Жаңалықтар

Қазақстан газбен қамтылғандар қатарын 10 миллионға жеткізбек

ашық дереккөзі

Қазақстан газбен қамтылғандар қатарын 10 миллионға жеткізбек

Елімізде газбен қамтылғандар қатарын 10 миллион адамға жеткізу көзделуде

Табиғи газдың жоқтығы – көптеген елді мекендердегі басты түйткілдердің бірі еді. Қазір бұл мәселе шешімін тауып келеді. Өңірлерді табиғи газбен қамтамасыз ету шарасының қолға алынғанына біраз уақыт болды. Бұл істің нәтижесі де жаман емес. Бүгінде ауыл-аймақтардың көпшілігі табиғи газға қол жеткізген. Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан, Қазақстан тұрғындарын толықтай табиғи газбен қамтамасыз ету, газ саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат жүзеге асырыла бастады. Жасыратыны жоқ, бұрындары еліміз газ мәселесіне келгенде көршілес мемлекеттерге тәуелді болатын. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында республиканың барлық өңірлерін газдандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. 2016-2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджет есебінен Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы 66 елді мекен, яғни 160 мың тұрғын газға қосылады. Ал 2016-2020 жылдар аралығында елімізді газдандыру жұмысына жоғарыда аталған республикалық және жергілікті бюджеттен өзге ұлттық операторлардың қаражаты да тартылмақшы. Сол арқылы Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы 14 елді мекен, яғни 270 мың тұрғынды газбен қамту жоспарланып отыр. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде бүгінге дейін Ақтөбе облысындағы 375 елді мекеннің 101-не газ жүргізілген. 2016 жылдың соңына дейін 109 елді мекеннің 715 мың тұрғыны газбен қамтамасыз етіліп, барлық 12 аудан газдандырылады деп жоспарлануда. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен жасалған меморандум аясында инвестициялық қаражат есебінен 5,7 млрд теңгеге Ойыл, Комсомол, Қосестек ауылдарына және Ырғыз ауылының ішіне ұзындығы 293 шақырымдық газ құбыры салынды. 2014 жылы бюджеттік қаражат есебінен Мәртөк ауданының Жайсаң ауылына тартылған газ құбырының құрылысы 2016 жылдың шілде айында тәмамдалды. Сонымен қатар, биылғы жылы Казанка, Жосалы, Кемпірсай, Байқадам, Шетырғыз ауылдарын газдандыру жобасы бастау алды. Ақтөбеде өткен елді мекендерді газбен жабдықтау мәселесі жөніндегі жиында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев: «Президент тапсырмасы бойынша өңірде халықтың жағдайын жақсарту шаралары, атап айтсақ, елді мекендерді газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Бұған қоса, облыста 4 млрд кубтан астам газ өндіріледі, өкінішке қарай, кейбір аудан орталықтары газбен қамтылмаған. Келісімшарттарға сәйкес газ Комсомол, Ойыл және Ырғыз ауылдарына өткен жылы жүргізілу керек болатын. Мердігерлер барлық жұмысты бірінші жарты жылдықта аяқтайтындарына уәде берген-тін. Алайда мойындарына алған міндеттерін орындамады. Бұл менің ойымша, мемлекеттік органдардың дұрыс бақылау жүргізбегендігінен және мердігерлердің жауапсыздығының салдарынан орын алып отыр», – деп атап өтті. Біраз жыл бұрын Алматы қаласының маңында орналасқан бірқатар елді мекендер табиғи газға қол жеткізгені белгілі. Енді 2014 жылы құрылысы басталған «Алматы – Талдықорған» магистральді газ құбырының арқасында облыс тұрғындары көгілдір отынмен қамтылатын күн жақын. Аталмыш газ құбыры іске қосылса, Алматы облысының 3 қала, 7 ауданындағы 409,8 мың адам табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Өткен жылдың басында Алматы облысында 68 елді мекендегі 359,5 мың адам газбен қамтамасыз етілсе, жыл соңында бұл көрсеткіш 446,6 мың адамға жетті. Биылғы жылы да бұл үрдіс жалғасып, 604 мың адам тұратын 98 елді мекенге табиғи газ жеткізілді. Қазір тағы 39 елді мекенге көгілдір отын жеткізу мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл жоспар жүзеге асса, облыстың газбен қамту көрсеткіші 29 пайызға көтерілмек. Алматы облысындағы өңірлерді газдандыру жобасы бойынша Қапшағай газ қабылдау, бөлу стансасының құрылысына ерекше назар аударылып отыр. Қапшағай газ қабылдау, бөлу стансасының барлық жұмыстары «Қапшағай аймақтық газ желілері» ЖШС-нің қаражатымен жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін нысан құрылысына 1,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 63,1 шақырым қалаішілік газ құбырының желісі орнатылып үлгерді. Оның 27 шақырымы жоғары қысымды, 36,1 шақырымы төмен қысымды құбырлар. Сонымен қатар, Қапшағай қаласының маңында «Қапшағай – Байсерке» магистральді газ құбырын төсеу жұмысы да жалғасуда. «Қапшағай – Байсерке» магистральді газ құбырының қала маңындағы құны 4,4 млрд теңге болатын 44 шақырымына газ құбырын төсеу міндеті «КазТрансГаз» АҚ-ға міндеттелген. Газдандыру жобасы аясында шалғай ауылдарды да көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр. Қазір Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарының шалғай елді мекендерін газдандыру (Қазақстан – Қытай газ құбыры арқылы) мақсатында салынатын Бәйдібек би, Шелек, Жаркент газ қабылдау, бөлу пункттерінің құрылыс жобасының сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұл жобаның құны 1,94 млрд теңгені құрайды. Жоба жүзеге асқаннан кейін осыған дейін шалғай елді мекендерді газбен қамтамасыз етіп келген «ЖетісуОблГаз» өз міндетін бұдан былай «КазТрансГаз» инвестициялық компаниясына береді. Ал Атырау облысындағы газ құбыры желісі 166 елдімекеннің 128-ін табиғи газбен қамтамасыз етеді. Облыстың газбен қамтылуы 95 пайызды құрайды. Облыс бойынша газ құбырының жалпы ұзындығы 4762,3 шақырым, оның ішінде: жоғары қысымды газ құбыры – 992,07 шақырым, орта қысымды – 1356,96 шақырым және төмен қысымды – 2450,31 шақырым. 2005-2015 жылдар аралығында елімізде 130 жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 1160 елді мекен, яғни 7 миллионнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Бүгінде еліміздегі табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру үшін Үкімет тарапынан Қазақстанды газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас сызбасы және 2030 жылға дейін газ секторын дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Осылайша, Қазақстанда көгілдір отынмен қамтылғандар қатарын 10 миллионға жеткізу көзделіп отыр.  

Әсел ӘНУАРБЕК