«Ақ желкен» журналына жаңа бас редактор тағайындалды
«Ақ желкен» журналына жаңа бас редактор тағайындалды
Белгілі жазушы, журналист Есей Жеңісұлы «Ақ желкен» журналының бас редакторы болып тағайындалды.
Есей Жеңісұлы 1978 жылы 9 қаңтарда Алматы облысы, Кеген ауданы, Кеген ауылында туған.
1994 жылы – Кіші Жалаңаш ауылындағы Ақай Нүсіпбеков атындағы орта мектепті, 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді.
1998-2004 жылдар аралығында – республикалық «Жас Алаш» газетінде тілші; 2004-2008 жылдары – «Жас қазақ» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары; 2008 жылы – «Қазақстан» ұлттық арнасы спорт хабарлары бөлімінің жетекшісі; 2008-2012 жылдары – республикалық «Ұлан» газетінің бас редакторы; 2012 жылы – Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, 2013 жылы – «QazSport» телеарнасының директоры; 2013 жылы – «Дала мен қала» газетінің аға тілшісі; 2014-2017 жылдары «Айқын» газетінің шығарушы редакторы болып істеді. 2017 -2020 жылдары Ұлттық аударма бюросында редактор болды.
Өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда 1988 жылдан жариялана бастады. 2009 жылы – «Бір жарық» (жыр жинағы), 2012 жылы – «Сендер бәрің жақсысыңдар, адамдар» (публицистика), 2015 жылы – «Мынау ғазиз дүние» (балаларға арналған әңгімелер), 2017 жылы «Шуақ» (өлеңдер мен әңгімелер) атты кітаптары жарық көрді.
2007 жылдан – Қазақстан Журналистер одағының, 2014 жылдан – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, бірнеше республикалық жыр мүшәйрасының, «Дарабоз» балаларға арналған шығармалар бәйгесінің жүлдегері.
Отбасылы, төрт баласы бар.