Елордада медицина қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцина алды

Елордада 145 медицина қызметкері коронавиурстық инфекцияға қарсы вакциналанды.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бірінші кезеңде екпе алушылардың алғашқылары болып қалалық ауруханалардың, қаланың жұқпалы аурулар орталығының медициналық қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері егілді.

«Вакцинациядан кейін ешбір жерім мазалаған жоқ, бастың айналуы немесе жүрек айнуы байқалған жоқ. Мен өзімді өте жақсы сезініп тұрмын. Екпе салдыртуды шешкен себебім, өйткені мен пациенттермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеймін, түрлі шақыртуларға шығамын», – деді фельдшер Ерсұлтан Үсенұлы.

Қайнар Фархадұлы, Қалалық №9 емхананың сүзгі-кабинетінің дәрігері күніне 250-ге дейін адам жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен суық тию белгілерімен келетінін және оларды қабылдайтынын айтты.

«Бірақ тест жүргізілгенге дейін, кейбіреулерінде коронавирустық инфекция жоқ деп нақты айту мүмкін емес. Вакцинация, ең алдымен, мені ауырып қалудан қорғайды. Қазір вакцинациядан кейін өзімді жақсы сезінемін», – дейді дәрігер.

Жалпы, елордада 6300 медициналық қызметкер КВИ инфекциясына қарсы вакцинациядан өтеді. Тізімдер мамандардың ерікті келісімі бойынша жасалғанын атап өтеміз.

Back to top button