күмәнді ойдан арылту әрі егу процесінің қалай жүретінін көпшілікке та­ныс­тыру мақсатында дүйсенбі күні Денсау­лық сақтау вице-министрлері Ерлан Қиясов пен Ажар Ғиният журналистер алдында ко­ронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны сал­дырды. «Қоғамда осындай сенімсіздік туын­дағандықтан, вакцинаны сіздердің көз­деріңізше жаңа қорабынан алып, салдырдық. Екін­ші дозасын 21 күннен кейін, яғни 22 ақ­пан күні қабылдаймын. Екі аптадан бастап ме­нің ағзамда антиденелер пайда бола бас­тайды», – деді Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Ажар Ғиният. Сондай-ақ желіде халықты вакциналау арқылы жаппай чиптеу туралы қауе­сет желдей есіп тұр. Министрлік мұндай қауе­­­сеттерді жоққа шығарды. «Қазақстан Республикасында бірде-бір вак­цинация адамдарды чиптеуге арналмаған. Вак­цинация жасамас бұрын, әркім вак­ци­на­ның құрамы туралы ақпарат беретін нұсқау­лық­пен танысуға құқылы», – деп мәлімдеді Ден­саулық сақтау министрлігі өкілдері.  width= Салтанат ОРАЗАЕВА, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті эпидемиология кафедрасының жетекшісі: Вакцинадан қорқудың қажеті жоқ
– Гам-КОВИД-Вак немесе «Спутник V» вак­цинасы екі компоненттен тұрады: адамға І доза енгізілгеннен кейін 21 күннен кейін ІІ ком­понент енгізіледі. Аталған вакцина Ре­сейде және Қазақстанда тіркелген. Вакцина салмас бұрын екпе алушыны дәрігер толық тексеруден өткізеді. Оған профилактикалық екпе, екпеден соң болуы мүмкін реакциялар, екпеден бас тар­ту­дың салдары туралы жан-жақты ақпарат беріледі. Вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға, жүк­ті немесе бала емізетін әйелдерге және екпеге қарсы көрсеткіші бар адамдарға салынбайды. Ал коронавируспен ауырып жүр­ген немесе ауырып кеткен адам жазылған соң 6 айдан кейін қабылдай алады. Екпеден соң адам 30 минут полик­ли­ни­када бақылауда болады. Вакцина ен­гі­зілгеннен кейін дене қызуы аздап кө­тері­ліп, басы айналып, әлсіздік пайда болуы мүм­кін. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Бұл адам ағзасының қалыпты реакция танытуы, яғни иммунитет қалыптасып жатыр деген сөз.
 width= Серік МҰРАТХАН, Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы Медициналық аппарат және жүйелер бөлімінің бас инженері: Адамдарда таңдау құқығы болуы керек
– Вакцинасыз бұл вирусты жеңіп, қиын­дықтан шыға алмайтынымыз анық. Отандық вак­цинаның үшінші сынақ кезеңінің нәти­жесі белгілі болғанша ресейлік «Спутник V» вак­цинасын салу басталды. Осы орайда вак­циналау процесі қалай жүріп жатқаны тура­лы халыққа толыққанды ақпарат беріліп оты­руы керек. Дайындық жұмыстары, вак­цинаны қалай алып келді, логистикасын ұйым­дастыру, аймақтарда стандарттарға сай дұрыс қолдану мәселесі қазірден бастап БАҚ арқылы көрсетілгені дұрыс. Өйткені дайын­дық жұмыстары көңілден шықпайды, оның үстіне халықтың вакцинаға қарсы­лы­ғы басым. Ең алдымен түсіндіру жұмыстарын реттеп, дайындық барысын халыққа көр­се­тіп, толық, дәлелді ақпаратты беріп, техни­ка­лық базамызды, мүмкіндігімізді көрсет­пей­тін болсақ, осы бос кеңістікті жалған ақ­параттар «толықтырады». Яғни, вакцина ту­ралы теріс ой қалыптастыратын әртүрлі жал­ған ақпарат тарайды. Ал бұл вакцина жа­сау жұмысына кедергі келтіреді. Денсаулық сақтау министрлігі аталған жұмыстарды жүйелі жүргізбесе, бей­ғам отырса, ертеңгі күні неше түрлі ақпарат­тық пропаганданың құрбаны болады. Жал­ған ақпараттың әртүрлі жолмен жүйелі түр­де тарайтыны белгілі. Ондай ақпарат тара­тушылардың басты мақсаты не екені де тү­сі­ніксіз. Танымал тұлғалар, ақындар, кей­бір діни сеніміне бола екпеден бас тартатын адамдар вакцинаға қарсы сұхбаттар беріп, «вакцинаны мәжбүрлі салатын болса, елден кетемін» дегенге саятын пікірлер айтып жүр. Өзі­нің қара басының қамын ойлап отыр­ғандарды ертеңгі күні халықтың осы ін­дет­тен аман құтылуы толғандырмайды. Ха­лықта ақпараттың шынайылығын тексеру мүм­кіндігі бар, сондықтан вакцина, вирус туралы ғылыми ақпараттармен таныс болған дұрыс. Білімге көбірек мән берілген жерде жалған ақпаратқа алданушылар аз болады. Бізде көппен бірге көру, жұртпен бірге жүру деген ұжымдық көзқарас бар. Вак­цинаға қарсы шығып жатқандар өз құқы­ғын талап етеді, бірақ өзінің міндеттерін де білу керек. Өйткені азаматтық қоғамда әрбір адам өзі шешім шығаруы керек және әрбір азаматтың құқығымен қоса халықтың ал­дында жауапкершілігі барын сезінуі керек. Осы орайда, халықтың 70 пайызы вакцина жа­сатпаса, індеттен құтылмайтынымызды ше­гелеп айтқым келеді. Дегенмен, Ресей вакцинасының та­лаптарына сай 18 бен 64 жасқа дейін­гі адамдарға ғана екпе жасалуы керек де­ген шектеу дұрыс шешім емес. Америка, Анг­лияда мұндай шектеу жоқ, 90 жасқа дейінгі адамдарға екпе салынып жатыр. Ко­вид керісінше 65 жастан асқан адамдар үшін өте қауіпті. Сондықтан біз ең алдымен со­ларға көмектесуіміз керек. Ол үшін сынақтан өткен ресейлік немесе қазақстандық вак­циналардың техникалық талаптары жара­май жатса, қарттарға сай келетін өзге шет­елдік вакциналарды тездетіп жеткізуіміз ке­рек. Тағы бір айта кетерлігі, жалпы халықта таң­дау мүмкіндігі болмай тұр. Мемле­кеті­міздің әзірге қолы жеткені – Ресейдің «Спут­ник V» вакцинасы. Адамдарда таңдау құқығы болуы керек. Әр адамның өзіне сенімді деген вакцинаны салдыруға құқық беру керек. Халық қай елдің вакцинасына сенсе, соны сал­ғызсын. Сонда көп адам вакцина сал­дыру­ға қарсы болмайды. Егер халықтың 70 пайы­зы вакцина салдырмайтын болса, қандай ұжымдық иммунитет қалыптасуы мүмкін? Денсаулық сақтау министрлігі ре­сей­лік вакцинаны бағасының арзанды­ғы, тасымалдауға жеңілдігі, сақтау шарт­тары­ның қолайлылығы бойынша таңдады. Ал Американың, Англияның вакцинасы жоғары тех­нологиялық әдістермен жасалған. Бірақ олар­ды таңдаған күнде де техникалық талаптарын жасай алуымыз екіталай. Нақ­тырақ айтсақ, ресейлік вакцина ескі тех­нологиямен, ал Американың вакцинасы жаңа технологиямен жасалған. Ал нәтижесі қа­лай болатыны тек тәжірибелік тұрғыда кө­рінеді. Бұл жерде вакцинаның қандай тех­нологиямен жасалғаны емес, қандай стан­дарттарды, талаптарды сақтап жасалғаны маңызды. Ал екпеден соң антидене қанша уақыт сақталады деген сұраққа келсек, анти­дене деген адамның есте сақтау қабілеті сияқты. Біз кейде 5 жыл бұрынғы нәрсені есте сақтаймыз, ал кейбір сәттер есте мүлдем сақталмайды. Сол сияқты антидененің де әр­­бір адамға уақыты бар. Біреу бір рет вак­цина салдырған соң өмір бойы антидене сақ­талып қалуы мүмкін. Ол адамның гене­тикасына, иммунитетіне, көптеген пара­метрлерге байланысты. Адам­дар вакцина салдырғаннан кейін енді маған еш­теңе болмайды деп ойлайды. Бірақ ол ко­вид­пен жеңіл дәрежеде ауырып, ауруды тасымал­даушы болып жүруі мүмкін. Сон­дықтан карантин шараларын бәрібір естен шы­ғармауымыз керек. Ал антидененің ағзада ұзағырақ сақталуын қамтамасыз ету үшін 1 жылдан кейін вакцинаны қайта егуі мүм­кін. Отандық вакцинаны таңдайтындар көп нәрседен ұтатынын да айта кетуі­міз керек. Қазақстанда жасалған вакци­нада тасымалдау тәртіптері көп бұзылмайды. Тасымал жақын болғандықтан ол бізге жедел жеткізіледі.
 width= Роза СҮЛЕЙМЕНОВА, Астана медицина университеті Қоғамдық денсаулық сақтау және гигиена кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты: Халықтың 70 пайызы вакцина салдырмай, ауруды тоқтата алмаймыз
– Вакцина жасау дегеніміз – адам ағза­сына арнайы тәсілмен дайындалған анти­ген­дік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы бел­гілі бір жұқпалы аурудан алдын ала сақ­тан­дыру үшін қолданылатын әдіс. Сондықтан жұқ­палы аурулардың алдын алу және тара­луын болдырмау үшін вакцинаның маңызы зор. Адамзат тарихында осыған дейін бір­неше ондаған жұқпалы ауру тарағанын тарих­тан білеміз. Шешек, гепатит, туляремия, оба, сібір жарасы, тырысқақ сынды ауру­лар­дың бәрін адамзат вакцинамен жойды. Көзі­міз жеткен бір ақиқат бар, ол – жұқпалы ауруларды тек вакцинамен тоқтата алаты­ны­мыз. «Вакцинадан басқа вирустан қорғанудың қан­дай әдістері бар?» деген сұрақ та бәрін мазалайды. Ол әдістерге біз карантин шара­ларын қатаң сақтау, аурумен байланыста бол­ған адамдарды анықтауды жатқызамыз. Бұл – өте ұзақ әдіс. Қазіргі таңда маскамызды ше­шіп, өзіміздің қалыпты жағдайымызға те­зірек оралып, үйреншікті өмірге келу үшін бізге бірден-бір керек және мәселені шешудің негізгі көзі – коронавирусқа қарсы вакцина. Осы орайда халыққа вакцинадан қорқудың еш қажеті жоқ екенін жеткізгім келеді. Вак­цина салдырған соң ағзамызда ауруға қарсы анти­денелер пайда болады, олар вируспен күресуге көмектеседі. «Вакцинаның кері әсері бар ма, асқыну туғы­за ма?» деген сауал да көпшілікті маза­лай­ды. Үрейленіп, қорықпау керек. Вакци­на­ны әркімнің ағзасы әртүрлі қабылдайды. Бір адамда жеңіл түрде өтеді, бір адамда сәл ауыр түрде өтуі мүмкін. Бірақ бұл қорқуға себеп болмауы керек. Біз сатып алған Ресейдің «Спутник V» вак­цинасы толығымен зерттеуден өткен. Айтып өткенімдей, вакцина 100 адам­ның 99-ына аллергия бермей, 1 адамға беруі мүмкін. Бұл әр адамның ағзасына байланыс­ты. Сол себептен вакцинаны алды, енді ауыр­майды деп сеніммен айта алмаймыз. Бірақ біз осы ауруды тек вакцинамен ғана жоя ала­мыз. Вирусты жұқтырып, қатты ауырған­нан вакцина жасатқан әлдеқайда тиімді. Қор­қып, екінші рет ауырып қаламын ба не­месе қандай асқынулар болады деп отыр­ған­нан, вакцина салдырып күресуіміз керек. Вакцина алғаннан кейін коронавируспен ауыр­ған жағдайда да ауру жеңіл өтетін бола­ды. Халықтың 60-70 пайызы вакцина сал­дырмай, ауруды тоқтата алмаймыз. Вакцина алу арқылы ғана бұл ауруды жеңеміз. Сон­дықтан жаман ойдың бәрін бастан шығарып, тек жақсылықты ойлау керек.