Вакцинация: Денсаулық сақтау вице-министрі екпеден кейінгі жағдайы туралы айтты

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов вакцина салдырды және екпеден кейінгі хал-жағдайы туралы айтты.

«Ешқандай қолайсыздық сезіп тұрған жоқпын. Ең алдымен вакцина алатын адамды дәрігер тексереді, анамнез алынады. Дене қызуы, қан қысымы, жұтқыншақ тексеріледі. Содан кейін дәрігер ол адамға вакцина салуға рұқсат береді. Пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Егер ол барлық процедуралармен келіссе, 21 күннен кейін вакцинаның екінші кезеңіне де келуі керек», – деді Ерлан Қиясов №6 қалалық емханада тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, барлық кезеңде емдеу мекемелеріне жауапкершілік жүктеледі.

«Барлық жауапкершілік ортақ болады. Әрине, Денсаулық сақтау министрлігі әр жағдайды дербес қарастырады. Әрбір өңірлік денсаулық сақтау басқармасының жанынан тексеру комиссиялары құрылады», – деп түсіндірді бас санитар дәрігер.

Back to top button