Зор сенім һәм ауыр салмақ

Зор сенім һәм ауыр салмақ

Зор сенім һәм ауыр салмақ
ашық дереккөзі

Жауапты міндеттердің жүгін көтеру кезегі Бақытжан Сағынтаевқа келді

Қыркүйек – елдің етек-жеңін жинап, жиын-терімді қамбалап, бар мен жоғын түгендейтін уақыт. Президенттің Парламенттің кезекті сессиясын ашатын, Үкіметпен келелі кеңес өткізіп, заң шығарушы және атқарушы органдарға кезең талабына сай салмақты тапсырмалар беретін кезі. Бұл жолы да кеңейтілген отырыстың сәті қыркүйектің басына түсті. Жауапты міндеттердің салмағын көтеру кезегі Бақытжан Сағынтаевқа келді. Қазақстан сияқты халқының саны аз, жері көп, шаруашылығы аралық кезеңнен өтіп болмаған мемлекетте атқарушы орган басшысының атқарар рөлі өте маңызды. Себебі Елбасы елдің ішкі және сыртқы саясатына, мемлекеттің жалпы бағыт-бағдарында шешуші қазық болса, ұлттық экономиканың дамуы мен халық шаруашылығының жолға қойылуына, оның күнделікті тіршілік-тынысына Премьер-министр жауапты. Экономиканың әр түрлі салаларына қаншалықты инвестиция тартылады, өндірістің қай түрі жолға қойылып, экспорттан түсетін пайда қаншалықты болмақ, халықтың тұрмысы қашан түзеліп, дамыған елдермен терезесі қашан теңеседі деген мәселелер Астанадағы Үкімет үйінде күн сайын қабылданып жатқан мың-сан шешімдерге тікелей байланысты. Сондықтан әр Премьер-министрдің алдына қойылар міндеттемелердің басында ұлттық экономиканы түрлендіру, шаруа жағдайын оңдау, кәсіпкерлікті дамыту мен отандық өндірісті жолға қою мәселелері тұрады. Бұған дейін тоғыз премьер-министрдің бұл мәселелердің қаншалықты сәтті шешімдерін тапқаны даулы, себебі Елбасы тарапынан берілетін тапсырмалардың ішінде жылма-жыл қайталанатындары баршылық. Кәрім Мәсімов соңғы екі жылда екі дүркін Премьер-министр болды. Бұған дейін 2007-2012 жылдары Үкімет басқарған еңбегін ескерсек, соңғы сегіз-тоғыз жылда Мәсімов елдегі экономикалық, әлеуметтік, шаруашылық мәселелердің ауыртпашылығын өз мойнымен көтереді. Енді премьер-министр қызметін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының лауазымына ауыстырған Кәрім Мәсімов басқа салаға бет бұрды, десе де, билік дәліздеріндегі өз ықпалынан айрылған жоқ. Кәрім Мәсімов үкімет басшылығындағы өзінің қызмет жолын «Instagram» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында былай деп қорытындылапты: премьерліктің 2975 күнінде 392 Үкімет отырысын өткізіп, 80 шетелдік іссапар, 113 рет еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарын жасап, қоғам өкілдерімен 2000-нан астам кездесуге қатысып, 300 мыңнан астам шақырым жол басып, әуеде 503 сағатын өткізген. Сонымен, Президенттің ұсынуымен, Парламенттің мақұлдауымен Бақытжан Сағынтаев оныншы премьер-министр болып тағайындалды. Ал бірінші вице-премьер қызметіне бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы болған Асқар Мамин тағайындалды. Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі қызметінен премьер-министрдің орынбасары қызметіне ауысты. Ал қорғаныс саласына жаңа басшы – бүгінге дейін вице-министр болған Сәкен Жасұзақов тағайындалды. Асқар Мырзахметов Премьер-министрдің орынбасары мен ауылшаруашылығы министрі қызметтерін бұрынғысынша қатар атқара береді. Соңғы бір жылда Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған Дариға Назарбаева Сенат депутаттығына тағайындалды. Сағынтаев Кабинетіндегі ескі де жаңа тағайындаулар: Ерлан Ыдырысов – Сыртқы істер министрі, Қалмұханбет Қасымов – Ішкі істер министрі, Дәурен Абаев – Ақпарат және коммуникациялар министрі, Ерлан Сағадиев – Білім және ғылым министрі, Тамара Дүйсенова – Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, Жеңіс Қасымбек – Инвестициялар және даму министрі, Бақыт Сұлтанов – Қаржы министрі, Арыстанбек Мұхамедиұлы – Мәдениет және спорт министрі, Қуандық Бишимбаев – Ұлттық экономика министрі, Қанат Бозымбаев – Энергетика министрі. Бұған қоса, Қайрат Қожамжаров – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы, ал Марат Бекетаев – Әділет министрі қызметіне тағайындалды. Бұл үкіметтегі тағы бір жаңалық – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жаңадан құрылып, оған Нұрлан Ермекбаев басшылыққа тағайындалды. Жаңа үкімет құрамы жасақталып болды. Президент айтқандай, Министрлер Кабинетінде анау айтарлықтай өзгеріс жоқ. Оның үстіне, бұл үкімет бұған дейінгі Кабинет түйінін тарқата алмаған түйткілдермен – ұлттық экономиканы диверсификациялаумен, өндірісті жолға қоюмен және жерді жекеменшіккке беру мәселелерін шешумен айналысады. Осындай қиын-қыстау кезеңде Бақытжан Сағынтаевтың мойнына ауыр міндеттер жүктеледі. Әрі бұл – оның он сегіз жылдағы ең лауазымы биік, абыройы мен ауыртпашылығы қатар жүретін аса жауапты қызметі. Ендеше, Сағынтаевтың экономист маман ретінде, шаруашылық менеджері ретінде, кәсіпқой саясаткер ретінде өзін көрсетер тұсы да осы. Бақытжан Сағынтаев қазір 53-те. Қазақша айтқанда, ердің жасына шықты, енді нағыз ерлерше іс тындырып, елдің қамы үшін толарсақпен су кешер шағы. Ол жоғары оқу орнында экономика мамандығы бойынша білім алған әрі экономика ғылымдарының кандидаты. Қызмет жолын ұстаздықпен бастаған. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кәсіпкерлікпен айналысқан тәжірибесі бар. Сағынтаевтың атқарушы билік құрамындағы қызметі 1998 жылы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымынан басталады. Одан кейін үкімет құрамында түрлі жауапты қызметтер атқарған, оның ішінде Павлодар облысының әкімі, Экономикалық даму және сауда министрі, Премьер-министрдің бірінші орынбасарлығымен қатар атқарған өңірлік даму министрі қызметі және «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары қызметтерін ерекше атап өтуге тұрарлық. Мысалы, Павлодар облысы әкімінің қызметінен кеткеніне төрт жыл өткеніне қарамастан, оның еңбегі әлі ел аузында. Жергілікті халық Сағынтаевты ырзашылықпен еске алады. Ал «Нұр Отан» партиясын басқарған тұста Сағынтаев партия жұмысына бірқатар оң өзгерістер әкеліп, тың серпін берді. Соңғы екі жарым жылда Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған Б.Сағынтаевқа елдің жай-ахуалы тайға таңба басқандай анық. Бұрынғы қызмет аясында Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асу барысын өзі қадағалап келді, бірақ бұл салаларда әлі талай жоспар жүзеге асырылуы керек. Қазіргі таңдағы әлемдік экономикадағы дағдарыс Қазақстанға едә­уір салқынын тигізіп отыр. Әлемнің көптеген елдерінде даму қарқыны тежеліп, өсім азайды. Қазақстанның ЖІӨ жыл басынан бері 0,3 пайыз ғана өскен. Бұл азғана өсім құрылыс, көлік және ауылшаруашылық, өңдеу өнеркәсібі мен қызмет салаларындағы өнімділіктің артуына байланысты. Қазіргі болжам бойынша, жыл соңына дейінгі өсім 0,5 пайызға жетуі ықтимал. Осының бәрін ескеріп, Үкімет жақын арада 2017-2019 жылдарға арналған үшжылдық бюджет жобасын жасап, Парламент талқылауына ұсынуы тиіс. Шұғыл атқарылар шаруалар қатарындағы ең алдыңғы кезектегілерін санамаласақ, оның бірі – ауылшаруашылық кешенін дамыту. Ең әуелі, елді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі назарда болмақ. Екінші маңызды мәселе – жермен қамтамасыз ету. Алдағы бес жылда қосымша 600 мың гектар жерді суландырып, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Президенттің жақында Қытайға жасаған жұмыс сапарының барысында көрші елге бидай, ет және құс өнімдері мен өсімдік майын экспорттау жөнінде келісімдер жасалды. Елбасының айтуынша, бұл келісім ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына айтарлықтай серпін беруі тиіс. Президент ауылшаруашылық кешеніне қосымша 97 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Қазіргі үкімет айналысатын аса маңызды мәселенің бірі – «Жұмыспен қамтамасыз ету жол картасы – 2020» бағдарламасын одан әрі жалғастыру. Осы бағдарлама аясында бүгінге дейін 20 мыңдай адам қоныс аударып, маман жетіспейтін аудандарға жіберілген. Қазақстанның халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарындағы жастарды адам саны аз солтүстік облыстарға білім алуға аттандырудың стратегиялық маңызы өте зор. Бұл – ел ішіндегі көші-қонды реттеп, әлеуметтік және демографиялық мәселелердің оң шешімін табуға және экономикалық өсімге сеп болатын бағдарлама. Сондықтан Елбасы оны «аса маңызды идеологиялық және экономикалық іс» деп атап көрсетті. Сағынтаев үкіметіне бұрынғы Кабинеттерден «мұраға қалған» қордалы мәселе – Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру жүктеледі. Жаңа бюджет аясында бұл бағдарламаға тағы 112 миллиард теңге бөлінетін болды. Биыл индустриалды бағдарламаның екінші бесжылдығы басталды. Бірінші бесжылдық аяқталып, миллиардтаған теңге жұмсалғанымен, ұлттық экономиканы диверсификациялау ісі бөлінген инвестициялар мен игерілген қаржы жайындағы көрсеткіштермен шектелген. Индустриаландыру деңгейі ел шаруашылығында өндірілген тауарлар мен сыртқа шығарылған экспорт көлемінен-ақ көрінер еді. Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экспортқа шикізаттық емес өнімдер шығаратын зауыттарды көбірек салу керектігін баса айтты. Осы орайда, Қытай Республикасымен келісім аясында жүзеге асатын «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасы аясындағы 51 бірлескен кәсіпорын ашылуы тиіс. Жаңа үкімет қадағалауында болар тағы бір өзекті мәселе – халықтың тұрмыс жағдайын қамтамасыз ету, тұрғын үй салу үшін жер телімдерін бөлу, ипотекалық несиелердің пайыздық мөлшерлемесін азайту болмақ. Премьерлік қызметіндегі Сағынтаевтың алғашқы қадамдарының бірі – «Нұрлы Жер» бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын жасауды қолға алғаны. Бұған қоса, жыл соңына дейін шенеуніктердің шетелдік іссапарлар санын күрт азайтып, өңірлік жұмыс сапарларының өзін алдын-ала келісу талабы – жаңа премьер-министрдің жаңалығы. Бұған дейін Сағынтаевтың іскерлік әрі ұйымдастырушылық қабілетін танытқан іс – Жер реформасы жөнінде құрылған комиссия төрағасы қызметінде атқарған жұмысы болатын. Жерді жекеменшікке беру мәселесі – халықтың бүгінгі тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, ертеңгі ұрпағының егеменді елде өмір сүру мәселесі. Сағынтаев басқарған комиссия жарты жыл ішінде көптеген мәселелерді талқылап, алдағы Парламент сессиясына ұсынылар заң жобасының өзегін дайындады. Ең бастысы, осы комиссия төрағасы ретінде ол барлық тараптарға сөз беріп, әрбір пікірді мұқият тыңдады. Енді Үкімет басшысы ретінде жер реформасын қабылдау мен оны орындау ісін өзі қадағалайды. Бақытжан Сағынтаев премьерліктің божысын өз қолына алғанға дейін бұрынғы Үкімет құрамында экономикалық даму және аймақтық саясат, қоршаған ортаны қорғау, табиғи қорларды пайдалану, құрылысты дамыту мен тұрғын үй коммуналды кешенін жаңарту мәселелеріне жауап берді. Яғни, жоғарыда айтылған мәселелердің ешқайсысы оған таңсық емес. Енді оның жұмыс аясы одан әрі кеңейіп, жауапкершілік салмағы ауырлап, Министрлер Кабинетінің тиімді жұмыс істеу стилін өзі қалыптастыруға мүмкіндік алды. Атқарушы билік сатыларындағы он сегіз жылдық қызметтік өмірбаянында бұл – Сағынтаевқа артылған зор сенім әрі ауыр салмақ. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ, қазіргі әлемдік экономиканың алмағайып кезеңінде мойынға түскен премьерліктің бар салмағы Сағынтаевтың өзіне ғана біленер.  

Гүлбиғаш ОМАР