«Тек қазақ тілінде жазу керек!». Мәжіліс депутаты 30 жылда шешімін таппаған мәселе туралы айтты

Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали «мемлекеттік мекемелердің, елді-мекендер мен көше аттарын тек қазақ тілінде жазу керек» дейді. Оның айтуынша, тілге қатысты олқылықтардың әлі де түзелмей келе жатқанының бірнеше себебі бар. Ең бастысы – тілге деген немқұрайлылық.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлағалы жатсақ та, әлі де көшедегі ана тілімізді қорлап, қате жазылған ақпараттан құтыла алмай келеміз. Теледидар мен газеттерде айтыла-айтыла ақжем, жаза-жаза жауыр болса да, баяғы жартас – сол жартас. Тіпті үйреніп те кеттік, кейде күлеміз. Шарасыздықтан күлетін шығармыз… Депутат болып келгесін, бірінші кезекте осы мәселені қолға алып жатырмыз. Бұрынғы әріптестерім бастаған жұмысты жалғастыру және осы мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын басқару өзіме бұйырды» дейді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша көшедегі қателердің әлі де түзелмей келе жатқанының бірнеше себебі бар.

«Біріншіден, мұндағы басты кемшілік – ана тілімізге немқұрайлы қарау, еш жауапкершіліксіз аудару, тілімізге жанның ашымауы. Екіншіден, көрген қатені жөндетуге аймақтық Тілдерді дамыту басқармаларының құзіреті жоқ. Тек қана жарнама, көрнекі ақпарат емес, дәрі-дәрмек анықтамасының, сол сияқты әр саладаға көптеген анықтамалардың дұрыс аударылмауы да – қазіргі қоғамның «бас ауруы». Ал бұл дегеніміз тілдің ғана емес, адамның өліміне де әкеп соғуы ықтимал.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл» екенін баса айтты. Құдайға шүкір, қазақ тілін меңгерген отандастарымыздың саны артып келеді! Сондықтан да мемлекеттік мекемелердің, елді-мекендер мен көше аттарын тек қазақ тілінде жазатын уақыт келді» деп жазды Б.Әбдіғали.

Back to top button