Вакцина: үрей мен үміт
Вакцина: үрей мен үміт
Елімізде 1 ақпаннан бастап COVID-19-ға қарсы вакцинаны жаппай егу басталды. Қарағанды фармацевтикалық кешені ресейлік «Спутник V» вакцинасының ақпанда 90 мың, наурызда 150 мың дозасын нарыққа шығарады. Сәуірден бастап елімізде 600 мың дозадан өндіріледі. Ал жыл соңына дейін 6 миллионға жуық адамға екпе салынады деп жоспарланып отыр.
Екпе алдымен коронавирус инфекциясын жұқтыру және таралу қаупі жоғары медицина қызметкерлерін, педагогтерді, полицейлерді, сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесі, тыныс алу органдары, қант диабеті тарапынан созылмалы аурулары бар адамдарды, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкері мен контингентін қоса алғанда, халықтың осал топтарына жасалады. Айта кету керек, бүкіл елде вакцина егу мемлекет қаражатына жасалады, яғни екпе халық үшін тегін болады.
Алайда халық арасында вакцинаны медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге еркінен тыс салады деген үрей басым болып тұр. Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова: «Бірінші кезең бойынша ақпан айында екпе алуға тиіс медицина қызметкерлері ресейлік вакцинаны алғысы келмесе, қазақстандық вакцинаны күтуге болады. Бұл жерде біз ешкімді шектеп отырған жоқпыз. Олардың таңдау құқығы өздерінде. Ондай мамандарға ешқандай шара қолданбаймыз. Олар бұрынғысынша жұмыс істей береді. Өйткені бұл ерікті вакцина. Жұмысқа келуіне ешбір шектеу болмайды. Мұғалімдерге де солай. Бірақ әрбір медицина маманы өзінің тәуекел аймағында екенін түсінуі керек. Инфекциялық стационарлардың қызметкерлері үнемі «қызыл аймақта» жүреді. Олар вакцина алмаса өзінің өмірімен бірге жақындарының денсаулығына қауіп төндіретінін ұғуы керек. Олардың бәрі медицина өкілдері болғандықтан вакциналаудан басқа балама амал жоқ екенін біледі. Бірақ оларға вакцина таңдау еркі берілген. Ресейлік вакцинаны алғысы келмесе, қазақстандық екпені күте алады», – деп жауап берді.
BISAM Central Asia әлеуметтік және маркетингтік зерттеу орталығы қазақстандықтардың екпе туралы көзқарасын білу мақсатында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде қазақстандықтардың 56 пайызы екпе салдыруға қарсы емес екені анықталған. Ал қалған пайызы бұл сұраққа жауап беруге қиналған. Сондай-ақ Gallup International қауымдастығы жүргізген сұрақ-жауап нәтижесінде 47 елдің 67 пайызы вакцина сапалы әрі тиімді болса, екпе егуді қолдайды. Респонденттердің 26 пайызы қарсы, ал 7 пайызы жауап бермеген.
Мамандар ел арасындағы вакцина туралы теріс пікірлердің бәрі шындыққа жанаспайтынын айтады. Екпе туралы екіұдай пікірде жүрген халықтың қорқынышын сейілтіп, күмәнді ойдан арылту әрі егу процесінің қалай жүретінін көпшілікке таныстыру мақсатында дүйсенбі күні Денсаулық сақтау вице-министрлері Ерлан Қиясов пен Ажар Ғиният журналистер алдында коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны салдырды. «Қоғамда осындай сенімсіздік туындағандықтан, вакцинаны сіздердің көздеріңізше жаңа қорабынан алып, салдырдық. Екінші дозасын 21 күннен кейін, яғни 22 ақпан күні қабылдаймын. Екі аптадан бастап менің ағзамда антиденелер пайда бола бастайды», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
Сондай-ақ желіде халықты вакциналау арқылы жаппай чиптеу туралы қауесет желдей есіп тұр. Министрлік мұндай қауесеттерді жоққа шығарды.
«Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинация адамдарды чиптеуге арналмаған. Вакцинация жасамас бұрын, әркім вакцинаның құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері.
Серік МҰРАТХАН,
Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы Медициналық аппарат және жүйелер бөлімінің бас инженері:
Адамдарда таңдау құқығы болуы керек
– Вакцинасыз бұл вирусты жеңіп, қиындықтан шыға алмайтынымыз анық. Отандық вакцинаның үшінші сынақ кезеңінің нәтижесі белгілі болғанша ресейлік «Спутник V» вакцинасын салу басталды. Осы орайда вакциналау процесі қалай жүріп жатқаны туралы халыққа толыққанды ақпарат беріліп отыруы керек. Дайындық жұмыстары, вакцинаны қалай алып келді, логистикасын ұйымдастыру, аймақтарда стандарттарға сай дұрыс қолдану мәселесі қазірден бастап БАҚ арқылы көрсетілгені дұрыс. Өйткені дайындық жұмыстары көңілден шықпайды, оның үстіне халықтың вакцинаға қарсылығы басым. Ең алдымен түсіндіру жұмыстарын реттеп, дайындық барысын халыққа көрсетіп, толық, дәлелді ақпаратты беріп, техникалық базамызды, мүмкіндігімізді көрсетпейтін болсақ, осы бос кеңістікті жалған ақпараттар «толықтырады». Яғни, вакцина туралы теріс ой қалыптастыратын әртүрлі жалған ақпарат тарайды. Ал бұл вакцина жасау жұмысына кедергі келтіреді.
Денсаулық сақтау министрлігі аталған жұмыстарды жүйелі жүргізбесе, бейғам отырса, ертеңгі күні неше түрлі ақпараттық пропаганданың құрбаны болады. Жалған ақпараттың әртүрлі жолмен жүйелі түрде тарайтыны белгілі. Ондай ақпарат таратушылардың басты мақсаты не екені де түсініксіз. Танымал тұлғалар, ақындар, кейбір діни сеніміне бола екпеден бас тартатын адамдар вакцинаға қарсы сұхбаттар беріп, «вакцинаны мәжбүрлі салатын болса, елден кетемін» дегенге саятын пікірлер айтып жүр. Өзінің қара басының қамын ойлап отырғандарды ертеңгі күні халықтың осы індеттен аман құтылуы толғандырмайды. Халықта ақпараттың шынайылығын тексеру мүмкіндігі бар, сондықтан вакцина, вирус туралы ғылыми ақпараттармен таныс болған дұрыс. Білімге көбірек мән берілген жерде жалған ақпаратқа алданушылар аз болады.
Бізде көппен бірге көру, жұртпен бірге жүру деген ұжымдық көзқарас бар. Вакцинаға қарсы шығып жатқандар өз құқығын талап етеді, бірақ өзінің міндеттерін де білу керек. Өйткені азаматтық қоғамда әрбір адам өзі шешім шығаруы керек және әрбір азаматтың құқығымен қоса халықтың алдында жауапкершілігі барын сезінуі керек. Осы орайда, халықтың 70 пайызы вакцина жасатпаса, індеттен құтылмайтынымызды шегелеп айтқым келеді.
Дегенмен, Ресей вакцинасының талаптарына сай 18 бен 64 жасқа дейінгі адамдарға ғана екпе жасалуы керек деген шектеу дұрыс шешім емес. Америка, Англияда мұндай шектеу жоқ, 90 жасқа дейінгі адамдарға екпе салынып жатыр. Ковид керісінше 65 жастан асқан адамдар үшін өте қауіпті. Сондықтан біз ең алдымен соларға көмектесуіміз керек. Ол үшін сынақтан өткен ресейлік немесе қазақстандық вакциналардың техникалық талаптары жарамай жатса, қарттарға сай келетін өзге шетелдік вакциналарды тездетіп жеткізуіміз керек. Тағы бір айта кетерлігі, жалпы халықта таңдау мүмкіндігі болмай тұр. Мемлекетіміздің әзірге қолы жеткені – Ресейдің «Спутник V» вакцинасы. Адамдарда таңдау құқығы болуы керек. Әр адамның өзіне сенімді деген вакцинаны салдыруға құқық беру керек. Халық қай елдің вакцинасына сенсе, соны салғызсын. Сонда көп адам вакцина салдыруға қарсы болмайды. Егер халықтың 70 пайызы вакцина салдырмайтын болса, қандай ұжымдық иммунитет қалыптасуы мүмкін?
Денсаулық сақтау министрлігі ресейлік вакцинаны бағасының арзандығы, тасымалдауға жеңілдігі, сақтау шарттарының қолайлылығы бойынша таңдады. Ал Американың, Англияның вакцинасы жоғары технологиялық әдістермен жасалған. Бірақ оларды таңдаған күнде де техникалық талаптарын жасай алуымыз екіталай. Нақтырақ айтсақ, ресейлік вакцина ескі технологиямен, ал Американың вакцинасы жаңа технологиямен жасалған. Ал нәтижесі қалай болатыны тек тәжірибелік тұрғыда көрінеді. Бұл жерде вакцинаның қандай технологиямен жасалғаны емес, қандай стандарттарды, талаптарды сақтап жасалғаны маңызды.
Ал екпеден соң антидене қанша уақыт сақталады деген сұраққа келсек, антидене деген адамның есте сақтау қабілеті сияқты. Біз кейде 5 жыл бұрынғы нәрсені есте сақтаймыз, ал кейбір сәттер есте мүлдем сақталмайды. Сол сияқты антидененің де әрбір адамға уақыты бар. Біреу бір рет вакцина салдырған соң өмір бойы антидене сақталып қалуы мүмкін. Ол адамның генетикасына, иммунитетіне, көптеген параметрлерге байланысты. Адамдар вакцина салдырғаннан кейін енді маған ештеңе болмайды деп ойлайды. Бірақ ол ковидпен жеңіл дәрежеде ауырып, ауруды тасымалдаушы болып жүруі мүмкін. Сондықтан карантин шараларын бәрібір естен шығармауымыз керек. Ал антидененің ағзада ұзағырақ сақталуын қамтамасыз ету үшін
1 жылдан кейін вакцинаны қайта егуі мүмкін.
Отандық вакцинаны таңдайтындар көп нәрседен ұтатынын да айта кетуіміз керек. Қазақстанда жасалған вакцинада тасымалдау тәртіптері көп бұзылмайды. Тасымал жақын болғандықтан ол бізге жедел жеткізіледі.