Жаңалықтар

Асқар Мамин жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

ашық дереккөзі

Асқар Мамин жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі. Өңір әкімі Серікбай Трұмов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов, мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов,  Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады. Жаңаөзен қаласында қуаттылығы 1 млрд текше метрге дейін болатын жаңа газ өңдеу зауытын салу, өңірдің қолданыстағы магистралдық және таратушы газ желілерін реконструкциялау мәселелері талқыланды. Маңғыстау облысы Қазақстанның перспективалы туристік аймақтарының ТОП-10 құрамына кіреді. 2020 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 71,8 млрд теңгеге жетті. Биыл Маңғыстау облысының туристік инфрақұрылымын дамытуға 400 млрд теңгеден астам инвестиция тарту көзделген. «Жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін дамудың жаңа жобаларына инвестициялар тарту көлемін ұлғайту қажет», — деді А. Мамин. Жұмыс сапары аясында А. Мамин Ақтау қаласының курорттық аймағын дамыту жобаларының (Fairmont, Double Tree by Hilton, Aqualina Resort брендтерімен қонақ үйлер, тақырыптық ойын-сауық паркі) іске асырылуын тексеріп, жоспарланған инфрақұрылым құрылысының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.