Зейнет жасын төмендету: Кейбір азаматтар үшін жеңілдік қарастырылуы мүмкін

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедек балалары бар ата-аналар үшін зейнет жасын төмендету мүмкіндігін қарастырады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Мәжілісте азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заң жобасы таныстырылды. Сұрақ-жауап барысында «Бақытты шаңырақ» қорының басшысы Ботагөз Сұлтанова мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін ата-аналар үшін зейнетке шығу жасы төмендетіле ме деп сұрады.

Еңбек министрі Серік Шәпкенов Қазақстан 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкенін еске салды.

«Бізде мүгедек балаға күтім жасаған жылдар еңбек өтіліне есептеледі және үш зейнетақының жиынтық мөлшері еңбек өтіліне байланысты. Жинағыңыз болмаса, зейнетақы өте аз шығады. Жалпы біз зейнетақы жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірлейміз, соның аясында сіздің ұсыныстарыңызды қарастырып, зерделеуге болады», – деді министр.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Александр Милютин ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынған болатын.

Мәжілісмен қазіргі зейнетақы жүйесі түбегейлі өзгертуді қажет етеді деп санайды. Сондай-ақ, оның пікірінше, ең төменгі базалық зейнетақы жыл сайынғы түзетумен орташа жалақыға тең болуы тиіс.

 

Back to top button