Каспийде балық аулау аумағы ұлғаятын болды
Каспийде балық аулау аумағы ұлғаятын болды
Сенат Каспийдегі балық аулау аймағын ұлғайтуға қатысты заң қабылдады, деп хабарлады Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Қазақстанның Каспий теңізіндегі теңіз белдеуінің ені 15 мильді құрайды. Ал қазақстандық балықшыларға балық аулау үшін ішкі және аумақтық суларға тәуліктің кез келген уақытында шығуға мүмкіндік туады.
Мұндай жаңа нормалар бүгін Сенат отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қарастырылған.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң Каспийдегі мемлекеттік шекараны қорғаудың экономикалық қызметі мен құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, аталған құжат ұлттық заңнаманы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерімен сәйкестендіреді. Елбасымыздың бастамасымен қабылданған бұл Конвенцияға Каспий жағалауындағы елдер басшылары 2018 жылы 12 тамызда қол қойғаны белгілі.
«Конвенцияның негізінде тиісті заңдарға ені 15 теңіз милін құрайтын аумақтық сулар туралы норма енгізіледі. Олардың сыртқы шегі мемлекеттік шекара мәртебесіне ие болады. Аумақтық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары қосылады. Онда әр мемлекет балық аулау бойынша айрықша құқықтарға ие. Қабылданған заң мемлекеттік шекараны берік қорғауға, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Каспийде еліміздің экономикалық мүддесін жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады. Сондай-ақ, заңның бірқатар нормалары су биологиялық ресурстарын сақтауға бағытталған. Жаңа нормалар біздің ұлттық мүддемізге сай келетіні сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа енгізілетін жаңа нормалар ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың ашықтығын көздейді.