Жаңалықтар

Елордада бірнеше көше, мектеп және театрдың атауы өзгереді

ашық дереккөзі

Елордада бірнеше көше, мектеп және театрдың атауы өзгереді

Биыл елордада бірнеше көше, мектеп және театр атауы өзгереді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп мәлім етті. «Биыл елордада 46 көше, 8 мектеп және 1 театрдың атауын өзгерту жоспарланып отыр. Жалпы олардың атауын өзгерту ұсынысы бізге жеке азаматтардан, қоғамдық бірлестіктер және арнайы мекемелерден келіп түседі. Ол ұсыныстарды жинақтап ономастикалық комиссияның отырысында талқылаға саламыз. Яғни кімнен қандай ұсыныс келіп түсті, қай көшеге қандай атау береміз деген секілді. Сонымен қатар біз аудандық әкімдіктермен тығыз жұмыс істейміз. Өзіңіз білетіндей елордада құрылыс қарқыны жоғары, жыл санап жаңа тұрғын үй кешендері мен алаптары пайда болып жатыр, оларға атау берумен біз айналысамыз», - деді С. Есіркеп. Оның айтуынша, ономастикалық комиссия құрамында сала мамандары мен қатар танымал қоғам қайраткерлері бар. «Атау беру және оны өзгерту мәселесі ономастикалық комиссия отырысынан кейін қоғамдық талқылауға түседі. Ол үшін көше немесе белгілі бір мекемеге атау беру туралы ұсыныс НҚА (нормативтік-құқықтық актілер) порталына жарияланады. Сол жерде әр азаматтық өзіндік пікірін білдіре алады. Әрине қоғам болған соң пікір әртүрлі, біреу қолдаса, екіншісі қарсы шығады. 10 күн бойы қоғамдық талқылауда айтылған ұсыныстар мен сын-пікірлер қалалық мәслихаттың жалпы отырысында қаралады. Содан соң республикалық ономастикалық комиссия қарайды, ол министрлік деңгейінде өтеді. Егер республикалық деңгейде қолдау тапса, ол қалалық мәслихат шешімі және әкімдік қаулысымен бекітіліп Әділет департаментіне ұсынылады. Содан соң ғана атау беру немесе өзгерту күшіне енеді», - дейді ол. Сондай-ақ, басқарма басшысының орынбасары елордадағы атаулардың 90% қазақша екенін алға тартты. «Тәуелсіздік алғалы еліміз бойынша көп жаңа атау қойылған ол Нұр-Сұлтан қаласы. Жалпы көше немесе белгілі бір ұйымға ат беру бірнеше санатқа бөлінеді. Мысалы, қазақ батырларының, хан, сұлтан, билердің немесе ғалымдардың есімін беру. Одан бөлек, жер-су атаулары да назардан тыс қалмайды», - деді ол. Биыл елордалық ономастика комиссиясының отырысында қаладағы кейбір білім беру мекемелеріне Б.Момышұлы, С.Сәдуақасов, М.Мақатаев, М.Шоқай, Н.Төреқұлов, Қ.Кемеңгерұлы, І.Есенберлин, Қ.Мұхамедханов, Қ.Сәтбаевтың есімдерін, бір театрға Ә.Мәмбетовтің, сондай-ақ бірқатар көшеге Р.Бағланова, К.Мырзабеков, Әнет баба, Х.Доспанова, Е.Серкебаев, Ж.Молдағалиев, С.Зиманов, Б.Қосшығұлов, Ә.Байжанбаев, Ұ.Құлымбетов, А.Бөлекпаев, Бердіқожа батыр, М.Сағдиев, К.Оразалин, У.Халфин, Н.Нұрмақов, Р.Бердібай сынды тұлғалардың есімдерін беру туралы шешім қабылданды.