Көкшетау тұрғынының 40 млн теңге салынған сейфі ұрланды

Көкшетау қаласы тұрғынының 40 миллион теңгесі бар сейфін ұрлаған қылмыстық топ ұсталды.

Полиция департаменті хабарлағандай, биылғы жылғы 22 қаңтарда көкшетаулық тұрғын полицияға арызданған. Оның пәтеріне белгісіз біреулер кілтті таңдау арқылы кіріп, 40 миллион теңге салынған сейфін алып кеткен.

«Жедел іс-шаралар барысында бұрын сотталғандар арасында күдікті адамдар анықталды. 31 қаңтарда күдіктілер ұсталды. Үш адамнан тұратын қылмыстық топта бұрын сотталған Көкшетау қаласының екі адам, сондай-ақ, көрші облыстың бір тұрғыны бар. Күдіктілерден заттай айғақтар ретінде 10 миллион теңге сомасында ақша алынды. Ұрланған ақшаның қалған сомасын анықтау бойынша одан әрі жедел тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Сонымен бірге, күдіктілердің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деді ведомстводан.

Қазіргі кезде осы қылмысқа байланысты Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлігі «ұрлық» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Back to top button