Жаңалықтар

Шетте туып, туған елге ғылымның туын тіккен академик ғалым Болатхан Қазыханұлы

ашық дереккөзі

Шетте туып, туған елге ғылымның туын тіккен академик ғалым Болатхан Қазыханұлы

Тәуелсіздігіміздің тамыр тарытып, егемен еліміздің алып байтерек секілді жайқалуына үлес қосқан тұлғалар аз емес, көбі арамызда жүр. Бүгін соның бірі биолог-эколог ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің деканы Болатхан Қазыханұлы Заяданның 60 жылдық мерейтойы. Болатхан Қазыханұлының тәуелсіздікке тартуы елге оралған 1997 жылдан бастап ғылым мен білім, әкімшілік және қоғамдық салаларда аянбай тер төгуі еді. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп дана бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Болатхан Қазыханұлының арғы атасы 18-ғасырда өмір сүрген батыр Қожаберген жырау болса, өз әкесі Қазыхан Заяданұлы Моңғол Халық Республикасында ұзақ жылдар бойы Қобда орта мектебінің химия және биология пәндерінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі және директор болған. «Әке көрген оқ жонар» дегендей Болатхан Қазыханұлы жастайынан қамқор әке, аяулы ананың баулуында білімге құштар болып өсті. Бұған тағы бір жағынан туған жері тұмса табиғаты көз сүріндірер, тұнық ауа, бал бұлақты Бай-өлкенің де қасиетті топырағы әсер еткені сөзсіз. Болатхан Қазыханұлы 1969 жылдан 1979 жылға дейін Қобда аймағы орта мектептерінде оқып жүрген кезінде-ақ тірі табиғатқа әуестеніп, айналасындағы биологиялық құбылстарды зерттей бастаған. Сонымен бірге, мектеп өміріндегі әртүрлі қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға белсене араласып отырған. Студенттік жылдары Ұлан-Батыр қаласындағы Моңғол мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетіне өткен Болатхан Қазыханұлы  биофизика және биология мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып, үздік оқығандығы үшін, сол кездегі университет басшыларының қолдауында  1983 жылы ғылыми-өндірістік тәжірибеден өту үшін оны М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне және А.Жданов атындағы Ленинград Мемлекеттік университетіне жіберіледі. Болатхан Қазыханұлының ғұлама ғалым болып қалыптасуына 1989-1990 жылдар аралығында КСРО Ғылым Академиясының К.А.Тимирязев атындағы «Өсімдіктер физиологиясы институтында» әйгілі альголог мен биотехнолог мамандар б.ғ.д., профессор В.Е.Семененко, Л.Н.Цоглин және М.Г.Владимированың жетекшілігімен зерттеуші-тәжірибе жинақтаушы болып жұмыс істеуі болды. Әсіресе, 1990 жылдың соңынан Ленинград мемлекеттік университетінің биотехнологиялық орталығында КСРО-ға әйгілі б.ғ.д., профессор, КСРО ҒА академигі С.Г.Инге-Вечтомов, б.ғ.д., профессор К.В. Квитко, б.ғ.д., профессор Б.В.Громов, б.ғ.к., профессор А.С.Чунаев сияқты ғалымдардан 2 жылдық тәлім алуы оның микробиология саласында жаңа ізденіс жасауына алып келді. 1993 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің генетика және селекция кафедрасына аспирантураға қабылданғаннан кейін, ол гербицидке төзімді Chlamydomonas reinhardtii-дің мутантты штамдарын алу бойынша жұмыс жасап, 1996 жылы «Норфулорозанға төзімді Chlamydomonas reinhardtii мутантты штамдарының генетикалық талдауы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Ресей жерінде жүріп сол кездегі қазақстандық жас ғалымдар М.Сапарбаев, С.Мұхамбетжанов, С.Джокебаева, А.Маненкомен тынысып жақын араласуы, қанына сіңген отаншылдық рухы Болатхан Қазыханұлының 1997- жылы ата жұртқа бір жолата ат басын бұруына себепші болады. Елге оралған соң ол еңбек жолын Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің экология кафедрасында доцент қызметінен бастайды. 2001-жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық унниверситетіне ауысып күні бүгінге дейін қызмет істеп келеді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей тәуелсіз отанға оралған Болатхан Қазыханұлының ғылыми жетекшісі еліміздің биология саласына елеулі еңбек сіңірген, б.ғ.д., профессор, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ажар Ахметқызы Жұбанова болды. Сол кездегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология факультетінің деканы Ажар Ахметқызының қолдаумен Б.Қ.Заядан 2006 жылы 03.00.16 – «Экология» және 03.00.07 – «Микробиология» мамандықтары бойынша «Су экожүйелерінің мониторинг, функциясы және ремидиациясындағы фототрофты микрооганизмдердің рөлі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Араға екі жыл салып ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2008 жылғы 30 мамырындағы шешімімен «профессор» ғылыми атағын алды (№0000442). Ал 2017-жылы Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның корреспондент мүшесі болып сайланып, 2020 жылы ҚР ҰҒА академигі болды. [caption id="attachment_138315" align="alignnone" width="756"] Академик Б.Қ. Заядан ата-анасы және жұбайымен[/caption] «Табысқа жеткен еркектің артында ақылды жары тұрады» демекші, құдай қосқан қосағы  Сәуле Білалқызы Болатхан Қазыханұлымен бірге өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, көп уақытын ғылыми зертханаларда, әкімшілік жұмыстарда, ғылыми іссапарларда өткізетін отағасының жолын күтіп, жоқтығын білдірмей, балалары мен немерелерінің де отағасының да рухани тірегі, аналық жылуы болып келеді. «Балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны алады» дегендей әке тәрбиесі мен тәлімін көріп өскен балалары да білім мен ғылым жолын қуған. Академик Болатхан Қазыханұлының ұлы Мұхтар Халықаралық қатынастар саласынан PhD докторлық қорғаған. Қызы Кенжегүл Болатханқызы биотехнология бойынша PhD докторлық қорғап, қазір постдокторантурада ғылыми зерттеулерін жалғастыруда. Кіші ұлы Олжас Экономика мамандығы бойынша докторантурада оқыса, келіні Марал Математика ғылымдарының PhD докторы. Қазіргі уақытта академик Б.Қ.Заядан қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуда. Ол ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің биологиялық ғылымдар бойынша Сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары қызыметінде  атқарды. Сондай-ақ, Заядан Б.Қ. биотехнология мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мамандандырылған докторлық Кеңесінің мүшесі, ҚазҰУ хабаршысы журналының бас ғылыми редакторы («Экология» сериясы), International Journal Biology and Chemistry және ҚР ҰҒА Хабаршы журналының биологиялық және медициналық сериясының редакциялық алқасының мүшесі болып табылады. Сондай-ақ Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің биология мамандығы бойынша комиссия төрағасы,  АҚ «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының» сарапшысы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетінің Ғылыми кеңесінің төрағасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінің мүшесі. Биылғы жылдан бастап Болатхан Қазыханұлы Ұлттық Ғылыми Кеңестің мүшесі болып сайланды. Және де  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүшесі ретінде қоғамдық қызметпен белсенді айналысады. Айтпақшы, Болатхан Қазыханұлы елімізге оралған қандастардың арасында бірден-бір Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі болып табылады. Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, егемендік бастауы «желтоқсан оқиғасының» 35 жылдығы секілді еліміздің әр саласында атаулы іс-шаралар, айтулы мерекелермен қатар шетте қалған қазақ жерінде туып, тәуелсіз отанына ту ғылымның туын тіккен академик Болатхан Қазыханұлының 60 жылдық мерейтойы да тұспа-тұс келіп отыр. Қадірлі Болатхан Қазыханұлы, ғылым мен білім саласындағы ұзақ жылдық еңбегіңіздің нәтижелерін көруіңізге, денсаулығыңыз мықты болып, алаш еліне қызмет жасай беруіңізді, өзіңіз айтқандай «бақытты отаныңызбен» баяшат өмір кешуіңізді және сіз секілді Қазақ еліне адал қызмет атқаратын, жөргегінде уызға жарып, ана сүтін ақтайтын азаматтардың көп болуына тілектеспін.

 Әлібек ЫДЫРЫСҰЛЫ, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биомедицина

ғылыми зерттеу орталығының директоры