Бүгін «Қазақ» газетінің жарыққа шыққан күні
Бүгін, 2 ақпан ұлттық идеяның шырақшысы, азаттық рухы - «Қазақ» газетің жарыққа шыққан күні. Газет 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. № 1 номері 1913 жылы 2 ақпанда шыққан.
1913 жыл 5 қаңтар күні Орал облысы Әскери Губернаторы ІІМ Баспасөз ісі жөніндегі бас басқарманың апталық «Қазақ» газетін шығаруға рұқсат берген бұйрығы Губернатор Генерал-лейтенант Сухомлиновтың қол қоюымен рұқсат қаулысы шығады. «Бас Басқарманың 1905 жылдың 9 желтоқсанындағы №14508 өкімхатты (циркулярный) қаулысына сәйкес...
Торғай облысы Қызылшеңгіл болысы 8-і ауыл қазағы Мұстафа Ахметұлы Оразаевқа, Торғай уезі Түсіп болысы 5-і ауыл қазағы Ахмет Байтұрсыновтың толық жауапкершілігімен және редакторлығымен Орынборда апталық «Қазақ» газетін қырғыз (қазақ) тілінде шығаруға рұқсат берілгенін хабардар етемін» ... Губернатор Сухомлинов. Осы Қаулыға сәйкес, патшалық үкімет «Қазақ» газетін 14 бағдарлама бойынша шығып тұруға рұқсат берді.
«Қазақ» газетін мынадай бағдарламамен шығарып тұруға рұқсат берілді:
1. Үкіметтің бұйрық-жарлықтары
2. Мемлекеттік Дума мен Мемлекеттік кеңес жұмысы
3. Ішкі және сыртқы хабарлар
4. Қазақтың тарихы мен тұрмыс жайы
5. Этика, тарих, этнография және мәдениет мәселелері
6. Экономика, сауда, кәсіп, ауыл шаруашылығы, мал шарушалығы
7. Халық ағарту, мектеп, медресе, тіл және әдебиет мәселелері
8. Тазалық, денсаулық және мал дәрігерлерлігі жайы
9. Фельетондар
10. Корреспонденциялар мен жедел хаттар
11. Жергілікті хроника
12. Суреттер
13. Почталар (хаттар)
14. Құлақтандырулар Газетті
Орынбор қаласында Каримов, Хусаиновтар серіктестігінің баспаханасында басылатын болды. Газет бағасы былайша бекітілді: бір жылға жазылу - 3 рубль, жарты жылға – 1 рубль 75 тиын, 3 айға - 1 рубль, жекелеген нөмір бағасы - 5 тиын. Қазіргі теңгемен есептегенде 1913 жылы «Қазақ» газетін жазылу шамамен (2016 жылғы есеппен): 1 жылға - 10584 теңге; 6 айға - 6174 теңге; 3 айға – 3528 теңге; Газеттің жекелеген бір саны – 176 теңге болған.
«Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Киргизская степная газета», «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы, «Серке» газеті... Жалпыұлттық сипат пен сұранысқа ие болған «Қазақ» газеті жарыққа шыққанға дейін аталған басылымдардың барлығы бірде үкімет қысымымен, бірде қаржы тапшылығынан жабылып жатты. 1905 жылғы «Қарқаралы петициясында» қойған талаптардың бірі (петицияның 3 тарауы) - «қазақ тілінде газеттер басып шығару қажеттігі» болатын. Алаш азаматтарының мақсаты орындалып, 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің 265 нөмірі жарыққа шықты. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Қазақ» газетінің таралымы алғашында 3000 дана болса, кейіннен ол 8000 данаға жеткен. 1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шыққан. Бастырушысы – «Азамат» серіктігі. Газетке қаржылай көмектескендердің көшбасында Мұстафа Оразайұлы бар. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. Газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Бұл – қазақ ұлты деген ұғымды берді. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды.
Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, „Қазақ“ газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды. «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі М.Дулатұлы болды. 1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды.
Басылымда А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы т.б. авторлардың мақалалары жарияланып тұрды. XX ғасыр басында аталған газет оқығандардың, діндарлардың, шәкірттердің, қарапайым сауаты бар адамдардың, тұтастай жалпы ұлттың ықыласпен оқитын басылымына айналды.
Бұдан кейін пайда болған барша елшіл газет-журналдар осы «Қазақтың» шекпенінен шықты. Ұлт баспасөзінің жаңа қадамына күллі қазақ баласы қуанды. Мәселен, Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қазақ» газетінің шығуына байланысты «Қазақ» құтты болсын!» деген өлеңі басылды. Дүниеге келді бізден бір талапты ұл, Ержетсе бар қазақтың басшысы бұл. Бөгеттен ауру-сырқау аман сақтап, А, құдай! Құтты, өмірлі, бақытты қыл. Үмітті Орынбордан бала туды, Қолына жарық сәуле ала туды. Мақсаты: қараңғыда жүрген халқын, Ойлайды тура жолға қаратуды. Күтіп ем туа ма деп көзім сүзіп, Бұл кезде кетіп едім күдер үзіп.
Хабарын «Уақыттан» білгеннен соң, Тірілді өлген үміт қаным қызып, Көп қайғы болды бүгін ұмытылғандай, Бейнеттен бір зор ауыр құтылғандай, Жақындап жан шығарға шөлдегенде Құмартқан сусын бейне жұтылғандай. Қайғысыз жас жігіттей бола қалдым, Бір тамшы қарлығаштың суындай ғып, Алуға жылдық «Қазақ» ақша салдым. Табармын шамам келсе тағы жолдас, Қам қылмай, қартайдым деп жатып болмас. Үмітті жаңа туған жас баланы, Ағайын қырғыз-қазақ, түгел қолдас! Ойлама газет бізге не керек деп, Газетсіз ел жаны жоқ өлгенге есеп! Көл болар көп түкірсе деген қані Кетпей ме бір тоқтыны қасқыр да жеп?..