Ұлтының ұмытылмас тұлғасы
Ұлтының ұмытылмас тұлғасы
Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде орналасқан Е.Шәймерденов атындағы аудиторияда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-публицист Сапар Байжановтың туғанына 90 жыл толуына орай «Ұлтының ұмытылмас тұлғасы – Сапар Байжановтың шығармашылығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясы өтті.
Іс-шараға журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Сұлтанбаева Гүлмира және Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағы, шетелдік ғалымдар, Республикалық БАҚ басшылары мен танымал журналистер, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен профессор-оқытушылар қатысты.
Конференцияда ғалым еңбектерінің арнайы көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, Журналистика және саясаттану факультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ғалия Ақсейіттің «Сапар Байжанов публицистикасының ерекшеліктері» тақырыбындағы баяндасымен бастау алды. Сонымен қатар, Zoom платформасы арқылы журналистер мен өзге университет оқытушыларымен онлайн байланысқа шығып пікірлерін ортаға салды. Кафедра меңгерушісі Гүлмира Серікбайқызы: «Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінде елеулі оқиға. Қазақтың танымал жазушысы, журналист, публицист Сапар Байжановтың 90 жылдығына арналған конференция ашылуда. Біз бұл конференцияны осыдан бес жыл бұрын жазушының 85 жылдығына орай атап өткен болатынбыз. Бүгін Сапар Байжановтың журналистік еңбектері мен көркем шығармаларына арналған көрме ұйымдастырылды. Жазушының қаламынан шыққан көптеген дүниелер, соның ішінде публицистік шығармалары, ең алғаш жарық көрген кітаптарының бірі «Үш қиян-үш даңғыл» еңбегі, шетелдегі іссапарлары кезінде жазған, очерктерден тұратын «Ер еңселі ел» атты кітаптары көрмеге қойылды. Біз жазушының артында қалған үлкен мұраларын дәл бүгін журналистика факультетінің студенттеріне материалдар ретінде ұсынып, еңбектерінен ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастырамыз. Оның өнегесін, туындыларын осы күнгі өмірге лайықтап, жаңа көзқараспен зерттеп, рухани мұраларын сақтауға әрқашан қолдау көрсетіп отырамыз",-деп бүгінгі конференцияның тағылымды тұстарын атап өтті.