Жаңалықтар

Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

ашық дереккөзі

Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

Жиында Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының негізгі бағыттары, сондай-ақ Қарулы күштерді қайта жарақтандыру мен қорғаныс өнеркәсібін дамыту жоспарлары қаралды, – деп хабарлады elbasy.kz. Жиынды ашқан Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы бүгінгі таңда басқа елдермен қатар Қазақстан да қауіпсіз ортаның сапалық өзгеру кезеңіне қадам басқанын атап өтті. – Біз біртұтас мемлекет және ұлт ретінде бетбұрыс кезеңіне келіп жеттік. Бұл өзгеріске коронавирус пандемиясы түрткі болды. Оның әсері алдағы онжылдыққа созылуы мүмкін. Қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздікке қатысты қалыптасқан сын-қатерлер трансформацияға ұшырап, ассиметриялық әрі гибридтік қатерлер туындап жатыр, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев биологиялық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен ұзақ уақытқа дейін түспейтініне назар аударды, себебі инфекциялық және басқа да аурулар жаһандық сын-қатерлерге айналды. Осыған орай Елбасы биологиялық қауіпсіздік пен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы басты қауіп-қатерлерге тойтарыс беру үшін тиімді шаралардың маңыздылығын атап көрсетті. – Енді денсаулық сақтауға ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі компоненті ретінде қарау керек. Пандемия кезінде әлеуметтік-экономикалық тежелістер болады. Ол  – бірінші кезекте, халықтың табысының азаюы, өңірлердің, салалардың, қалалар мен ауылдардың арасындағы теңсіздіктердің өсуі. Бұл бағытта мақсатты түрде жұмыс істеу керек. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға кешенді қолдау көрсету  қажет, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы. Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық қауіпсіздікті, киберқауіпсіздікті, ақпараттық қауіпсіздік пен адами капиталдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. – Нағыз қауіп – минералды-шикізат ресурстары бағасының құлдырауы емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетінің төмендеу қаупі. Бұл, бірінші кезекте, білім беруге қатысты. Біз дамыған елдерден көп артта қалған жоқпыз. Білім мен ілім таяу онжылдықта біздің ұлттық идеямыз болуы керек, – деп атап өтті Елбасы.