Дөрбетхан СҰРАҒАН: Ғылымның бәсі биік болмаса, бәрі бекер

Дөрбетхан СҰРАҒАН: Ғылымның бәсі биік болмаса, бәрі бекер

Дөрбетхан СҰРАҒАН: Ғылымның бәсі биік болмаса, бәрі бекер
ашық дереккөзі
2020 жылғы 3 желтоқсанда Президенттің Жарлығымен ғылым және техника саласындағы үздік еңбектері үшін бір топ ғалым Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды. Солардың ішінде Дөрбетхан Сұраған осы марапатқа ие болған ел тарихындағы ең жас ғалым болды.  Ол сонымен қатар, Ferran Sunyer i Balaguer Prize халықаралық сыйлығының да Орта Азиядағы ең жас әрі бірінші лауреаты, әлем бойынша еңбектеріне келтірілген сілтемелер саны ең көп қазақ ғалымдарының бірі. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Математика және математикалық модельдеу институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас ғылыми қызметкері, Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы (PhD) Дөрбетхан Сұраған газетімізге сұхбат беріп,  ғылым, қоғам туралы тұшымды пікірін айтып, жеке жетістіктері жайлы әңгіме өрбіткен еді. https://youtu.be/zimbBDlnALs – Математик ғалым Мұхтарбай Өтелбай Túrkistan-ға берген сұхбатында болашағынан үміт күттіретін жас ғалым ретінде сізді ерекше атап өткен болатын. Осыдан біраз жыл бұрын әлемнің үздік математиктерінің тізіміне қазақтың 20 шақты ғалымы енген еді, сізді сол тізімнен де көре алдық. Соған қарағанда, ғылыммен бала кезден-ақ әуестенген сияқтысыз...   – Академик Мұхтарбай Өтелбай ағамыз мені ғана емес, жалпы өзінің ізін қуған жастарды қатты қолдап, қолпаштайды. Менің ғылымға келуім де – Мұхтарбай Өтелбай, Тынысбек Кәлменов сияқты ғалымдарымыздың қолдауының нәтижесі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып жүргенде бас-көз болып, бағыт сілтеген ұстаздарымызға еліктедік. Сол кезде бізге ең бастысы оқу болды, оған қосымша ғылымға да аздап бет бұрып, қызыға бастадық. Сөйтіп, ғылыми жетекшілеріміздің көмегімен жетістіктерге жетіп, ғылыми жаңалықтар да аштық. Жапон танымындағы Самурайлар кодексінде айтады ғой, бірінші әрекет ету керек, мағына содан соң келеді деп, мен де ғылымға сондай тәртіппен келген сияқтымын. Себебі, иә, бала кезімнен жалпы ғылымға қызығатынмын, бірақ дәл математикамен айналысып, математик боламын деген арман болған жоқ. – Қателеспесем, ғылым және техника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлық алған ең жас ғалымсыз, жалпы өзіңіздің ғылыми зерттеулеріңіз туралы айта кетсеңіз. – Мен, жалпы қазір заманауи математиканы зерттеп жүрмін. Ол өзі көп салаға бөлінеді. Анализ, яғни талдаулар, литоптар теориясы деген маңызды салалар бар. Мен сол екі дербес саланың тоғысқан тұсын зерттеймін. Халықаралық сыйлықты алған кітабымның тақырыбы Харди теңсіздіктеріне арналған. Харди теңсіздігі математикадағы маңызды объект саналады. Атақты ағылшын математигі Харди осы теңсіздігін жазғанда, бұл теңсіздікті дәлелдедім, алайда ешқандай пайдасы, қолданысы болмайтын шығар деп айтқан екен. Бірақ, бұл теңсіздік қолданысқа енді, тарихи қолданыс десек те болады. Атом әлемі дейміз ғой, қарапайым бөлшектер әлемі, сол әлемде  Гейзенберг анықталмағандық қағидасы деп айтады, сондай қағида бар. Қазір  көшелердегі «Сергек» камералары бар ғой, ол сергек сіздің қаншалықты жылдамдықпен, қай жерде келе жатқаныңызды – екеуін де түсіріп алады. Ал, қарапайым бөлшектерге келер болсақ, оның жылдамдығын түсіріп алсаңыз, орнынан айырылып қаласыз, ал орнын түсіріп алсаңыз, жылдамдығын өлшей алмайсыз. Осы теорияны математикалық тұрғыдан дәлелдеудің бірден-бір құралы Харди теңсіздігі екен. Сол объектіні жаңағы екі дербес саланың тоғысқан тұсына салып зерттедік. Солай ісіміз алға басып, жетістіктерге қол жеткіздік. Сол кезде Лондон империялық колледжінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүргенмін. Ғылыми мақала жаза бастадық. Мақаламызды ғылыми журналға жариялағаннан кейін, бізге осы салада неге кітап жазбайсыздар деген пікірлер айтылды. Жетекшім екеуіміз, неге жазбасқа деп, кірісіп кеттік. Әрине, оңай болған жоқ, көп уақыт, уақыттан бұрын көп энергия кетті. Негізі әр салада  кітап жазу әр басқа шығар, бірақ менің ойымша математика саласында кітап жазу адамның көп энергиясын алып қояды. Сіз өйткені өзіңіздің білетін нәрсеңізді жазасыз ғой. Ол кітапқа гонорар алған жоқпыз, гонорардан бас тарттық. Бірақ, еңбегіміз бағаланып, халықаралық сыйлық берілді. Сондай азды-көпті жетістіктеріміз бар. Әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласында берілетін Мемлекеттік сыйлықты Президент Жарлығымен «Бейлокальдік дифференциалдық операторлар теориясы» деп аталатын жұмысымыз бойынша алдық. Бұл – ұзақ жылдар бойғы еңбегіміздің қорытындысы. Сыйлықты профессор Садыбековпен бірге алдық. Екеуіміз бір ғылыми мектептен шыққанбыз. Осы салада бірге еңбектендік. Ал жеке өзіме келер болсам, университеттің 3-курсында оқып жүргенде халықаралық деңгейдегі танымал ғылыми журналдарға өз еңбектерімді жариялаған болатынмын. Содан бері үздіксіз ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыстым. Осындай азды-көпті жетістігімізді бағалап, аса мәртебелі сыйлықты бергеніне ризамын әрі үлкен жауапкершілік деп білемін. – Қазақстанда нақты ғылыммен айналысатын мықты математиктер аз деген пікір айтылып жатады. Қазақстанда ересектердің математикалық сауаттылығы мен оқу деңгейі өзге елдермен салыстырғанда төмен деңгейде деген деректер де бар. Бірақ, қарап отырсақ, шетелге олимпиадаға, небір жарыстарға барған оқушылар үнемі топ жарып, жүлделі орындар алып келеді. Бұл кереғарлық қайдан туындап тұр? –  Елімізде мықты математиктер аз деп айтып жатады деген сөзіңізге тоқталсам. Негізі, бұл – негізсіз, бос сөз. Елімізде математиктер көп, адам санына шаққанда әжептеуір мықты ғалымдар бар. Бірақ, екінші жағынан, тек қана математиктер емес, жалпы ғалымдарды қоғамға насихаттау, таныту, мәртебесін орнықтыру  мәселесі бізде кемшін болып тұрған сияқты. Жаңа сіз олимпиадалар туралы айтып жатырсыз, иә, шынында да қазақтың балалары халықаралық жарыстардан медальсіз келмейді. Бірақ, мына нәрсені ескеру керек, спорттан алтын медаль алып келгендер қалай насихатталады, қаржылай ынталандырылады? Қателеспесем, олимпиададан алтын алып келсеңіз 250 мың доллардай аласыз кемінде. Солайша спортшыларға мотивация береді. Сіз математикадан сондай медаль алып келіңіз, ешқандай да қолпаштау болмайды.  Біздің математик ғалымдарымыз олимпиададан да артық халықаралық деңгейдегі басты жүлделерді алып келіп жатады. Мысалы бір-екі жыл бұрын академик Сарин Америкаға барып, Холм сыйлығын алып келді. Бұл – ғалымның бүкіл еңбегін, зерттеулерін жинақтай келе қорытынды ретінде берілетін сыйлық. Жылына бір рет жалғыз-ақ адамға беріледі. Жалғыз мысал емес, мұндай халықаралық деңгейдегі марапат алып жатқан математиктер жетерлік. Ал біз сондай ғалымдарымызды танып-біле алып жатырмыз ба? Қоғамымыз, мемлекетіміз мүлде көңіл бөлмей жатыр демейміз, белгілі бір дәрежеде қарап та жатыр, бірақ, спортпен тағы басқамен салыстыратын болсақ, оларды танып-білу мәселесі, мәртебесін көтеру мәселесі аздап кешігіп жатқан сияқты. Бірақ, уақыт өте келе реттеледі деп ойлаймын. Себебі біз 90-жылдардағы дағдарыстан енді шығып, етек-жеңімізді енді жиып жатырмыз. Ең бірінші біздің жастарды, қоғамды қай сала қызықтырды? Той бизнес. Қазір пандемия басталып той тоқтап қалды ғой, бірақ менің есімде, 2000 жылдары той бизнес ерекше дамыды. Енді оның жақсы жақтары да, жағымсыз тұстары да бар. Қазір Димаш сынды жастар әлемдік деңгейде танылып, өнерлерін әлемге паш етіп жатыр. Жасөспірімдердің арасында да өнер саласында топ жарып жүргендер бар. Себебі бізде осы салада жүрген жұлдыздар мәртебелі саналды, солайша балалардың өнерге бейімделуі басым болды.  Яғни қоғам ақырындап сол нәрсеге тәрбиелейді. Математикаға келер болсақ, ғалымдардың мәртебесі анау айтқандай жоғары болмады, ондай уақыт та болмады бізде. «Не ексең соны орасың» деген бар ғой. Негізгі, бастапқы қадамды жасамай жатып, сол жерден егін сұрағанымыз – орынсыздау. Кеңес Одағының қателіктері, кінәлары болды ғой, дегенмен, бір нәрсені мойындауымыз керек – Кеңес Одағы кезінде ғылым болды ғой. Іргелі ғылым болды, ол – сөзсіз. Сол екпінмен келе жатқан ғылыми орта әлі бар бізде. Әлі де болса жемісін беріп жатыр. Өкінішке қарай, орта буыннан айырылдық, олардың көбі базар жағалап кетті. Экономикамыз жасалды, бірақ тек математикада емес, барлық саладағы профессионалдарымызды жоғалттық. Сондықтан, Қазақстанда ғылым жоқ емес, ғылым бар. – Қазіргі ғылыми орта туралы не айтасыз? – Көбісі қолданбалы ғылым, яғни технология мен іргелі ғылымды ажырата алмай жатады. Қолданбалы ғылымда бәсекелестік болады, бірақ іргелі ғылымда бәсекелестік деген сөзді қолданған дұрыс емес, одан гөрі ынтымақтастық деген жөн. Қазір біз капитализмді утилитаризм деп түсінеміз. Капитализм – пайда деп ойлаймыз. Жалғыз біз ғана емес, Кеңес Үкіметі тарағаннан кейін бірден капитализмге аяқ басқан посткеңестік елдерде осындай түсінік қалыптасты. Мынаның не пайдасы бар, ананың не пайдасы бар деп, бәрін пайдаға әкеп тіресек, құндылықтарымыздан айырыламыз, ондай қоғамда шығармашылық болмайды, мықты ғалымдар шықпайды. Біз қазір Мәңгілік ел идеясы туралы көп айтамыз. Мәңгілік ел болу үшін не керек – мәңгілік ғылым болуы керек. Ғылым мен утилитаризмді бір арнаға тоғыстыра алмайсыз. Капитализмді біз пайдақорлық жағынан емес, либерализм деп, сөз бостандығы, ой еркіндігі жағынан түсінуіміз керек. Сол кезде бізде ғылым болады. Мысалы Англияның осындай дәрежедегі дамыған ел болуының негізінде не жатыр? Ғылым жатыр. Қалай ғылым, философия дами бастады, солай ел күшейе бастады. Кейде айтып жатады, «ғылым дейміз, сонда біздің өзіміздің жасаған машинамыз қайда, теледидарымыз қайда?» деп. Бірақ, іргелі ғылымның оған қатысы жоқ, бұл – технология. Іргелі ғылым дегеніміз – шығармашылық. Қазір әлемдегі ең әйгілі математикалық теорема – Ферман теоремасы. Оның ешқандай қолданысы жоқ. Онда не үшін қажет дейсіз ғой? Халықтың рухани әл-ауқатын көтеру үшін қажет. Қоғамның рухани әл-ауқатын көтергенде, пайдакүнемдіктен ада болғанда ғана еркіндік үстем құрады. Менің ойымша, қазір бізге керегі технологиямен қатар, либерализм, ой-сананың еркіндігі, мықты, іргелелі ғылым. Экономиканың өзі ғылымға негізделмесе ертең-ақ құлап қалады. Бүгінгі ғылымдағы, жоғары білімдегі реформа ұлттық менталитетке сай келмесе шетелден көшіріп әкеп қоя салғанымыз бізге жараспайды, нәтиже де бермейді. Бір мысал айтайын, жақында университеттерімізге автономия берілді. Бұл – әлемдік тәжірибе. Керемет, дұрыс, әр университет өз дипломын өзі жаза береді. Бірақ, бұған біздің менталитетіміз дайын ба? Біз университетке емес, бар құқықты ректорларға беріп қойдық. Егер ол университеттерде ішкі жүйе дұрыс болмаса, білім сапасы ойдағыдай болмаса, мұғалімдердің қадір-қасиеті ескерілмесе, бюрократияға белшеден батып жатса, ондай тәуелсіздіктің қажеті не? Жоғары білім менеджерлерге емес, студенттерге де емес, ұстаздарға негізделеді. Сондықтан ең бірінші сананы өзгертуіміз керек.  – Бірақ білімді жастардың көбі шетелге кетуге құмар сияқты. Бұл туралы не ойлайсыз? – Білімді жастар, ғалымдар шетел асып жатыр дейсіз, ол – табиғи құбылыс. Қазір жаһандану заманы ғой. Ана елге барып жұмыс істеу, мына елге барып тәжірибе жинау – онда тұрған ештеңе де жоқ. Оларға өкпелемеуіміз керек. Бірақ, қаншалықты қайта келіп жатыр деген сұрақ мазалайды. Қаншалықты оларды қайтара аламыз, тарта аламыз? «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына...» деген қазақта сөз бар ғой. Олардың қадірін қашырмауымыз керек. Ғылымға барған адам ақша табамын, байлыққа кенелемін, өнер адамдары сияқты таныламын деп ойламайды. Ғылымға барған адам ғылым жасағысы келеді. Ал ол үшін жағдай жасалуы керек. Жоғарыда айтқанымдай, ғалымдардың қадір-қасиеті, мәртебесі жоғары болуы керек. Қадір-қасиет дегеніміз не? Оны абстрактілі ұғым деп түсінуге болмайды. Бір ғана мысал айтайын: ең қарапайым – олардың айлық жалақысы уақытылы берілуі керек. Бізде осы 2-3 жылға дейін ғалымдарда жылдың басында жалақы жоқ, мамырда, маусымда айлықтарын бір-ақ алатын. 90-жылдары мұғалімдер мен дәрігерлер жарты жыл бойы айлық ала алмай жүретін дейді ғой, ғалымдар бертінге дейін солай болды. Осыдан 3 жыл бұрын Лондонда ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүрдім де, Қазақстанға келіп, Алматыдағы ғылыми-зерттеу орталығында жұмыс істедім. Бірақ, қазір бәрі түзелді. Бара-бара көш түзеледі. Жалпы ғалымдарды бағалау оңай. Ғалымдар несімен бағаланады? Жазған еңбегімен, жеткен жетістігімен бағаланады. Ештеңесін жасыра алмайды, бары көрініп тұрады. Базаға енгізсе, болды. Мұның барлығы енді қолға алынып жатыр ғой. Кезінде Ұлттық ғылыми кеңес – еліміздегі ғылымды қаржыландыруды реттейтін ең жоғарғы орган құрылған кезде, ғылымға бөлінетін ақшаны ғалымдар өзі шешсін деген ережемен құрылды. Яғни сенімге негізделді. Негізі шетелде ғылым солай жасалады. Бірақ, өкінішке қарай, қоғам оған дайын болмаса, жемқорлық тамыр жайып кетеді. Осыдан 2-3 жыл бұрын жас ғалымдар ғылымды қаржыландырудағы бюрократия мен жемқорлыққа қарсы Елбасыға бейнеүндеу жолдаған едік. Соған назар аударған болуы керек, содан кейін жастарға арнайы ғылыми гранттар бөліне бастады. – Атажұртқа қалай келдіңіз? Басқа білімді жастар сияқты шетел аспай, елге келдіңіз, осындай шешім қабылдауға не әсер етті? –  Атажұртқа оралғаным таза эмоциялық шешім болды. Бір нәрсе есіме түсіп отыр: менің әкем – мүлде Қазақстанға келіп көрмеген адам. Моңғолияда туды, сонда қайтыс болды. Бірақ есімде: кішкентай кезімде Қазақстан туралы әңгіме айтылса, әкем беріліп, елжіреп отыратын. Табиғатынан сезімтал адам емес те еді. Ал маған келер болсақ, менде де Қазақстан туралы түсінік болмады, бірақ, эмоция арқылы келдім. Оқу үлгерімі ол жақта да жақсы болды. Грантқа түсу деген сияқты белгілі бір мақсат болған жоқ. Жай ғана елге оралам дедім, аяқ астынан шешім қабылдадым. Мен негізі оқуды да толық оқымадым. Себебі, әңгіме басында айтқандай, менің оқуға баратын кезім 90-жылдарға сәйкес келді. Кеңес Одағы ыдырағанда, Моңғолияға да әсер етті. Күнкөріс көзі тек қана төрт түлік болды. Сөйтіп тиіп-қашып жүріп оқуға бардым. Бірақ соңғы сыныптарды жақсы оқыдым. Эмоция. Сонымен келдік елге. Жолым болып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келе сала қабылданып кеттім. Грантқа тапсырдым. Шетелдегі қазақтардың, қандастардың, қанша дегенмен елге деген құрметі жоғары деп ойлаймын. Олардың ойында қалайда ел жүреді. Мүмкіндік жасасақ, бәрі келеді. Соған жағдай жасауымыз керек. Қазір сапа деп жатырмыз ғой, дегенмен дәл қазір сан да біз үшін өте қажет. Ел дегеніміз, мемлекет дегеніміз не, жалпы? Адам ғой. Қоғам адамға негізделуі керек. Жақсымыз бар, жаманымыз бар, бірақ, бір-бірімізге қарап түзелеміз, солайша сынымыз да, мініміз де, көшіміз де түзеледі. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан

Ділда УӘЛИБЕК

Сюжет авторы 

Нұржан ТҰРҒЫМБАЙ