Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев: Білім беру жүйесі әлемдік трендтерге сәйкес қайта құрылуы тиіс

ашық дереккөзі

Мәулен Әшімбаев: Білім беру жүйесі әлемдік трендтерге сәйкес қайта құрылуы тиіс

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отырысын өткізді, онда қатысушылар қазақстандық білім және ғылым мәселелерін талқылады. Сенат Төрағасы кездесуді аша келіп, аталған тақырыптың маңыздылығын атап өтті және осы саланы дамытудағы кейбір трендтерге тоқталды. "Қазақстанның білім және ғылым жүйесінің қалыптасуы мен дамуы біздің мемлекетімізде әрқашан басымдықтардың бірі болып келеді. Еліміз Президентінің қыркүйек айындағы Жолдауында бірқатар маңызды тапсырмалар алға қойылды. Жалпы алғанда, елімізді жаңғырту бағдарламалары аясында осы салаға баса назар аударылып отыр", - деді Мәулен Әшімбаев. Жас сарапшылар клубының отырысы барысында пікірталасқа қатысушылар қазақстандық білім мен ғылымның өзекті мәселелері бойынша өз пікірлерімен бөлісті. Youth Corps Projectтегі мониторинг және бағалау жөніндегі сарапшы, әлеуметтанушы Камила Ковязина орта білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу аясында мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелері туралы айтып берді. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі, саясаттанушы Индира Рыстина жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мәселелеріне тоқталды. Kzhol қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Диана Ерлан ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған білім беру саласын дамыту жөніндегі өз ұсыныстарын ортаға салды. Ал Ұлттық биотехнология орталығының адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин Қазақстанда ғылыми кадрлар даярлаудағы өзекті мәселелерді атап өтті.